spot_img
Сенбі, Мамыр 18, 2024
14.7 C
Kokshetau

Эпидемиологиялық жағдай көкөніс пен жеміс-жидек бағасына әсер етті ме?

Сондай-ақ...оқыңыз

Коронавирус инфекциясына байланысты барлық салада біршама өзгерістер байқалды. «Aqmola News» тілшісі облыстағы көкөніс және жеміс-жидектер бағасына карантиннің қалай әсер еткенін зерттеп көрген еді.

 Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Қазіргі уақытта орташа есеппен алғанда картоп 160-190 теңгеден, қияр 420-550 теңгеден, қызанақ – 350-550 теңгеден,  банан – 500-550 теңгеден, алма -650-700 теңгеден  саудалануда. Жемістер арасынан алма бағасы ең қымбат болып тұр.

Тиісті органдардың басшылықтарының мәліметтері бойынша өңірдегі жеміс-жидек бағасы тұрақты.

Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспановтың айтуынша, облыста көкөніс бағасын тұрақтандыруға барынша назар аударылған.

      Біз жергілікті атқарушы органдармен бірге базарлар мен сауда нүктелеріндегі халыққа алғашқы қажетті азық-түлік өнімдеріне, жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасын бақылауға алдық. Қазір өңірдегі көкөніс және жеміс нарығындағы жағдай тұрақты. Тұрғындардың сұранысы толықтай қанағаттандырылып отыр. Төтенше жағдай кезінде бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылады. Онда азық-түлік өнімдері және жеміс-жидек пен көкөністер 10-20 пайызға төмен бағада сатылады. Сондай-ақ, тұрақтандыру қоры арқылы осы жылдың наурыз айында 10 тонна картоп 80 теңгеден сатылды, – деді Ербол Оспанов.

Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы да өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері облысты түгелдей көкөніс және картоп өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы дейді.

      Биыл облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 17 мың гектар алқапқа картоп егілді.   Өңірде 63 мың тонна көкөніс сақтауға қабілетті 56 картоп қоймасы бар. Тіпті заманауи көкөніс сақтау қоймалары да салынған. Әсіресе, жылыжай кешендеріне назар аударылып жатыр. Былтыр Степногорск қаласындағы «Қазақстанның жылыжай технологиялары» жылыжай кешені кеңейтіліп, 54,2 миллион теңге сомасына бюджеттен субсидия бөлінді. Аталған жылыжай кешені жылына 3 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бұдан бөлек жалпы көлемі 11 гектарды құрайтын 4 жылыжай кешендері бар. Мұнда да 3-4 мың тонна қызанақ, қияр сияқты көкөністер өндіріледі. Жалпы, өңірде өз өнімдеріміз бен Оңтүстік облыстардан келетін өнімдер саудалануда, – дейді Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.

Облыста жақын арада тағы бірнеше жылыжай кешендері жұмысын бастамақ. Бұл өңірдің жақын арада өз-өзін дәруменге бай көкөніс өнімдерімен қамтитынын айғақтай түседі.

 

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Есімдері аңызға айналған атақты дәрігерлер Көкшетауда шеберлік сыныптарын өткізді

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында өңірге «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img