Сұлтанғазы Санжар Кәкімұлы. Жас ақын, 2004 жылы Жетісу облысы Алакөл ауданы Бұлақты ауылында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің түлегі. Қазақстан Жазушылар одағы «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебінің» түлегі. Жетісу облыстық «Jetisý» газеті веб-сайтының тілшісі. «Апа, сен болмасаң…» атты жыр жинағының авторы.
Апа, сен болмасаң…
Апа, сен болмасаң:
Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.
Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой,
Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.
Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.
Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.
Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.
Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой…
Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой…
Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
Әлі ауылды көресің, көркейтеді
деген мендік көңілде боз ала үміт.
Ауылда қалған қайда,
Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?
Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,
Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?
Қала мұнаралы,
Көгіндегі көк туы – тұман әні.
Көк түтіннен қашқанда, қоңыр жолдан,
Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?
Ұнайтын ауылымның кеші маған;
Еркелеткен жалғызын есіл анам.
Егін салып ентіккен еңкіш шал мен
Еміренген кемпірді есіме алам.
Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп
Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.
Сағат санап, сан қойды санап жүр ме,
Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
…Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,
Ойнамайды төсінде Қожа нағып…
***
Көке, ауылға қайтайық биыл енді,
Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.
Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,
Ескі қосың өзгенің үйі болды.
Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,
Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.
Сары уайымға салынбас едім ғой мен,
Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.
Сағыныштан өзгесі бос ой демек.
Бала шақ та айтпады есейме деп.
Қарғыс сынды қаладан қажығанда,
Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.
Қаймақ қандай тәтті еді, қаспақ неткен.
Құрбы ұялып сүйдірмей қашпақ беттен.
Ойдым жолға түсіп ап орағытқан,
О, неғылған жүрек бұл тас боп кеткен?
Тас боп кеткен жүректі ая, құдай,
Қайда барсам жанға мұң таяды ұдай.
Итсің десем өкпелеп қаласың, рас,
Мен өкпелеп көрмеп ме ем, әй, өмір-ай.
НАН
Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп.
…Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.
Айтамын күз деп соны,
Сол күздің жібімейтін мұз боп шері
«Жарты нанды қайтар» деп жеңгей сосын,
Кеш кірместен келетін іздеп сені.
Қайғырсаң жоқты қайғыр,
Тоңазымай таңдар да атты қайбір.
Орнына енді ойсырап олқы түскен,
Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.
…Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.
Шешем солай өмірге өкпеледі…
Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
…Менің анам нан іздеп кеткен еді,
содан соң оралған жоқ.
АПА
Қартаймауың керек, Апа,
Сен үшін –
Құдайменен жасап келем келісім…
Сен о баста қайсар, қатал, өткір ең,
Өмірге өткен өкпең менен өкінішің көп білем.
Одан қалды сағынышың сарысудай тұр әні,
Ал жүрегің қаншама рет қайғы жұтып, жылады.
Тіршілікте тірі күнің – тауып жүрген табысым…
Қарсы алады қай кезде де бауырсағың, бәлішің.
Одан қалды жан-жағыңа көзіңді ылғи алартып,
Отырасың үнемі сен оймағыңды жоғалтып.
Сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт та жайып оңаша.
Көз жасыңды көрсетпейсің біреу саған қараса.
Ақ жүрексің, ақкөңілсің, ақпейілсің соншама,
Көрші кемпір көйлегіңді киіп тойға барса да…
Құйған, Апа, шәйің неге сондай тәтті десем мен,
Ұсынады екенсің ғой бар мейірім-кесеңмен…
* * *
Салқын кештер сезімдерге қорған боп,
Екеумізбен мұңданған-ды талай бақ.
Бүгін сенсіз?.. Ештеңе де болған жоқ,
Бәрі әйбат.
Солған да жоқ жаралы жан – жарты гүл,
Арпалысып, алысқам жоқ от күнмен.
Сүймейсің бе деп сұрайсың…Ол түгіл,
Сағынған да жоқпын мен.
Есіміңді жүрегімде жоқ қылып,
Өшіргенмін өткенде.
Хат жазбаймын, сөнген кеше отты үміт,
…Нөмірің де жоқ менде.
Сан сүрініп, жығылып,
Сапар біткен саған деген жолдағы.
Алматыға барсам, барам қыдырып,
Сенің үшін емес бірақ ол дағы.
Сүю деген келген емес әзірге ой,
Жыла мейлі, өкіріп.
