spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-5.8 C
Kokshetau

Тірісінде аты аңызға айналған тұлға Бүгін Жұмабек Тәшеновтың туған күні

Сондай-ақ...оқыңыз

Бүгін кеңестік дәуірде ұлтымызға рухани тірек болған қазақ халқының асыл перзенті Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтың өмірге келген күні.

Ұлтжанды азаматтардың араласуымен Жұмабек Ахметұлы туралы мерзімді баспасөз беттерінде бірқатар естеліктер, зерттеу материалдары жарияланып, Алматыда, Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше кітаптар жарық көріп, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына өмірбаяны жазылды. Шымкентте, Астанада, Көкшетауда көшелерге есімі берілді. Ж.Тәшенов – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1934-1939 жылдары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында шаруашылық, кеңес және жауапты партия жұмыстарында болған. 1952-1955 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған азамат.

Ж.Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңіреді.

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаев Ж.Тәшенов республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді. Осы жылдары электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті.

Тарихшы Керімбек Сыздықов қайраткер туралы естеліктер жазды. Тарихта мемлекеттер арасындағы жер дауы талай ауыр зардаптарға соқтырғаны мәлім. Алысқа бармай-ақ, кезінде Ресейден Украинаға берілген Қырым облысы екі елдің арасында шешімі табылмаған дауға айналғаны белгілі жәйіт.

Ж.Тәшеновтің КСРО басшылығымен тайталаса жүріп қазақ жері мен халқы үшін жасаған еңбегіне қазақ халқы оған мәңгілік қарыздар. Басқа ерліктерін былай қойғанда егер 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде Қазақстан кемінде өз жерінің үштен бірінен айрылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру бүгінгі ұрпақтың парызы.

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының мәліметінен қысқартылып алынды .

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img