spot_img
Сәрсенбі, Желтоқсан 11, 2024
-6.4 C
Kokshetau

Есімдері аңызға айналған атақты дәрігерлер Көкшетауда шеберлік сыныптарын өткізді

Сондай-ақ...оқыңыз

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында өңірге «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында және тасқын судың зардабын көрген тұрғындарға медициналық консультациялар жүргізуге келген, есімдері аңыздары айналған еліміздің білікті дәрігерлермен кездесіп, шақыруды қабыл алғандары үшін алғысын білдірді.  

Ақмола облысы елімізде су тасқыны кезінде төтенше жағдай жарияланған қауіпті аймақтардың қатарында болды. Қызыл су басқан аудан-қала аумақтарында тұратын азаматтар материалдық шығындарын қоспағанда, психологиялық тұрғыдан дағдарысқа ұшырағандары айтпаса да белгілі, яғни денсаулықтарына, жүйке жүйесіне де нұқсан келгені аян. Осыған орай, өңір басшысының қолдауымен облыс орталығында ұйымдастырылған ауқымды халықаралық конференция аясында ел тұрғындарына медицина саласының айтулы, білікті дәрігерлері консультациялар өткізіп, ота жасап, облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлерімен шеберлік сыныптарын өткізді.

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов облыстық көпбейінді аурухананың мәжіліс залында өткен кездесуде су тасқынан зардап шеккен азаматтарға медициналық консультациялар өткізіп, дәрігерлік кеңестерін беруге келіскен Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академияның академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек ері, Қазақстан Республикасының бас нейрохирургі Серік Ақшолақовқа, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық хирург-гепатологтар қауымдастығының мүшесі, екі мәрте «Алтын скальпель» иегері  Серік Тоқпановқа, «Астана»  медицина университетінің онкология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Абай Мәкішевке уақыт бөліп келгендеріне ақ алғысын жеткізіп, шынайы ризашылығын білдірді, халық денсаулығын сақтауда сіңіріп келе жатқан олардың елеулі еңбектеріне тоқталды,

–Бүгін тарихи жағдай орын алып отыр. Біздің еліміздің медицина саласының айтулы, әлемді мойындатқан жетекші дәрігерлері облыстық аурухананың  хирург мамандарына ота жасау бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, ақыл-кеңестерін беруде. Қазақта «арғымақ болам деген тай тұлпардың дүбірін естуі керек» деген аталы сөз бар. Сол тәрізді жас мамандар Сіздерді көріп, ақыл-кеңестеріңізді тыңдаған соң, өз істерінің майталмандары болады деген ойдамын, –дей келе облыстың денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға, материалдық-техникалық базаның жыл сайын нығайтылып келе жатқанына назар аударды. Өз кезегінде атақты дәрігерлер де ұйымдастырушылар мен облыс әкіміне зор алғыстарын айтып, елдегі денсаулық сақтау саласының игі жетістіктеріне тоқталды. Кездесуден соң, Марат Ахметжанов пен іс-шараның қонақтары облыстық көпбейінді аурухананың Жүрек орталығына барып, ангиограф аппараты орналасқан кабинетті көрді. Қондырғы былтыр сатып алынған. Жыл сайын онда 3,5 мыңға жуық азамат тексеріліп, 1,5 мың адамға тегін операция жасалады. Сонымен бірге, олар облыс орталығында салынатын 630 орындық заманауи аурухананың құрылыс макетімен танысты. Жақын болашақта бұл аурухана солтүстік облыстарға қызмет көрсететін ауқымды медициналық орталық болмақшы.

–Ақмола облысының медицина саласында хирургия жақсы дамыған. Біз қай жерде қандай операциялар жасалатынын және жасалғанын біліп отырамыз. Сондықтан, өзіміздің жаңа әдістерімізбен бөліскіміз келді. Бүгін біз диагфраманың өңеш қуысында жарығы (ор.грыжа) бар науқасқа ота жасадық. Асқазан қалыпты іш қуысында болуы керек, ал науқаста асқазанның бөлігі диафрагманың үстінде, жүректің алдында орналасқан екен. Бұл жүректің жұмысына кедергі келтіреді. Жергілікті денсаулық сақтау деңгейінде мұндай операциялар сирек жасалады. Бұл ауруханада бұған дейін осыған ұқсас кішігірім оталар жасалады, –деп өңір хирургтарының жұмысына оң бағасын берді алтын скальпель иегері Серік Тоқпанов.

Еліміздің жетекші медицина ұйымдарымен жасалған Меморандумның арқасында алдағы уақытта да бірқатар кәсіби білігі жоғары мамандар біздің өңірге келіп, тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Бұл өңірдегі денсаулық сақтау саласының даму деңгейіне оң ықпал етіп, тұрғындарға сапалы қызмет алуға жаңа серпін береді деп сенеміз.