…Айтқанымның бәрі де рас,
Әзіл ғой!
Сүйем сені,
Өтірік…
* * *
Қара пеш құтыңды кім жұлып алды,
Қасиетіңде қайсының құны қалды…
Қайран апам қозғайтын мұңын арғы,
Қайран шешем қанша рет жылу алды?
Көсеу қайда, тұратын суып әлгі.
* * *
Осы өмірдің қоңырқай кескіні еді,
Қоңыр ұлың ол кезде ес біледі.
Қоңыр қозы енесін іздегендей,
Қоңыр жолдан қоңыр үн естіледі.
Бәрі солай,
Қоңыр боп ескіреді.
АҚЕРКЕМ
Биік болсам, өзіңмен биікпін мен, Ақеркем,
Сүйе алмастай сені ешкім – сүйіппін мен, Ақеркем…
Бұрымыңмен өзіңе баурап алдың, Ақеркем,
Қылығыңмен өзіңе жаулап алдың, Ақеркем.
Сені маған Тәңірім жолықтырды, Ақеркем,
Бәрі әйтпесе, жарығым жалықтырды, Ақеркем,
Тәубе деуді тегінде айта бердім, Ақеркем,
Сені сүйіп өмірге қайта келдім, Ақеркем.
Өзің жоқта сезімге тапшы болдым, Ақеркем.
Сен арқылы өзімді жақсы көрдім, Ақеркем.
…
АНАШЫМ
Ең соңғы рет құлап, тұрдың, Анашым,
Мен сорлы боп жылап тұрдым, Анашым.
Нұр-өңің де тұнық кетті, Анашым,
Жүрегің де суып кетті, Анашым.
Ақылым да жоқ өзіңдей, Анашым,
Жақыным да жоқ өзіңдей, Анашым.
Шерлі күнге ентелеймін, Анашым,
Енді кімге еркелеймін, Анашым.
Аң-таң болып қалып едім, Анашым,
Жаутаң қағып қалып едім, Анашым.
Қадірі не бұл баланың, Анашым,
Қабіріңе гүл қададым, Анашым.
Жер көктеді, ұғынбадым, Анашым,
Сен кеткелі жылынбадым, Анашым,
Не өткен боп қала алмадың, Анашым,
Не көктем боп оралмадың, Анашым…
ЖАСАНДЫ
Жасанды бәрі,
Жасанды бәрі, жасанды,
Жүремін бұлай, күлемін бұлай қашанғы?
Жасандылықпен тірілтті марқұм шешемді,
Жасандылықпен бейнесі атамның жасалды.
Жасанды – жүрек,
Жасанды – сезім,
Жасанды – ой,
Қоштасып кеткен қыз отыр көзге жас алмай.
Жадырап шықты жеңгем де кеше бөлініп,
Жасандылықсыз тек жүр еді көптен жасармай.
Жасанды ұрпақ жасалып жатыр артымда,
Жасанды бата бере ме ертең қартың да?!
Жасанды досым жыл өтті ол да жоғалды,
Жасанды болып кете ме деймін халқым да…
Көзің талады жасандылықты көріп-ай,
Бір күні мәңгі қалар ма екен өліп ой.
Тасада қалған махаббатым болатын,
Табиғи, таза, мөп-мөлдір, тұнық еді ғой…
***
Сені ойламай күнә ояну таңертең,
Сенсіз жерде тіршілік жоқ қайнаған.
Бұл махаббат жіпсіз ғана, Ақеркем,
Сені маған, мені саған байлаған.
Сендей сұлу жоқ, таппадым жүрегі ақ,
Әйтпегенде талай-талай қыз көрдім.
Екеуміздің бақытымыз біреу-ақ
және жалқы арманымыз біздердің.
Қайғы жанды қинап әбден қарып тұр,
Шуағыңа бөлеп жылыт, шырайлым.
Өмірімді өзің сынды жарық қыл,
Саған түскен сәулесімен Құдайдың.
Екеумізде сезім де бар жасырын,
Бәрі де оны біліп жүрген бірақ та.
Мені ұнатып жол таптың ба, ғашығым,
Ал мен кірдім сені сүйіп жұмаққа.
****
Сенсіз бәрі мұңға айналып кетпей ме,
Сенсіз көктем көңілімде көктей ме.
Маған, сірә, бақытты боп керек жоқ,
Сен бақытты болсаң сол да жетпей ме?!
