spot_img
Сәрсенбі, Мамыр 8, 2024
12.3 C
Kokshetau

Алтынай Нұрғали: Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамын…

Сондай-ақ...оқыңыз

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дара саясатының арқасында  мемлекетіміз күннен күнге гүлденіп, дамып жатыр. Экономикалық тұрғыдан да біршама тұрақтылыққа қол жеткізе алдық. «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік»,- деді мемлекет басшысы кезекті жолдауында. Шынымен де, бүгінгі күні еңселі ел болып, күллі әлемге танылап жатқанымыз бірлік пен отансүйгіштігіміздің арқасы. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Әлеуметтік педагогика және жасерекшелік педагогикасы кафедрасының 4 -курс студенті Нұрғали Алтынай өзінің Отанына деген сүйіспеншілігі мен құрметін осы бір мақала арқылы жеткізген екен.

 

Мен ‒ демократиялық, зайырлы, көпұлтты болғанымен, әр ұлттың тілі мен дәстүріне құрметпен қарайтын толерантты елдің, әр азаматтың құқығы ескеріліп, дамуына толық жағдай жасалған елдің, қазақ елінің азаматымын.     Қазақстан ‒ бүкіл қазақ халқының мәңгілік Отаны. Қазақ елінде туылу мүмкіндігі ‒ кез-келген жанға бұйыра бермейтін бақ. Отанымның жері, бір уыс топырағы, ата-бабамыздан қалған асыл мұралар мен салт-дәстүрлеріміз көзіміздің қарашығындай қымбат. Өз елімнің әрбір тасын сүйемін, сол себепті болар  елімнің басқан әр қадамы мен үшін маңызды.  Тәуелсіздік халқыма оңай келген жоқ, бұл азаттықта ата-бабамның сарп еткен өмірі мен қанша адамның тамған қаны жатыр, сол себепті тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, мәңгі болғанын қалаймын…

Тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің халқымыз Қазақстанның ұлы тарихын жаңа жетістіктерімен және табысты бастамаларымен тамаша жалғастырып келеді. Жарасымды да жасампаз саясаттың нәтижесінде біз әлемдік прогреске қол жеткізіп, айналаға түгел танылдық. 30 жылды артқа тастап «тәуелсіздік жылдары қандай жетістікке жеттік?», «қай жерден ұтылдық?» деген сауалдар отанын сүйетін әр азаматты толғандырады.

Ақиқатында, отыз жылда қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес. Алдымен,  Қазақстан  көршi елдермен мемлекеттiк шекарасын айқындап, тәуелсіздігін айшықтайтын рәміздерін, мемлекеттік тілін бекітті. Еліміздің елдігінің, егемендігінің нышаны ретінде танылған мемлекеттік рәміздеріміз ‒ баға жетпес байлығымыз. Аспан түстес байрағымыз, шаңырақ іспеттес елтаңбамыз, даламызды тербеткен әнұранымыз Отанымыздың көркем болашағын айқындап тұр.

Екіншіден, қазба байлықтарымыз игеріліп, Қазақстан көмірсулар қоры бойынша әлемдегі ірі елдердің бірі ретінде танылды. 2010 жылдан бастап табысты іске асырылып келе жатқан «Бизнестің жол картасы» сынды бағдарламалар негізінде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау арқылы төмен пайызды мөлшерлемемен субсидиялау немесе мемлекеттік грант беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу арқылы жеке кәсіпкерлікті, шағын жіне орта бизнесті дамыту алға қойылды. Соған сай, ел экономикасы тұрақтандырылып келеді.

Үшіншіден, еліміздің болашағы жас ұрпақтың, жастардың қолында екенін ескере келе, білім беру жүйесінде оңтайлы өзгерістер болды. Көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынов «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса… білім де сондай керек» ‒ деген екен. Осыған орай, Қазақстанда білім беру жүйесінде тәуелсіздік алғаннан бері бірқатар реформалар қабылданып, көбі белгілі бір жетістіктерге жеткізгені ақиқат.          Соның ішінде ерекше атап өтетін, жастарға қанат  бітірген, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан ‒ «Болашақ» бағдарламасы. Аталған бағдарлама бойынша 1994 жылы алғаш рет студенттер шетелге оқуға аттанған болатын. Сол уақыттан бері бүгінге дейін аталған бағдарлама аясында білім алушылар әлемнің үздік университеттерінде білім алып, қазірде медицина, инженерия, IT саласы, білім беру, құқық және т.б. салаларды қызмет етіп жатыр.

Технологияның тілін меңгерген «цифрлы балалардың», яғни Z ұрпағының қабылдау ерекшеліктерін, нарықтық замандағы нарықтық қатынастар тілін ескере келе, ғалымдар функционалдық сауаттылыққа бағыттап, үйрететін жаңартылған білім беру бағдарламасын ұсынып, жалпыға міндетті орта білім беру жүйесіне енгізді.

