Қазақстандықтар Түркиядан жаппай тұрғын үйлер сатып ала бастаған. Turk.Estate компаниясының мәліметінше, биыл отандастарымыз Жеорта теңізі жағалауынан 1,5 мыңға жуық пәтер сатып алған. Мамандар мұны бағаның арзандығымен байланыстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын миллиондаған шаршы метр жалға беріледі. Бірақ бұл тұрғын үй бағасының арзандауына еш әсер етпеген. Тек осы жылдың өзінде жаңа пәтерлер құны бірден 10-15% артқан. Мұндай өсім тұрғындар табысына да сәйкес келмейді.
Ал екінші дәрежелі тұрғын үйлердің бағасы екі есеге қымбаттаған. Құрылысшылар ассоциациясына бұған жанармай, жарық және құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп дейді.
“Биыл тұрғын үй нарығында айтарлықтай қиындықтар болды. Тек тұрғындарға ғана емес, құрылыс компанияларына да әсер етті. Компаниялар туралы айтсақ, біз жұмысшылар және құрылыс материалдарының жетіспеушілігі секілді мәселелерге тап болдық. Барлық елдерде құрылыс жүргендіктен металл қымбаттады. Бұл ішкі нарыққа да әсер етпей қоймады», – деді Қазақстан құрылысшылар ассоциациясының президенті Виктор Микрюков.
Елде жеткіліктік шегі де өсті. Зейнетақы жинағындағы ақшасын барлығы тұрғын үй алу үшін қолдана алмады. Келесі жылы бұл мүлде мүмкін болмай қалуы мүмкін. Сондықтан азаматтар Кипр, Грузия, Түркия секілді елдерден пәтер сатып алуда.
«Менің ойымша, Түркиядан үй алу Қазақстаннан алғанға қарағанда арзан әлі жеңіл. Бізде көп құжаттар сұрайды, бұл қалтаға ұратыны сөзсіз. Түркияда медициналық сақтандыру және өзге жеңілдіктер қарастырылған», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Жазира Демеуова.
Сонымен қатар Түркияда нысанның құрылысы уақытында пайызсыз несие де беріледі. Биылғы жылдың өзінде отандастарымыз бұл елден 1,5 мың үй сатып алған. Ал бір бөлмелі пәтердің орташа құны 25 млн теңгеге дейін жетеді.
«Мысалы, жөндеу жұмысы жүргізілген, жиһазы бар екінші деңгейлі пәтердің шаршы метрі 1 000 еуро. Құрылысы енді басталған үйден алған тиімді. Егер алып-сататын болса 20-30% пайда табуға болады», – дейді жылжымайтын мүлік агенті Мейірбек Тұрмағамбетов.
Дегенмен мұның да өз қиындықтары бар. Егер жұмыс істегіңіз келсе, Түркияда жұмыс визасы қажет. Ал пәтерді жалға алу үшін 100 пайыздық депозит төлейсіз.