Жұқпалы аурулардың алдын алу – адам денсаулығын сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі. Бұл бағытта профилактикалық екпелер медицина жетістіктерінің ішінде ерекше орын алады. Вакцинацияның арқасында адамзат табиғи шешек ауруын толығымен жойып, полиомиелиттің таралуын айтарлықтай шектеді, дифтерия, сіреспе, қызылша және көкжөтелден болатын өлім-жітім мен ауыр асқынуларды бірнеше есе азайтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, иммундау жыл сайын әлемде 3,5–5 миллион адамның өмірін сақтап қалады. Бұл – вакцинацияның тиімділігі ғылыми зерттеулермен және ондаған жылдық тәжірибемен дәлелденгенін көрсететін маңызды дерек.
Кейде «бұрын кең таралған аурулар қазір сирек кездеседі, сондықтан екпе алудың қажеті жоқ» деген пікір айтылады. Алайда бұл аурулардың азаюы олардың өздігінен жоғалуынан емес, халықты жоспарлы вакцинациялаудың нәтижесінде мүмкін болды. Екпемен қамту деңгейі төмендеген кезде инфекциялар қайта тарала бастайды. Мұны әлемнің бірқатар елдерінде қызылша мен көкжөтел жағдайларының өсуінен көруге болады.
Қызылша – жұқпалылығы өте жоғары инфекция. Бір науқас иммунитеті жоқ көптеген адамға ауру жұқтыруы мүмкін. Сондықтан қызылшаның өршуіне жол бермеу үшін халықтың кемінде 95 пайызы вакцинаның қажетті дозаларын алуы маңызды.
Инфекциялар мемлекеттік шекараны мойындамайды. Халықтың белсенді көші-қоны, халықаралық сапарлар және адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас жағдайында жұқпалы ауру қысқа мерзім ішінде бір өңірден екінші өңірге таралуы ықтимал. Осы себепті әр адамның вакцинация мәртебесі тек оның жеке денсаулығына қатысты мәселе емес, бүкіл қоғамның эпидемиологиялық қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды фактор болып саналады.
Вакцина ағзаны белгілі бір инфекция қоздырғышын тануға үйретіп, оған қарсы иммундық жауап қалыптастырады. Нәтижесінде адам инфекциямен кездескен жағдайда оның ағзасы қоздырғышпен күресуге дайын болады. Ешбір вакцина ауру жұқтыру қаупін барлық жағдайда толық жоя алмайды. Дегенмен вакцина инфекцияның ауыр өту, асқыну, мүгедектікке ұшырау және өлім қаупін едәуір төмендетеді. Екпе алған адам сырқаттанған күннің өзінде ауру көбіне жеңіл өтеді.
Халықтың басым бөлігі егілген кезде инфекцияның таралу тізбегі үзіліп, ұжымдық иммунитет қалыптасады. Оның арқасында жасы бойынша әлі екпе алмаған сәбилер, иммундық жүйесі әлсіреген азаматтар және медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты вакцина ала алмайтын адамдар да жанама түрде қорғалады. Сондықтан вакцинация – жеке таңдау шеңберінен шығатын, айналамыздағы адамдардың денсаулығына да жауапкершілікпен қарауды талап ететін мәселе.
Кейбір ата-аналар баласы қазір дені сау болғандықтан, инфекция оған қауіп төндірмейді деп ойлайды. Алайда жұқпалы аурудың кімде және қашан ауыр өтетінін алдын ала анықтау мүмкін емес. Қызылша пневмонияға, мидың қабынуына және иммундық жүйенің ұзақ уақыт әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Көкжөтел, әсіресе бір жасқа дейінгі сәбилер үшін қауіпті: ұзаққа созылатын жөтел ұстамалары тыныстың уақытша тоқтауына соқтыруы мүмкін. Дифтерия жүрек пен жүйке жүйесін зақымдайды, сіреспе ауыр бұлшықет құрысуын туғызады, ал полиомиелит қайтымсыз салдануға әкелуі ықтимал.
Демек, екпеден бас тарту инфекцияның өзінен ғана емес, оның ауыр асқынуларынан қорғану мүмкіндігінен де бас тартуды білдіреді. Екпе алмаған адамдардың саны көбейген сайын ұжымдық иммунитет әлсіреп, инфекцияның таралуына қолайлы жағдай қалыптасады.
Вакциналар қолданысқа енгізілгенге дейін сапасы, қауіпсіздігі және тиімділігі бойынша зерттеулердің бірнеше кезеңінен өтеді. Тіркеуден кейін де олардың қауіпсіздігіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Иммундаудан кейін тіркелген әрбір елеулі жағдай белгіленген тәртіппен зерделеніп, оның вакцинамен себеп-салдарлық байланысы бағаланады.
Екпеден кейін инъекция салынған жердің ауыруы немесе қызаруы, дене қызуының қысқа мерзімге көтерілуі, әлсіздік сияқты жеңіл реакциялар байқалуы мүмкін. Бұл көп жағдайда иммундық жүйенің қалыпты жауабы болып табылады және бірнеше күн ішінде өздігінен басылады. Ал вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекциялардың салдары әлдеқайда ауыр болуы ықтимал.
Әрбір екпенің алдында медицина қызметкері адамның денсаулық жағдайын бағалап, вакцинацияға қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтайды. Нақты медициналық қарсы көрсетілім болған жағдайда екпе уақытша кейінге қалдырылады немесе тиісті медициналық шешім қабылданады. Сондықтан ата-аналар өз бетінше қорытынды жасамай, барлық сұрақтарын медицина қызметкерімен талқылағаны жөн.
Қазақстан Республикасында профилактикалық екпелер Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Міндетті профилактикалық екпелердің тізбесі, оларды өткізу мерзімдері және иммундауға жататын халық топтары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен белгіленген.
Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген жоспарлы екпелер халыққа тегін жүргізіледі. Әрбір екпенің мерзімі баланың инфекцияға осал кезеңі мен толыққанды иммунитет қалыптастыруға қажетті аралықтар ескеріле отырып белгіленген. Сондықтан екпені себепсіз кешіктірмей, вакцинацияның толық курсын аяқтау өте маңызды.
Егер бала қандай да бір себеппен екпесін уақытында алмаған болса, вакцинацияны қайта бастаудың қажеті жоқ. Медициналық ұйымда жеке толықтыра егу кестесі жасалып, өткізіліп алған дозалар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Бүгінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде вакцинацияға қатысты ғылыми негізі жоқ, үрей туғызатын ақпарат жиі таралады. Мұндай мәліметтердің авторы, дереккөзі мен ғылыми дәлелі көрсетілмеуі мүмкін. Сондықтан денсаулыққа қатысты шешім кездейсоқ жарияланымдарға емес, медицина мамандарының кеңесі мен ғылыми негізделген ақпаратқа сүйене отырып қабылдануға тиіс.
Вакцинация – тек медициналық шара емес. Ол – баланың денсаулығына жасалған ұзақ мерзімді инвестиция, ата-ананың саналы шешімі және қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік. Екпе арқылы біз өзімізді ғана емес, балаларымызды, егде жастағы адамдарды және денсаулық жағдайына байланысты вакцина ала алмайтын азаматтарды да қорғаймыз.
Аурудың ауыр салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан Ұлттық егу күнтізбесін сақтау, өткізіліп алған екпелерді толықтыру және вакцинация туралы шешімді сенімді ақпарат негізінде қабылдау – әр отбасының денсаулығын сақтаудың және қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды қадамы.
Серік Омарханов, Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы



