Ақмола облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және вандализмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ғимараттардың қасбеттеріне, аялдамаларға, қоршауларға және басқа да нысандарға рұқсатсыз жазулар мен суреттер салудың құқықтық салдары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндірілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында полиция тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға басымдық береді.
Граффити заманауи өнердің бір түрі болғанымен, оны кез келген жерге рұқсатсыз салуға болмайды. Егер мұндай әрекет бөтен мүліктің бүлінуіне немесе абаттандыру қағидаларының бұзылуына әкеп соқса, заңнамаға сәйкес жауапкершілік туындауы мүмкін.
«Граффити өнердің бір түрі болғанымен, оны кез келген жерге рұқсатсыз салуға болмайды. Егер мұндай әрекеттер бөтен мүліктің бүлінуіне немесе абаттандыру қағидаларының бұзылуына әкеп соқса, заң аясында жауапкершілік туындауы мүмкін. Сондықтан әр азамат қоғамдық және жеке меншікке жауапкершілікпен қарауы керек», – деді Ақмола облысы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Хұсайынов.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құқық бұзушылықтың сипаты мен келтірілген залалға қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, абаттандыру қағидаларын бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы, ал бөтен мүлікті қасақана бүлдіру белгілері болған кезде тиісті өзге де нормалар қолданылуы ықтимал. Жауапкершілік әрбір жағдайдың мән-жайына қарай айқындалады.
Полиция құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырады. Сонымен қатар қоғамдық орындарды тексеру, бейнебақылау жазбаларын зерделеу және құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау шаралары жүзеге асырылады.
«Құқық бұзушылықтардың алдын алу тек жаза қолданумен шектелмейді. Әсіресе жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Егер жастар граффити өнерімен айналысқысы келсе, арнайы бөлінген немесе меншік иесімен келісілген орындарды пайдалануы қажет», – деп атап өтті ол.
Полиция тұрғындарды бөтен мүлікке ұқыпты қарауға және құқық бұзушылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырады. Егер азаматтар рұқсатсыз сурет салу немесе қоғамдық нысандарды бүлдіру әрекеттерінің куәсі болса, бұл туралы полицияға хабарлағаны жөн. Бұл ретте жеке қауіпсіздікті сақтап, құқық бұзушылармен өз бетінше жанжалға түспеу маңызды.
Граффити өнерімен айналысқысы келетін азаматтар арнайы бөлінген немесе келісілген алаңдарды таңдауы керек. Қоғамдық кеңістіктерді сақтау және заң талаптарын орындау – «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде жүзеге асырудың маңызды бөлігі.



