spot_img
Жексенбі, Сәуір 28, 2024
13.2 C
Kokshetau

Бюджет қаржысымен «ойнамау» керек

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары облыс әкімінің келісімімен 2023 жылғы жергілікті бюджеттің атқарылуы және осы есепті кезеңде даму жоспарының индикаторларына қол жеткізуі туралы Аршалы, Ерейментау, Целиноград аудандары әкімдерінің  есептерін тыңдады.   

Отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов төрағалық етіп, оған мәслихаттың депутаттары, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы мен тексеру комиссиясының басшылары, аудандық мәслихаттардың төрағалары қатысты.

Бір атап өтерлігі, облыстық мәслихаттың төрағасы аудан әкімдеріне есепті мемлекеттік тілде берулеріне талап қойыпты. Дегенмен, кейбір аудан басшыларының бұл талапты ескергені шамалы. Атын айтып, түсін түстемей-ақ қояйын, кейбір әкімдер баяндамасын қазақ тілінде жасағанымен, сұрақтар қойылғанда абдырап, сауалдың мәнісін түсінбей, бірді айтып, бірге кетті. Мейлі, мемлекеттік тілде қойылған сауалды дұрыс түсінбесін делік, бірақ, ауданда орын алып жатқан барлық мәселені бес саусақтай білуі тиіс қой. Сонымен бірге, бұл отырыста жергілікті атқарушы органдар облыстық мәслихаттың өңір бюджетін бөлуде басым рөл атқаратынын ұмытып кетіп, менсіне бермейтініне көз жеткіздік. Оған дәлел, Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатовтың облыстық мәслихаттың депутаттары қатарында осы өңірден отырған Бекім Әкімовті бюджетті жоспарлау тәрізді маңызды мәжілістерге шақырмай, кейбір мәселелерді бірге шешуден бас тартатын жағдайларынан байқауға болады.  Бұл ретте, облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Айтымұлы:

–Облыс әкімімен келісе отырып, ендігі арада аудандардағы облыстық мәслихаттың депутаттары жергілікті бюджет комиссиясының құрамына кіретін болады. Себебі, облыс бюджетін бөлген кезде аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын ортаға салып, сол аймақтағы өзекті  мәселелерді алға тартып, сіздер қолға алғалы жатқан жоспарлардың жүзеге асуы үшін барын салып, бюджеттен ақшаны жұлып алғандай бөлгізетін осы аудандағы мәслихат депутаттары. Баршамыз бір терінің пұшпағын илеп, халық мүддесі үшін жүргендіктен, бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Сондықтан, алдағы уақытта бюджет қаржысын жоспарлағанда облыстық мәслихат депутаттарымен кеңесіп отырғандарыңыз жөн, – деп атап өтті.

Жалпы, аудан басшыларының есебін тыңдай келе көз жеткізгеніміз, даму жоспарының индикаторларын орындаймыз деп республика мен облыс бюджетінен сұрап алатын қаржының біраз бөлігі игерілмей, жыл соңында қазынаға қайта қайтаруларына тура келіпті. Балаларды қосымша біліммен қамту индикаторлары барлық өңірлерде толық қамтылмаған. Баяндамаларды тыңдай келе, қосымша білім беру орындарын аудан орталықтарында ғана қарастырып, ауылдар ұмыт қалғанына көз жетті. Бұл ретте, облыстық мәслихаттың хатшысы қосымша білім беру жайына байланысты «мектептер білім басқармасына қарайды деген түсініктен аулақ болып, бұл мәселе де аудан әкімінің толық бақылауында болуы тиіс» деп айтты. Ауылдардағы мектептердің директорлары «Арт спорт», «Даму бала» секілді ұйымдардың ұсыныстарын қолдамай, олардың өз құрал-жабдықтарымен келсе де, мектептердің спорт залдарына кіруіне рұқсат бермейтіндігі де осы жерде талқыланды.

Аудандарға келсек, Ерейментау ауданының Ақмырза ауылындағы су жүйесі мәселесі әлі шешілмеген, алдыңғы жылы пайдалануға берілген 45 пәтерлі кредиттік тұрғын үйдің  тек 27 пәтерінде ғана тұрғындар тұрып жатыр. Аудан басшысының айтуынша, мұндағы себеп – бағаның қымбатшылығы. Алдағы уақытта бұл аудан орталығында тағы бір 45 пәтерлі кредиттік үй салынбақшы. «Кредиттік үй салу ауданға қажет пе?» деген сауалға әкім «тиімсіз» деп жауап қатты. Депутаттар ауданға көбірек инвестиция тарту қажеттігін ескертті.

Аршалыда қазба байлықтарын өндіретін 38 кәсіпорын бар, солардың 18-і ғана ауданда ресми тіркеліп, жергілікті бюджетке салық төлейді. Алдағы уақытта басқаларын да ресми тіркету қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, Сарыоба ауылындағы ауылішілік орташа жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты әзір болмай жатып, мемлекеттік сараптамасыз облыс бюджетінен қаржы бөлініп, кейін қайта қайтарылғаны белгілі болды. Бұл орайда, мәслихат хатшысы «келесі жолы облыс әкімі тапсырма берді екен деп, құжаттамасыз бюджет қаржысына қол созбауды, қазынаның ақшасымен ойнамауды, әр жағында заң бар екенін ұмытпауды» еске салды.

Целиноград ауданы облыстағы халқы көп ірі аудандардың бірі болғандықтан, мәселелері де шаш-етектен. Мұнда бөлінетін қаржы да жалпы бюджеттің 22 пайызын құрайды. Бірақ, аудан басшысының орынбасары Ерік Жиенбековтің кейбір индикаторлардың қол жетпеуіне басты себеп – қаржының аз бөлінуі дегеніне облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары ескерту жасап, «республикалық бюджеттен облысқа бөлінетін қаржының 31 пайызын, облыстың  16 пайызын ала тұра мұндай сылтау айтпау керек» деді. Сөйтіп, былтырғы бөлінген қаржының қаншама бөлігін, жауапсыз мердігерлердің кесірінен жұмыстарды тоқтатып тастауға байланысты қайтарып бергенін түсіндіріп өтті.

Жалпы, көп жағдайда құрылыс, жөндеу жұмыстарына қатысты жобалардың басым бөлігінде ақшаның тиімді игерілмегені, мердігерлердің жұмысының салғырттығы, сапасыз жұмыстарды тоқтату, мемлекеттік сатып алу шараларының уақытылы өткізілмеуі, созбалаңға түсуі секілді себептерден екені түсінікті ғой. Бірақ, жоба қолға алынбас бұрын осының бәрін ескеріп, талапты күшейтіп, жобалардың басы-қасында осы атқарушы органдар мен тапсырыс берушілер жүруі тиіс емес пе?!.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Шұғыл шара қолданып, 95 елді мекенді, олардағы 8 мың үйді су алудан сақтап қалдық», – Марат Ахметжанов

Жазушы, драматург, қоғам қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 25...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img