Екі адамға бір бақытты шектей ме,
Бір адамға екі бақыт көп дей ме?!
Саған, сірә, мұңдануға болмайды,
Мен қайғырсам соның өзі жетпей ме?!
* * *
Сен дүниеге келген күні
маған:
Бір уақыт
Бір шермен
Жайлы деп табысқан екен.
Мен дүниеге келген күні
саған:
Бір бақыт,
Бір сормен
Қайғы боп жабысқан екен….
***
Менің тағдырым екен шыдай алмаған.
Сенің жаңбырың екен жылай алмаған.
Менің жолдарым екен тықсырып қалған.
Сенің қолдарың екен сұп-суық болған.
Сенің тілегің екем сағынып күткен,
Менің жүрегім екен ауырып біткен.
Менің Тәңірім екен таба алмай қалған,
Сенің жарығың екен жана алмай қалған…
* * *
Уақытым да өзіңмен
жайқалады, Ақеркем,
Бақытым да көзіңнен –
байқалады, Ақеркем.
Көңілім де сенімен –
босайды екен, Ақеркем.
Өмірім де сенімен –
жасайды екен, Ақеркем.
Ырысым да сенімен,
қосылады, Ақеркем.
Тынысым да сенімен,
ашылады, Ақеркем.
Қуанышым көзің мен,
езуіңде, Ақеркем,
Жұбанышым өзіңмен,
кезігуде, Ақеркем.
Тілегіме шешімің,
жат болғаны-ай, Ақеркем.
Жүрегіме есімің,
жатталғаны-ай, Ақеркем.
ЖАСТЫҚ
Сенің қаның құйылғандай қаныма,
Менің қаным ұйылғандай қаныңа,
Сенің жаның үйір қандай жаныма,
Менің бағым бұйырғандай бағыңа.
Иықтарым тірейді екен басыңды,
Сүйікті әнім төккенінде жасыңды.
Тағат қалмай сен деп бара беремін,
Сағат болмай шөлдеп қала беремін.
Шамам болса құшақтаймын тас қылып,
Одан қалса махаббатым асқынып –
Беліңдегі қолымды алдым мен бейбақ,
Еріндегі ерінді алғым келмейді-ақ…
ШАЛДЫҢ БАЛАСЫ
Сенен де жақсы жігіт жолықпай шоң елде,
Қыз күтіп тұрса қайтер ең осылай егерде;
Қала.
Асфальт. У-шу.
Қап-қара юбка. Ресторан.
Iphone-ны қымбат менен де.
Шалға ұқсап сосын тұрысың,
Жүргеніңді, әсте қайдан біледі жыр үшін.
Вилласы несі,
Коттеджі несі ол айтқан,
Ауылда қалған қосты ойлап кетем, құрысын.
Қосылмай ешбір тобырға,
Ауылға қайту керек шығар, ә, соңында.
Түкті де ойламай көршім де жүрген жоқ па әне,
Басып ап түнде қорылға.
Галстук. Пальто.
Костюм мен жейде шаршатты,
Ауылдың тозған тоңдары әбден аңсатты.
…Несіне мені сүйесің деймін.
Мен деген,
Қойшы бір ұлмын малсақ-ты.
Көргенсің, – дейді ол, – уды еміп,
Тұрғам жоқ және сенен бір асқан қу көріп.
…Ешкімге нанбай, ауылды ойлап келемін,
Сіріңкем жанбай су болып.
* * *
Оралмаған ауыл мен досына бір,
Айтшы, қалқам, енді оның несі бауыр?
Мен де суып бәрінен ендігі күн,
Тасбауыр боп барамын…
Кешір, ауыл…
Күндерімді сағындым күрең табан,
Ақ саусақ боп онсыз да күнелте алам.
Бес жүз бала кіретін – бір мектебім,
Мың жүрекке жүретін – бір емханам.
Көңіл дейтін кішкентай бола осыған,
Жұрт еді ғой бәріне жаны ашыған.
«Бір ауылға жүретін бір мекенжай,
Бір нән төбет үретін қорасынан.»
Әжелерім жиналса ән қызатын,
Кешке қалса
Ал шырқын мал бұзатын.
Он үй болып көршінің сұрап алған,
Қой кезекке мінетін жалғыз атын.
Бір ауылдас келетін егін салып,
Бір биені беретін келін сауып.
Бір ауылдас трактор іздегенде,
Бір ауылдас жүгірген шөбін шауып.



