spot_img
Дүйсенбі, Қазан 14, 2024
1.2 C
Kokshetau

Ұлы Отан соғысында қайтыс болған екі бурабайлық майдангердің зираты табылды

Сондай-ақ...оқыңыз

«Көкше-Іздеу» әскери-патриоттық іздестіру клубы Бурабай ауданының Көрнекті ауылынан екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, майданда тұтқынға түсіп, сол тар қапаста қаза тапқан екі жауынгердің жатқан жерін анықтады. Құжат бойынша аты-жөндері Тустомбаев Салих Аржотович және Казбек Хазужа Казбекович деп жазылған майдангерлердің туыстары іздестірілуде. Осы азаматтардың туған-туыстары, жақындары естіп-біліп жатса «Көкше-Іздеу» клубының жетекшісі Еркен Абдуллинге немесе «Арқа ажары» газетінің редакциясына хабарласуларыңызға болады.

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясына келген «Көкше-Іздеу» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Еркен Абдуллин осыдан 83 жыл бұрын Бурабай ауданының Көрнекті ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, із-түссіз жоғалып кеткен екі жауынгердің жатқан жерінің табылғаны туралы хабарлап, газетте жариялауын өтінді. Майдан даласына аттанып, Отан үшін от кешкен жандардың қаншамасы еліне орала алмады. Бірқатарының жатқан жері белгісіз. Осындай іздестіру клубтарының арқасында бүгінде ата-бабасының мәңгілік мекеніне айналған жерлерін тауып, туған жерінен бір уыс топырақ апарып салып жатқан ұрпағын көргенде, көңілде бір өкініш пен бір қуаныштың лебі еседі. Сондай, рухтары туған елінің бір уыс топырағын күтіп жатқан екі жауынгердің ұрпақтары жуық арада табылып, бабаларының басына барып, Құран бағыштап, рухтарына тағзым етіп оралады деп үміттенеміз.

Аты-жөндері біздің пайымдауымызша, бұрмаланып жазылуы да мүмкін Салих Тустомбаев пен Хазужа (Қанқожа) Казбек екеуі де 1893 жылы Ақмола облысы Бурабай ауданының  Көрнекті ауылында туған. 1942 жылдың 11 шілдесінде Харьков түбінде болған шайқаста тұтқынға түскен. Салих Аржотович сол жылы 24 желтоқсанда қайтыс болып, Германияның Хеммендорф ауданының Хамельн округінде жерленген. Ал, Хазужа Казбекович 1943 жылдың 8 қаңтарында қаза тауып, Германияның Фаллингбостель  деген әскери тұтқындардың зиратында жерленген.

–Біздің «Көкше-Іздеу» әскери-патриоттық іздестіру клубымыз 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Көкшетау қаласындағы жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің жанынан ашылған. Редакцияға келген себебім – Германияда жерленген қос майдангердің жатқан жерін тауып отырмыз. Ендігі арада олардың жақын туысқандарын іздестірудеміз. Екі жауынгер де бір ауылда туған, соғысқа бірге аттанған. Харьковта қоршауда қалып, тұтқынға түсіп, қайтыс болған. Беларусь іздестірушісі Алла Вострикова ұйымдастырған іздестіру тобы, ішінде Бернард Гильдерблюм деген белгілі ғалым, профессор, Германияның тұрғындары, беларусь, орыс ұлттарының өкілдері бар топ майданда қаза тапқан жауынгерлердің жатқан жерлерін зерттеп, онда кімдер жерленгенін анықтап, зираттарын қайта қалпына келтіріп, ескерткіш тақталарын орнатуда. Сондай іздестіру жұмыстарының бірінде біздің жерлестеріміздің топырақ бұйырған зиратын тауып, Қазақстанға, яғни, бізге хабарлады. Тапқан зираттарда 6-7 адам жатыр екен. Екі жауынгердің жерленген зираттарының арасы 115 шақырым, –дейді «Көкше-Іздеу» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Еркен Абдуғанифұлы.

Клуб жетекшісінің айтуынша, алдағы күндері олардың жатқан жеріне, яғни, Германияға Қазақстаннан топырақ апарылады. Клуб мүшелері осы уақытқа дейін Ресейдің Тула, Калуга қалалары мен Украина жеріндегі қызу шайқас өткен орындарға барып, сондағы іздестіру топтарының жұмыстарына қатысып, табылған жауынгерлердің зираттарын қалпына келтіруге қол ұшын берген.

Жоғарыда аталған жауынгерлердің жақындары, таныстары, туған-туыстары табылып жатса, «Көкше – Іздеу» іздестіру клубының жетекшісі Еркен Абдуллинге 7 701 965 2401 телефон нөмірі арқылы хабарласса екен.  Аталмыш клубқа сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыста із-түссіз жоғалған, майданда қаза тапқан жақындарын іздеушілер де хабарласып, майдангер аталарының жатқан жерлерін іздеулеріне болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Қазақстанда 1 млн. астам азамат еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүр.

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау және еңбек құқығын бұзу фактілерін анықтауға кірісті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img