***

Бұл күні еліміздің бас нейрохирургі Серік Ақшолақов облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінде 20 шақты науқасқа оларды емдеу және нейрохирургия мәселелері бойынша консультациялар өткізді. Ал, белгілі онколог, ғылым докторы Абай Мәкішев обыр ауруына ұшырағандармен індетті емдеу жолдары, атақты хирург Серік Тоқпанов пен А.Сызғанов атындағы «Ұлттық ғылыми хирургия орталығының» хирургия және бауыр трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург-дәрігер Мақсат Досханов хирургиялық аурулар бойынша өтініш білдіріп келген науқастарға ақыл-кеңестерін берді. Айта кетейік, медициналық консультация алғандардың көбі су тасқынынан зардап шеккен ақмолалықтар.

Сонымен бірге, медицина саласының тәжірибелі, кәсіби деңгейі жоғары мамандарының басын қосқан шарада жетекші қазақстандық хирургтар ақмолалық пациенттерге  операциялар жасады. Төрт танымал хирург науқастарға медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, жергілікті дәрігерлерге хирургиялық араласудың заманауи және инновациялық әдістерін үйретті. Мысалы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Имакұлы жоғарыда атап өткеніміздей, диафрагманың өңеш қуысының грыжасын жою бойынша операция жасаса, А.Сызғанов атындағы «Ұлттық ғылыми хирургия орталығының» бөлім меңгерушісі, жоғары санатты хирург-дәрігер Мақсат Оңалбайұлы бауырдың эхинококкты кистасын жою отасын өткізді. Елордалық онколог дәрігер Абай Мұқышев асқазан ісігіне ота жасап, шеберлік сыныбын өткізді, оған жергілікті мамандар көмектесті. Ал, операцияға қатыспаған ақ халаттылар жұмысты конференц-залда бейнебақылау арқылы бақылады.

–Бұл науқас көптен аурады екен. Бірақ, дертін соңғы уақытта бірақ білген.  Сондықтан, бүгін үлкен операция болды, оны трансляция арқылы бүкіл дәрігерлер көрді. Сұрақтар да көп болды. Бұл қандай жұмыс, оны қалай жасау керек деген сауалдарға жауап бердік. Операция бір жарым сағатқа созылды. Бәрі сәтті өтті, –деді Абай Қайырғожаұлы.

Өңірдің бас дәрігері Нұрлан Ахильбеков еліміздің жетекші хирургтарынан осындай баға жетпес тәжірибе алу біздің дәрігерлер үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

–Бүгінгі операциялар кезінде Ақмола дәрігерлері баға жетпес дағдыларды игеруде, олар хирургиялық араласудың жаңа әдістерін меңгерді. Практикалық тұрғыда тәжірибе алмасу бүгінде аса маңызды. Су тасқыны кезінде кей тұрғындар қажетті медициналық көмек ала алмады. Сондықтан, оларды жоспарлы медициналық көмек алу үшін арнайы порталға қойдық. Бүгінгі күні оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Ауруханаға жатқызылып, кеңестерін алуда, – дейді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

***

                           

«Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Көкшетау қаласының 200 жылдығы мен Астана медициналық университетінің 60 жылдығы аясында қолға алыныпты. «Болашақ» сарайында өткен конференцияның пленарлық мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, алыс-жақын шетелдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақ халаттыларды аймақ басшысы Марат Ахметжановтың атынан айтулы іс-шарамен құттықтап, конференцияның секциялық жұмыстарына сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған іс-шараға Ресей, Гермения, Түркия, Қырғызстан Өзбекстан, Әзербайжан және еліміздің әр аймағынан келген медицина саласының майталмандары қатысты. Салтанатты шарада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ұлықбек Медеубеков, еліміздің бас нейрохирургы Серік Ақшолақов, Қырғызстанның И.Ахунбаев атындағы медициналық академиясының проректоры Ниязбек Маматов, республикалық транслантация орталығының басшысы Жақсылық Досқалиев, Ақмола облысы денсаулық сақтау ардагері Болат Жанәділов сөз сөйлеп, аталмыш конференцияның мән-маңызына, оның жас мамандар үшін тиімділігі мен пайдасы туралы айтты.

Пленарлық мәжілістен соң, арнайы секцияларда конференция жұмысы жалғасты.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Асыл Мұра» жылдың үздік хореографиялық ұжымы атанды

14 желтоқсан күні "Достар" мәдениет сарайындаАқмола облысы мәдениет басқармасы жанындағыоблыстық халық шығармашылығы және мәденидемалыс орталығы ұйымдастырған "Жыл үздігі –...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img