2019 жылы педагогтардың құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін, әрі ең бастысы, педагогтардың қоғамдағы статусын айқындайтын «Педагогтар мәртебесі туралы» заң қабылданды. Еңбек жалақысы категориясы мен еңбегіне қарай өсіп отыратыны, сондай-ақ педагогтық мамандықтарда оқуға түсудің шектік балы 65 балға артуы, педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттердің жалақысы біршама көтерілуі, жоо-ны аяқтаған білім алушы мектепке бармас бұрын білімін анықтайтын тест тапсыратыны үлкен нәтижелерге әкеледі деп ойлаймын. Бұл аталған өзгерістер білім беру жүйесінде жаңа серпіліс тудыратыны сөзсіз.

Елімізде ғылым салаларын мемлекет қаржыландырумен қатар, ғылымды дамытуға, яғни  ғылыми жарияланымдар өрісін кеңейту, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, жаңа сараптама  қағидаларын енгізу,  жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін, ғылым көкжиегін жетілдіру мәселесіне ерекше көңіл аударып отыр. Оған жыл сайын өткізіліп тұратын ғылыми жобалар, жас ғалымдарға арналған ғылыми жобалар конкурстарын атауға болады. Мектеп оқушыларын да ғылымға тарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын ғылыми жобалар байқауы, «балалар университеті» жобасы, түрлі форумдар өткізіледі. Нәтижесі де жоқ емес.    Мысалы, 2013 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Хәкім Садуақас «ЛАМАБАТЭЛ» атты мобильді аппарат ойлап тапқан. Аталған медициналық құрылғы диагностика мен терапияда төрт түрлі қызмет атқарады: лазеротерапия, магнитотерапия, биологиялық белсенді нүктелерді табу мен электромассаж.

Білікті де білімді жастарды мемлекеттік қызметке, билікке тарту мақсатында Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Ел ертеңі жастар екені әрдайым ескеріліп отыратыны хақ. Жастарды қолдау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар, атап айтатын болсақ, «Дипломмен ауылға» жобасы, «Серпін» бағдарламасы, «Жастар» тәжірибесі, жұмыспен қамту жол картасы, «Жас отбасы» ипотекалық бағдарламасы, «Жасыл ел» жасақтары және т.б. бағдарламалар бар.

Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай.          2017 жылы Қазақстанның елордасы Астана қаласында Экспо 2017 «Болашақ энергиясы» атты Халықаралық көрмелер бюросы ұйымдастырған Халықаралық көрме өтті. Әлемдік деңгейдегі іс-шара энергия үнемділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған болатын. Аталған іс-шара еліміздің танылуы мен туристік тартымдылығын арттыруға, біздің халқымыздың ерекшелігін танытуда ерекше маңыздылығы болды, себебі көрмеге 100-ден астам ел, түрлі халықаралық ұйымдар қатысты.

Елімізде, әр азаматтың білім алуына, қызмет етуіне, ғылыммен, кәсіпкерлікпен айналысуына барлық жағдай жасалған.

Десек те, тәуелсіздік жылдары шалыс басқан қадамдарымыз да жоқ емес.

Бірінші мәселе ‒ жемқорлық мәселесі. Лауазымды қызметкерлердің өз лауазымын жеке бастарының пайдасына пайдалану фактілері көбейгені соншалықты, ондай ақпарды теледидардан есту үйреншікті жағдайға айналды.  Жұмысқа орналасу, қызметінде көтерілу және т.б. жағдайларда жемқорлықтың нышандары нығая түсті. Сөйте келе, қоғам дертіне айналғаны хақ.

Екінші мәселе ‒ билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс, қатынас үзіліп, қоғамның билікке деген сенімінің жоғалуы. Нәтижесінде қаңтар оқиғасы тарих беттеріне түсті. Десек те, бүгінгі таңда аталған мәселе оңтайлы шешімін тауып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді дамыту, көркейту, өркендету жолына өз үлесін қосып, қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогты қолға алды.  Мемлекет басшысы тарапынан, еліміздің жаңа әлемге қырандай қанат жайып, жаңа мемлекет болып қалыптасуы жолында қаншама жұмыстар  жүргізіліп жатыр.

Үшінші мәселе ‒ білім берудегі нәтижесіз реформалар, білім беру жүйесінің сансыз реформалар алаңына айналғаны. Нәтижесі ‒ сапасыз білім. Нақтылай түсетін болсам, «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев  2006 жылы ұсынып, «Тілдердің үштұғырлығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынған болатын. Ағылшын тілі жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі екенін ескерсек, аталған идея шынымен керемет! Алайда, өкінішке орай, жобаны жүзеге асыру кезеңдері ойдағыдай болмады. Кадрлардың дайындығынсыз мектеп бағдарламасына еніп кетті, оқушы экперимент құралы болып қала берді.

