Зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнаулы кітапханасының 55 жылдық мерейтойы мен Халықаралық зағиптар күніне орай Қазақ зағиптар қоғамының клубында «Мейірім мен жылу шаңырағы» атты салтанатты мерекелік кеш өткізілді.
Шараның мақсаты – кітапхананың жарты ғасырдан астам тарихын дәріптеу, зағип және нашар көретін азаматтарға көрсетіліп келе жатқан рухани-мәдени қолдаудың маңыздылығын насихаттау, кітапхана мен оқырмандар арасындағы өзара байланысты нығайту, кітапхана ардагерлерінің еңбегін ұлықтау және қоғам назарын көру қабілеті бұзылған жандардың өмірі мен тыныс-тіршілігіне аудару.

Мерекелік кешке қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, қаламгер С.С. Жетпискалиев; «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Н.О. Аубакиров; Ш. Уәлиханов атындағы университет пен көпсалалы колледждің оқытушылары Г.Т. Кусаинова, Г.К. Жексенбаева, әдіскер Ұ.Ө. Мұратбекова және студенттері; «Өркен» балабақшасының меңгерушісі Г.Ж. Бакова; Мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының қызметкері Г.Т. Есілбаева; облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Ж.Ш. Альтекова; қалалық емхана жанындағы Жастар денсаулық орталығының психологы Б.Н. Жетенова, кітапхана ардагерлері мен қызметкерлері, әріптестер, оқырмандар, 5510 әскери бөлімінің өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – Kokshe TV телеарнасы мен «Арқа ажары» газетінің тілшісі Майра Қуанышқызы қатысты.
Кеш барысында кітапхананың 55 жылдық шежіресі мен қалыптасу жолын, жеткен жетістіктерін баяндайтын бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар Астана қаласындағы арнайы кітапхана ұжымының құттықтауы және еліміздің әр өңірінде, тіпті Германияда тұратын кітапхана оқырмандарының жүрекжарды бейнеқұттықтаулары көрсетіліп, мерекенің мән-маңызын арттыра түсті.
Салтанатты жиында қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, кітапхананың қоғам өміріндегі ерекше орны мен зағип және нашар көретін азаматтардың рухани әлемін байытудағы маңызды рөлі атап өтілді. Кітапхананың өткені мен бүгініне шолу жасалып, оның дамуына үлес қосқан жандардың еңбегі мен игі істері ерекше ықыласпен еске алынды.
Мерекелік кештің көркемдік мазмұнын өнерпаздардың әсем әндері, музыкалық шығармалары мен әдеби тартулары толықтырды. Кітапхана оқырмандары мен қонақтарына құрмет көрсетіліп, мерекелік көңіл күй сыйланды.

Шара соңында кітапхана жұмысына қолдау көрсетіп, мәдени-рухани өміріне белсене атсалысып жүрген азаматтарға, әріптестер мен серіктестерге алғыс хаттар табысталды.
«Мейірім мен жылу шаңырағы» атты мерекелік кеш кітапхананың 55 жылдық тарихын ұлықтап қана қоймай, ізгілік пен жанашырлықты, достық пен рухани бірлікті дәріптеген тағылымды кездесу болды.
Жадыра НӘБИҚЫЗЫ,
Зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнаулы кітапханасының меңгерушісі.



