spot_img
Сәрсенбі, Желтоқсан 4, 2024
-8.2 C
Kokshetau

Астанадағы жәрмеңкеге Ақмола облысынан 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысуда

Сондай-ақ...оқыңыз

АВТОР : Жабал ЕРҒАЛИЕВ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Ақмола облысының әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ:
« Еліміздің ырысы ортаймасын, еліміздің бірлігі нығайып, ынтымағы жараса берсін деген ниетпен Астана жәрмеңкесіне барымызды алып келдік!»
—————————-

Бүгін (26 қазан 2024 жыл) Ақмола облысының Астана қаласында жәрмеңкесі басталды.
Жәрмеңкеге алғашқы болып келген облыс әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ жәрмеңкеге келуші астаналықтарды Республика күні мерекесімен құттықтап, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау басты міндет екендігін атап көрсетті. Бүгінгі жәрмеңке де осы ниетпен ұйымдастырылып отыр.
Бұл жылдағы дәстүр! Күздің ақмолалықтар үшін берекелі болғаны бар. Ауа райының аса қиын жағдайында өсірілген астық жинап алынды.
Және де 6,6 миллион тонна астық жиналды!
Мұндай көрсеткішке Қазақстанның бірде-бір өңірі жете алмады. Ақмоланың өзінде дәл осындай мол астық 2011 жылдан бері болмаған-ды!
Астананың азық-түлік белдеуінде белді орны бар Ақмола облысының бүгінгі жәрмеңкесінің де сөрелері қайысып тұрды.
Еттің не бір түрлері… шұжықтар… сүт пен қаймақ… әйтеуір аймақта не өсіріліп, не өндіріледі, сол өнімдердің барлығы да Астана жәрмеңкесіне жеткізілді.
Сол азық-түлік өнімдерінің 40-тан астам түрлері бар. Бұл жолы облыс бойынша 300 тоннадан астам өнім саудаға салынды.
Баға дейсіз бе… баға « құдайға қараған» деуге болады. Жәрмеңкедегі баға әдеттегі сауда орындарынан 10-15 пайыз төмен екендігін астаналықтар қуана өздері айтып жатты.
Былайша айтқанда баға да, азық-түліктің сапасы да жәрмеңкеге келушілердің көңілдерінен шыға білді.
Және де жәрмеңкені ұйымдастырудағы ақмолалықтардың өнегесі, тұтынушыларға жасап жатқан қамқорлықтары ерекше назар аудартары бар.
Ақмоланың жәрмеңкесінен өздеріне сатып алған керекті азық-түліктерін көліктеріне артып беруде, көліктері жоқтарға өздері жеткізіп беруде Еріктілер шынайы көмек көрсетіп жатыр.
Жәрмеңкеге жыл сайын өз Еріктілерін алып келетін жалғыз өңір осы Ақмола облысы!
Бүгінгі жәрмеңкеде елуден астам еріктілер зыр жүгіріп көмектесіп жүрді.
Жәрмеңке ақмолалық өнерпаздардың салған әндерімен, тартқан күйлерімен көмкеріліп, келушілердің көңілдеріне қуаныш сыйлады.
Базарың тарқамасын, Қазақ елі!
*
АСТАНАДА ТҰРАТЫН АҚМОЛАЛЫҚ ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІНЕ КӨКШЕТАУ ДӘМІ ДАСТАРХАНҒА ТАРТЫЛДЫ, ӘНІ ДЕ ШАЛҚЫДЫ!
******
Ақмола облысының әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ қазіргі уақытта Астана қаласында тұратын, алайда кезінде Ақмола облысының дамуына өздерінің үлкен үлестерін қосқан ардагерлерді сәнді бір дастархан басына жинады.
-Біраздан бері осы Сіздермен кездесіп, танысу және ақыл-кеңестеріңізді алу ойымда жүрген болатын. Соның сәті бүгін түсіп отыр. Сіздер өңір көрген, өмір көрген, осы біздің Ақмола облысының дамуына өлшеусіз үлес қостыңыздар! Еңбектеріңіз зор! Қазіргі уақытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті қоғам, Әділетті экономика құру үшін баршамыздың алдымызға қойып отырған міндеттерін жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп жатырмыз,-дей келіп Марат Ахметжанов Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі барысы мен алда тұрған міндеттерге тоқталып, елордалық-ақмолалық ардагерлерді өңірдің хал-ахуалымен таныстырды.
Таныс бейне, таныс есімдер!.. Өмірзақ БОЛСАНБЕКОВ, Валентин ЩЕРБАКОВ, Сансызбай ЕСІЛОВ, Қайсар ОМАРОВ, Светлана ЖАЛМАҒАНБЕТОВА, Егор КАППЕЛЬ, Малгаждар ТАТКЕЕВ, Асқарбек ҮЙСІМБАЕВ, Рахман МАДИЯРОВ, Қадырхан ОТАРОВ, Амангелді Сыздықов, Әнуарбек САҒИТОВ, Бекен ӘЛІМЖАНОВ, Болат ҚУАНЫШЕВ, Еркін ДӘУЕШОВ,Салман ГЕРОЕВ, Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Сұлтан ҚАСЕНОВ, Күләш БАЙДӘУЛЕТОВА, Сәуле БӨРІБАЕВА…
Бәрін бірдей түгендей айту мүмкін де емес! Әкім жайған дастархан басында отырған осы және өзге де ардақты ағалар мен қымбатты апайларымыз кезінде осы Ақмола облысының сан-салалы қызметінде болған жандар! Даңқты жандар! Ақмоланың тірі тарихы мен щежіресі де осы жандар!
-Біраз болды осы Астанада тұрып жатқан ақмолалық ардагерлер ұмыт бола бастап еді. Бүгін бір жасап қалдық! Бірімізбен біріміз сырласып, өткен-кеткенді еске алып, бір жадырап қалдық! Біз астанада тұрып жатқанымызбен ойымыздан, санамыздан Ақмола облысы кетпейді! Қалай еңбек етіп жатырсыздар, қандай табыс бар, қандай кемшіліктер болып жатыр, соның барлығын біліп отырамыз. Жанымыз ашып отырады. Тілеулеріңізді тілеп отырамыз,-деп кезінде Целиноград облыстық ішкі істер басқармасын басқарған генерал Өмірзақ аға Боласанбеков облыс әкімі Марат Ахметжановқа шынай ризашылығын білдіріп, өңірдегі ісіне табыс тіледі.
Дастархан басында сөз сөйлеген астаналық-ақмолалық ардагерлердің барлығы да бүгінгі кездесуді ұйымдастырып, ықылсын білдірген облыс әкімі Марат Ахметжановқа алғыстарын жаудырумен болды. Бәрінің айтарлары «астан-судан, ішер-жемнен тарығып отырған жоқпыз, бізге қазір бір кішкене ғана көңіл жетіспей жатады» дегенге келіп сайып жатты.
Иа… Көңіл жетіспей жатады!.. Қысқа ғұмырды ұзартатын да бәлкім осы көңіл шығар?!
Сол көңілді бір сәтке көркейткен Көкшетаудың дәмі… Көкшетаудың әні… алаштың азаматы, әкім Марат Ахметжановтың ниеті әрдайым көркейе берсін!
Бұл бүгінгі кездесу сәтін бастан өткерген әр жанның жүрегіне алғыс болып тұнған көңіл еді!

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Қаланың ірі өнеркәсіп орындары бос жұмыс орындарын ұсынуда

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ Көкшетау қ, солтүстік өнеркәсіптік аймақ, 7-жол, 6-үй «ENKI» ЖШС және «ENKI...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img