spot_img
Сенбі, Сәуір 27, 2024
15.2 C
Kokshetau

Ақмола облысында 9 мектепті су басу қауіпі бар

Сондай-ақ...оқыңыз

Көптен күткен көктем де жетті. Енді қыс бойы түскен қалың қар еріп, мұз сетінеп, елді әлекке салуда. Осы уақытта Ақмола облысының төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқару органдары біраз сарсаңға түсетінін соңғы 10 шақты жылда көріп келеміз.

2013 жылдан бері Атбасар ауданының Жабай өзенінің маңында тоқтайтын қар еріп, өзенді арнасынан асырып, іргесіндегі елді мекендерді басып кеткенін бірнеше жыл қатарынан байқадық. Соның салдарынан Атбасар қаласы тұрғындарының жеке аулаларын айтпағанда,  мектебі де суға кетіп, зардап шеккені есімізде. Содан бері өңірдің төтенше жағдайлар қызметі жыл сайын қыс ортасынан су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындықты бастап, қажетті техникалары мен құтқару топтарын жасақтайды. Осындай жұмыстарға әр аудан-қала, облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, айтып келмейтін тілсіз апатқа қарсы тұруға қанша күш жұмсалғанымен, бәрібір өз зардап, залалын тигізіп жатыр. Аумақтағы өзен-көлдері жақын елді мекендердің тұрғындары жыл сайын көктем таяғанда жанын шүберекке түйіп отырады десек те болады. Оның үстіне көшелерді қардан тазарту, қарды шығару жұмыстары барлық өңірлерде бірдей тиісті деңгейде жүргізіле бермейді. Сондай көріністің бірі ретінде өткен аптада Көкшетау қаласының шетіндегі Бірлік шағын ауданының №22 орта мектебіне дала суларының кіруін мысалға келтіруге болады.

Бұған дейін облыс әкімінің төрағалығымен бірнеше мәрте өткізген су басу қаупіне дайындық шаралары туралы аппарат кеңестеріндегі берілген тапсырмаларға аудан-қала басшылары бейжай қараған ба, әлде департамент тарапынан бақылау-қадағалау, дайындық жұмыстары әлсіз жүргізілген бе? Кім білсін?! Әлеуметтік нысандар мен су басу қаупі бар елді мекендердің маңайын қардан тазартып, қажетті шараларды атқарып, керекті техникаларды әзірлеп қою тапсырмалары еленбеген тәрізді. №22 мектептің маңайындағы қарды алдын ала тазалап, ауыл көшелеріндегі қар үйінділерін дер кезінде шығарып, барлық жұмыстар дер уақытында орындалып отырса, мұндай жағдай орын алмас еді. Бақылаудың дұрыс жүргізілмегенінің салдарынан мектептің ішіне қызыл су кірді. Қазір сондай қар суы Балқаш көшесіндегі үйлердің аулаларына, жертөлелеріне де кіріп жатыр. Тұрғындардың айтуы бойынша Көкшетау қалалық су тасқынына қарсы штабқа хабарласса, дұрыс жауап ала алмайтын көрінеді. Яғни, жанашырлық аз.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, ағымдағы жылғы 20 наурыздан бастап облыстың жергілікті атқарушы органдарының барлық деңгейлерінде су тасқынына қарсы штабтардың жұмысы ұйымдастырылыпты. Коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіпті. Бірақ, жоғарыдағыдай жағдайлар бұл штабтардың да бәрі бірдей жұрт күткендегідей жұмыс істеп отыр деп айтуға келмейді.

–Ақмола облысының аумағында жалпы су басу қаупі жоғары елді мекендерде 9 білім ордасына қызыл су кіруі ықтимал. Оның 2-еуі Көкшетау қаласындағы Қылшақты өзенінің бойында орналасқан №8 және №12 мектептер. Бүгінде олардың маңына 650 қаптан астам инертті материалдар орналастырылды. Астрахан ауданындағы Оксановка ауылындағы негізгі мектептің маңында да осы тәріздес тиісті жұмыстар жүргізілді. Атбасар қаласындағы суға кетуі мүмкін №1 мектептің айналасы бетон қоршаумен қоршалса, №4 мектебінің маңына екі қатардан инертті материалдармен қойылды. Ал, Қорғалжын ауданында 4 бірдей мектепке су тасқыны қаупі төніп тұр. Олар Алғабас аулының бастауыш мектебі, Ұялы, Өркендеу, Шалқар ауылдарының негізгі мектептері. Барлық аталған мектептердің маңайында қар шығару, тазарту жұмыстары қолға алынып, бақылау жүргізілуде. Аталмыш білім беру нысандары ерекше бақылауда, –дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Иә, жауапта мін жоқ. Ал, іс жүзінде қалай болып шығарын осы күндер  көрсетеді.

Енді облыстық білім беру басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан ауданындарында орналасқан мектептерде су басу қаупі жоғары болса, Ерейментау, Зеренді, Қорғалжын, Бұланды, Бурабай, Шортанды, Есіл аудандары мен Қосшы, Көкшетау қалаларындағы мектептерді су алу қаупі орташа көрінеді.

–Ағымдағы жылдың 23 ақпанында облыстың білім бөлімдерінің басшыларының қатысуымен көктемгі су тасқынын алдын алу мәселесі бойынша білім нысандарының дайындығы жөнінде кеңес өткізіліп, онда бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, білім ордаларының маңындағы қарларды уақытында шығарып, маңайын, шатырларын тазарту, қатқан мұздарды түсіру, су өткізгіш құбырларды ашу, су басу қаупін алдын алу жөніндегі комиссияларды құру, жауапты тұлғаларды бекіту, су кіру қаупі жоғары мектептердің бірінші қабатынан барлық білім беру құрал-жабдықтарын жоғары қабаттарға көтеру, балаларды мектепке тасымалдауды тек мектеп әкімшілігінің келісімімен ғана жүзеге асыру тәрізді тапсырмалар берілді, – дейді тағы да облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Жыл сайын ақпан-сәуір айларында білім беру ұйымдарының оқушылары арасында су тасқыны кезіндегі әрекеттері бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіледі екен. Оқушылар арасында әңгімелесулер, сынып сағаттары, су тасқыны кезіндегі мінез-құлық ережелерін білу бойынша іскерлік ойындар өткізіледі. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен және су-құтқару станциясының қызметкерлерімен бірлесіп оқушылар мен ата-аналардың арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, буклеттер мен парақшалар таратылады. Бұл ақпарат білім беру ұйымдарының әлеуметтік желілерінде және балалар-ата-аналар чаттарында жүйелі түрде орналастырылады.

Жалпы, қалай болғанда да табиғаттың құбылысына қарсы тұра алмайтынымыз белгілі ғой. Дегенмен, жыл сайын қайталанатын мұндай апатты жағдайлардың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруда  жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі артып, басшылары бақылауды күшейтсе, шығын да, зардап та аз болар ма еді…

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: Көкшетау қаласының Бірлік шағын ауданындағы №22 мектебі

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Шұғыл шара қолданып, 95 елді мекенді, олардағы 8 мың үйді су алудан сақтап қалдық», – Марат Ахметжанов

Жазушы, драматург, қоғам қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 25...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img