Қосшы қаласында «Тазалық – мәдениеттің бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен қаланың бес жылдығына арналған сөз додасында еліміздің әр өңірінен жиналған ақындар тазалық, туған жерге деген жауапкершілік пен қоғам мәдениеті тақырыптарын жырға қосты. Алты сағатқа жуық уақытқа созылған өнер сайысы көрерменге ұлттық сөз өнерінің тағылымын тағы бір мәрте танытты.
Тазалық ұғымы көбіне қоршаған ортаны күтіп ұстаумен байланыстырылғанымен, оның мәні әлдеқайда кең. Ол адамның ішкі мәдениетінен, қоғамдық ортаға құрметінен және туған жерінің тағдырына бейжай қарамауынан басталады. Айтыс барысында ақындар осы ойды өлеңмен өріп, тазалықты адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің өлшемі ретінде көрсетті.
Қазақтың дәстүрлі өнерінде қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, елді ізгілікке үндеу айрықша орын алады. Бұл жолғы айтыста да қоғамдық орындарды таза ұстау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау, адалдық пен өзара құрмет секілді құндылықтар сөз болды. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасының ұлттық өнермен сабақтасуы қоршаған ортаға жанашырлықты ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастыруды да көздейді.
Өнер додасы Қосшы қаласының бес жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Қаланың дамуы мен рухани-мәдени өмірінің сабақтастығына Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешев тоқталды.
«Қосшы қаласы биік ғимараттарымен ғана емес, осындай рухани-мәдени шаралар арқылы да көркейіп, дамуы керек. Бұл бағытта алдағы уақытта да көптеген жұмыс атқарылатын болады. Бүгінгі республикалық айтыс – соның айқын дәлелі», – деді ол.
Оның айтуынша, қаланың өркендеуі инфрақұрылымдық өзгерістермен ғана өлшенбейді. Рухани-мәдени шаралардың ұйымдастырылуы да тұрғындардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, қоғамдық өмірді жандандыруға ықпал етеді. Әсіресе жас қаланың мерейтойы аясында республикалық деңгейдегі айтыстың өтуі Қосшының мәдени кеңістігін кеңейте түседі.
Ал айтыскер ақын Мұхаммед Қонқаев тазалықты адамның ішкі мәдениетімен байланыстыра отырып, мұндай тақырыптардың өнер мінберіне шығуының маңызын атап өтті.
«Тазалық – тек қоршаған ортаны күтіп ұстау емес, ол адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесінен басталады. Осындай маңызды тақырыптың айтысқа арқау болуы – ұлттық өнер арқылы қоғамға ой салудың тиімді жолы», – деді ол.
Республикалық айтысқа еліміздің әр өңірінен он ақын қатысты. Олардың қатарында Қарағанды облысынан Бейбіт Байжігіт, Қызылорда облысынан Сырым Әділбек, Астанадан Мейірбек Сұлтанхан, Абай облысынан Рүстем Қайыртай, Шымкенттен Нұртілеу Төленбек, Ұлытау облысынан Сырым Нығызбай, Шығыс Қазақстан облысынан Айғаным Балғабай, Ақмола облысынан Мұхаммед Қонқаев пен Ерлан Дәулет және Қосшы қаласынан Сәттібек Серікболат болды.
Айтыстың тізгінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев ұстады. Ақындардың өнерін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Дәулеткерей Кәпұлы, Қойлыбай Асанов, Айтақын Бұлғақов және Мәдениет саласының үздіктері Құдайберлі Мырзабек пен Еркебұлан Қайназардан құралған қазылар алқасы бағалады.
Сахнада әр өңірдің өзіндік үні мен сөз саптауы тоғысып, ақындар тапқырлық пен суырыпсалмалықтың үлгісін көрсетті. Көрермен залы лық толып, жұртшылық алты сағатқа жуық уақыт бойы айтысты ықыласпен тамашалады. Бұл ұлттық өнердің бүгінгі қоғамда да маңызын жоғалтпағанын аңғартты.
Сөз сайысының қорытындысы бойынша бас жүлде Астанадан келген Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Бірінші орынды Мұхаммед Қонқаев, екінші орынды Сырым Әділбек, үшінші орынды Рүстем Қайыртай иеленді.
Бас жүлде иегері Мейірбек Сұлтанханға 1 миллион 500 мың теңге табысталды. Бірінші орын алған Мұхаммед Қонқаев 1 миллион теңге, екінші орын иегері Сырым Әділбек 700 мың теңге, үшінші орын алған Рүстем Қайыртай 500 мың теңге сыйақы алды. Қалған қатысушылардың әрқайсысына 300 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.
«Тазалық – мәдениеттің бастауы» республикалық айтысы ұлттық өнер арқылы қоғамға маңызды ой салды. Қоршаған ортаны күтіп ұстау мен рухани құндылықтарды сақтау өзара тығыз байланысты. Екеуінің де негізінде құрмет, жауапкершілік және ортақ игілікке деген жанашырлық жатыр.
Қосшыдағы айтыстың негізгі тағылымы да осында: қаланың шынайы дамуы оның сыртқы келбетімен ғана емес, тұрғындарының мәдениетімен, рухани байлығымен және туған жер алдындағы жауапкершілігімен өлшенеді.



