spot_img
Жексенбі, Мамыр 19, 2024
10.2 C
Kokshetau

Күндіз де барлаудан «тіл» әкелген Анатолий Комяков

Сондай-ақ...оқыңыз

Отты жылдардың жаңғырын көзбен көрген соғыс ардагерлерінің қатары жыл озған сайын азайып, мүлдем сиреп қалды.  Бүгінде облысымызда сол сұрапыл соғыстың небары 5 куәгері ғана қалса, сол көзі тірі санаулы майдангердің бірі – Жақсы ауданының Құрметті азаматы, тоқсанның тоғызына аяқ басқан Анатолий Васильевич Комяков.

Ел басына күн туғанда Отанды қорғау – қасиетті парыз. Сол сұрапыл соғыс біреудің тәтті балалығын, енді біреудің жастық шағын, ал, біреулердің ең асыл арманын ұрлағаны мәлім. Міне, сол кезде Отан үшін от кешкен азаматтардың бірі – Анатолий Комяков.

Ол 1925 жылы Ресейдің Кострома облысының Сусанинский ауданына қарасты Антушки ауылында туған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда небәрі 15 жастағы жеткіншек еді. Көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келген соң, бала жасынан қара жұмысқа араласқан екен. Әрі сол соғыс жылдарындағы ауылдың ахуалы да жасөспірімді ерте есейтпей қоймаған. Тылда қалған қарттар мен әйелдерге көмектесіп, солар қатарлы қай жерде еңбек қолы жетпесе, сонда барып, майданға аттанған колхоз жұмысшыларын алмастырған. Қолына балға ұстап, ұстаханада ұсталық еткен.

1943 жылдың қаңтарында, майдан даласындағы ұрыстардың шарпыған шағында өз еркімен соғысқа аттаныпты. Сол жылдың тамызында Донецк облысының Изюм қаласының маңындағы Солтүстік Донецк өзенінің тұсында алғаш рет жаумен бетпе-бет ұрысқа кірген. Соғыстың талайлы тағдырын бастан кешемін-ау деп ойламаған жас жауынгер неміс фашистеріне қарсы ұйымдастырылған Изюм-Барвенковский шабуыл операциясына қатысып, Украинаны жаудан азат еткен, сонда ауыр жарақат алыпты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жақсы ауданына іссапармен барып, ардагермен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Сонда ол: «Соғыс даласына барып, жаумен бетпе-бет келгенде мен тек 18 жаста ғана едім. Алғашқы ұрыста ауыр жараландым. Госпитальдан емделіп шыққан соң, қайта қатарға қосылдым. Соғыс аяқталғанша барлаушы болдым. «Тіл» әкелу тапсырмаларының бірін күндіз орындаған кезім болды. Днестрді кешіп өту қиын еді. Біз «тіл» алуға тиіс нысанды немістер түнде  өте қырағы бақылауда ұстайтын. Тіпті, жарықтың өзі үзбей сол жерге түсірілетін. Ал, күндіз ол жерге біздің кіретініміз жөнінде ойламайтын да. Әйтеуір, сол «тілді» күндіз қолға түсірдік. Қажетті ақпараттың барлығын алдық. Осы бұйрықты орындау барысында да ауыр жараланып, әйтеуір, аман  қалдым», –  деп сол бір отты күндерді есіне алған болатын. Бұдан кейін де ол жауапты жауынгерлік тапсырмаларды орындап, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталыпты. Кейін Австрия, Венгрия үшін болған шайқастарда да ержүректілік танытқан. Полк барлаушысы Анатолий Комяков ұрыс даласында төрт рет жараланып, әр сауығып шыққан сайын қайта әскер қатарына оралып, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқаруға тырысқан. Жеңіс күнін сондай жарақаттардың бірімен Румынияда лазаретте емделіп жатқан кезінде қарсы алыпты.

Еліне 1945 жылы қарашада сержант шенінде оралған ол темір ұстасы болып жұмысын жалғастырған екен. 1962 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Ақмола облысының бұрынғы Қима ауданының Ишимка ауылына тұрақтапты. Кейін тіршіліктің қамымен қазіргі Жақсы ауданының Қайрақты ауылына көшкен. 33 жыл бойы ұстаханада ұста болған майдангерге 2016 жылы Жақсы ауданының орталығынан пәтер беріліп, қазір онда қызы Алевтинамен бірге тұрып, бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешуде. 6 немересінен өсіп-өнген шөбере-шөпшектері аталарының ерлігін өзгелерге үлгі-өнеге етіп, мақтан тұтады.

Жоғарыда атап өткен әңгіме барысында ардагерге «өзіңіздің туған жеріңізді аңсап, солай қарай барғыңыз келмей ме?» деген сауал қойыппыз. Сонда ол: «Балаларым Ресейде тұрады. Мені де өздеріне алғылары келген. Бірақ, 1962 жылы осында қоныс аударғаннан бері бар саналы ғұмырым Қайрақтыда өтті. Енді ақтық сапарға да осы жерден аттансам арман жоқ» деп жауап берген.

Екінші дүниежүзілік соғысқа жанқиярлықпен қатысқаны үшін «Ерлігі үшін», «Одессаны азат еткені үшін» жауынгерлік медальдарымен де марапатталып, сын сағаттардан сүрінбей өткен, осы күні сол бейнетінің зейнетін көріп отырған қазыналы қария Анатолий Васильевич бейбіт заманның ұрпақтарына:

–Елімізде аспаннан күн төнбейтін тыныш заман болсын. Халқымыздың бірлігі мен сыйластығы нығайып, судан, оттан, зілзаладан аман болайық. Ұлағатты, білімді, тәрбиелі ұрпақ өссін. Ел аман, жұрт тыныш болсын,– деп игі тілегін жолдайды.

Жеңісті жақындатқан майдангерге  біз де мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Есімдері аңызға айналған атақты дәрігерлер Көкшетауда шеберлік сыныптарын өткізді

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында өңірге «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img