spot_img
Жексенбі, Мамыр 19, 2024
10.2 C
Kokshetau

Әуелі партизан, кейін пулеметші болған бұландылық майдангер

Сондай-ақ...оқыңыз

Күндей күркіреп өткен екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталуын барша халық асыға күткен еді. Сол бақытты күнге қол жеткен мамыр айы ақмолалық майдангер Иосиф Комин үшін ерекше әрі қасиетті ай саналады. Өзі де осы мамыр айында туған.

Қара аспанды тұнжыратып талай шаңырақтың шырқын бұзған екінші дүниежүзілік соғыстан қалған майдангерлер қатары азайып кеткені көңілдерді тұнжыратпай қоймасы анық. 4 жылға созылған соғысты көз көргендердің бірі бұландылық – Иосиф Иванович Комин. Ол 1927 жылы Белоруссия Республикасының Шарковетцинск ауданында Бильдюги селосында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіпті. Қаншама үйдің отын өшіріп, қаншама үйдің адамын жоқ қылған зұлым соғыс оның да отбасын айналып өтпеді. 1943 жылы 5 сыныпты бітіргеннен кейін 16 жасар жеткіншек партизандыққа кетті. Содан араға бір жыл салып, Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, уылжыған жастық шағында жаумен соғысқа аттанған. Вологда қаласындағы жаяу әскер полкінде пулеметші болды, содан кейін Калининград қаласындағы әскери бөлімде жауынгерлік әзірлігін шыңдаған. Алты жыл бойы полигондарда, ұрыс алаңдарында, әскери маневрлерде және саптық шерулерде жүріп, 1951 жылы бір-ақ әскерден оралған.

Жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарып, бұрынғы тыныс-тіршілігіне оралған соң, Иосиф Иванович ғұмырының біраз бөлігін өндірісте өткерген. Калининградтағы вагон жөндеу және Минскідегі автомобиль зауыттарында жұмыс істеген. Қай жерде жұмыс істесе де,  әрқашан өзінің елгезектігі, еңбекқорлығымен ерекшеленіп, басқаларға үлгі болыпты. 1954 жылы наурызда комсомолдық жолдамамен Қазақстанға тың науқанына келеді. Содан бері Ақмола өңірі оның туған жеріндей болып, қасиетті мекенге айналады. Ол Вознесенка ауылындағы машина-трактор шеберханасында токарь, кейін механизатор болады. Техниканы жақсы меңгерген тәжірибелі жанның еңбекқорлығын байқаған аудан басшылығы оны Елтай астық қабылдау пунктіне шебер ретінде жібереді. Кейінірек ол осы кәсіпорынның инженерлік қызметін басқарды. Целиноград механикалық-технологиялық техникумын бітіргеннен кейін Иосиф Иванович 1983 жылға дейін, яғни, зейнет демалысына шыққанша Макинск элеваторында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

Иосиф Иванович көпшіл адам. Жүрген жерінде, әсіресе, жастармен түрлі кездесулер ұйымдастырылғанда, Отан алдындағы борышты өтеудің парызы, туған елдің патриоты болу міндеті,  адамгершілік қасиеттерді бойға сіңірудің маңызы тәрізді әңгімелерді жиі қозғайды.

Өзі  екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Беларуссияны азат еткені үшін» медалі және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Майдангер бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін түсініп, тәуелсіз елімізді дамытуға көбірек үлес қосса, осының мән-маңызын ұғынса дейді.

–Ел үшін еңбек еткеннің, ырыс-берекесі артады. Оқу мен еңбек адамның  екінші аты. Сондықтан, қандай жұмыс болмасын, еңбек етуден қорықпау керек, – дей келе, барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді ардагер.

Бұланды ауданы.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Есімдері аңызға айналған атақты дәрігерлер Көкшетауда шеберлік сыныптарын өткізді

Облыс әкімі Марат Ахметжанов Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында өңірге «Жедел абдоминалды хирургияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img