Көш міндетті түрде жүре түзеледі…

Менің арманымдағы Қазақстанға келетін болсақ, ол өте ерекше.

Жарты ғасырға жуық уақытта қарқынды дамыған елдердің бірі ‒ Сингапур. Оның негізгі құндылығы ‒ білім жəне жемқорлықсыз саясат.  Мен де болашақ Қазақстанды жемқорлықсыз елестетемін. Тәрбиемен берілген білім өлшеусіз қазына. Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялардың арқасында ұлттық ментальділігін жоғалтып жатқан бүлдіршіндер аз емес.  Арманымдағы Қазақстанда ұлттық құндылықтарға негізделген оқу бағдарламалары арқылы білім алады.  Азаматтарымыз ‒ Отансүйгіш. Елдің қамын Кенесарыдай ойлайтын, әкелері балаларын Құнанбай секілді тәрбиелейтін, ақындары Бұқар мен Абайша күңірене білетін, әжелері Зеренің ізін жалғаған ертекшіл, азаматтары Мұхтар Шаханов секілді өршіл, рухты, қыздары абыройын сақтаған, арын сатпаған … . Бұл арманға жету үшін қазақ еліндегі отбасы институтының моделі құрылса, онда біздің ұлттық құндылықтарымыз ескеріліп, әке мен бала қарым-қатынасы, бала мен ана қарым-қатынасы зерттеліп, нәтижелері жариянып отырады.

Көпұлтты ел болғанымен, сөйлейтін тілі ‒ қазақ тілі. Және қазақ тілі ‒ елімізде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін құрал.

Экологиялық тәрбиені бойына сіңіргені соншалықты, көшеде бір қоқыс жоқ. Ол қоқыстар қайта өндіріліп, қайта қолданысқа еніп жатыр.

Болашақта адамдар экологияға, табиғатқа кері әсерін тигізбейтін газдар, жанармайлар ойлап тауып, энергияны тиімді қолдану жолдарын табады деп ойлаймын.

Медицинасы дамығаны соншалықты, ауру бала, ауру қарт жоқтың қасы.

Шынымен, медицинаға,  әсіресе, медициналық кадрларды дайындау ісіне әлі де ерекше назар аударған дұрыс. Өйткені ұлтымыздың өмір сүру жасын арттыру ақ халаттылардың қолында.

Халықтың әл-аухаты жоғары. Елімнің әр бір азаматы, жеті жастан жетпіс жастағы қарияға дейін өз елінің тарихын, өткені мен болашағын толық біледі.         Жоғарыда көрсетілген тәуелсіздік жылдарында атқарған жұмыстарымыз әрі қарай дамып, жалғасын тапса деймін.

Туристер ағылып келіп жатыр, өйткені еліміздің туризмі қолға алынған, қызмет көрсету саласы дамыған. Туристер елімізді сокралді жерлерін, табиғаты ғажап жерлерін теп тегіс жолдармен тамашалап жүр.

Жейтініміз, киетініміз, тұтынатынымыз ‒ отандық өнім. Импорттан алатын тауарлар саны азайған. Өйткені елімізде заводтар, фабрикалар саны біршама артқан. Соған сәйкес жұмыссыз жастар, мамандар жоқ.

Мәдениетіміз дамып, рухани тұрғыдан дамуымызға ерекше назар бөлінген. Өйткені әрбір қалада, әрбір ауылда мәдени орталықтар, үйірмелер, мұражайлар мен кітапханалар бар екен-мыс.

Міне, менің арманымдағы Қазақстан осындай!Біз арманымыздағыдай Қазақстанды құру үшін аянбай еңбек етіп, сапалы білім алуымыз керек. Төменде көрсетілген бір шумақ өлең жолдары елімнің, еңселі Елордамның бейнесін керемет суреттегендей…

Қазақстан ‒ атамекен, құт қонған жер,

Кең дала, суы мөлдір, нұр тұнған жер.

Көкорай белестері мақпал кілем,

Қырлары қызғалдағы құлпырған жер.

 

 

 

«Бастауыш мектепте оқыту және тәрбиелеу»

білім беру бағдарламасының  4-курс студенті

Нұрғали Алтынай

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмолалық мектеп бітірушілер «Түлектердің ағаш отырғызуы» республикалық челенджіне қатысты

Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында бүгін «Түлектердің ағаш отырғызуы» челленджі  болып өтті. Бүкіл ел бойынша ұйымдастырылған іс-шара...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img