Ұрлық — өзгенің мүлкін заңсыз иемдену арқылы оған зиян келтіретін, адамдар арасындағы сенімге сызат түсіретін қылмыс. Оңай олжаға қызығу немесе ойланбай әрекет ету адамды өкінішке ұрындырып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ұрлық жасаған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Қолданылатын жаза қылмыстың мән-жайына, ауырлығына және заңда белгіленген талаптарға байланысты болады. Сондықтан өзгенің мүлкіне қол сұғу заң алдында жауап беруге әкелетінін әрдайым есте ұстаған жөн.
Өз мүлкіңізді қалай қорғауға болады?
– Қоғамдық орындарда телефон, әмиян мен сөмкені қараусыз қалдырмаңыз.
– Қоғамдық көлікте, базарда және сауда орталықтарында жеке заттарыңызға мұқият болыңыз.
– Үйден шығарда есік-терезелерді мықтап жауып, кілттерді қауіпсіз жерде сақтаңыз.
– Автокөлікте бағалы заттарды көзге түсетін жерде қалдырмаңыз.
– Телефонға құпиясөз орнатып, банк картасының деректері мен растау кодтарын бөгде адамдарға айтпаңыз.
– Жұмыс орнында және оқу орындарында жеке заттарыңызды қадағалап жүріңіз.
Ұрлыққа тап болсаңыз, не істеу керек?
Мүлкіңіздің жоғалғанын байқап, оның ұрланғанына күмәндансаңыз, полицияға хабарласыңыз. Оқиғаның мән-жайын баяндап, қолыңызда бар құжаттар мен іске көмектесетін мәліметтерді ұсыныңыз. Күдікті адамды өз бетіңізше ұстап алуға немесе онымен жанжалдасуға тырыспаңыз.
Ұрлықтың алдын алу әр адамның сақтығы мен жауапкершілігінен басталады. Балалар мен жастарға өзгенің мүлкін құрметтеудің, адал болудың және заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру қажет. Өйткені бір сәттік қателік адамның болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Есіңізде болсын: өзгенің мүлкіне құрметпен қарау, адалдықты сақтау және заңды құрметтеу — әр азаматтың міндеті!



