spot_img
Сәрсенбі, Желтоқсан 4, 2024
-8.2 C
Kokshetau

Целиноград ауданында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қолдау кабинеттері ашылды

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының Целиноград ауданында Ы. Алтынсарин, Кызылжар, Оразақ және Қараменді батыр ауылдарының мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттерінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл іс-шара Республика күніне орай ұйымдастырылды. Оған Ақмола облысы білім басқармасы басшысы Айнагүл Балташева, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев, «AMANAT» партиясының ЖҚ «Жастар Рухы» төрағасы Акерке Искандерова, «Esen Foundation» қорының білім беру жобаларының жетекшісі Камила Башарова және «Baquatty Aimaq Qory» қорының директоры Гүлмира Абельдинова қатысты.

Бұл кабинеттер «Baquatty Audan» бастамасының кешенді бағдарламасы аясында, «AMANAT» партиясының қолдауымен, «ANSA» және «Esen Foundation» жеке қорларының қатысуымен ашылып жатыр. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын білім беру, денсаулық сақтау және инклюзия салаларында жақсартуға бағытталған бірқатар жобаларды қамтиды.

Бүгін сол жобалардың бірі – инклюзия кабинеттері Ы. Алтынсарин, Кызылжар, Оразақ және Қараменді батыр ауылдарының мектептерінде іске қосылды, оған демеуші ретінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры қосылды.

Бұл жобаның мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар ауыл балаларының мектептерде білім алуына мүмкіндік беру. Жаңа кабинеттердің ашылуы арқылы ондаған бала жалпы білім беру процесіне қосылып, өз қатарластарымен бірге оқуға мүмкіндік алады.

Инклюзияны қолдау кабинеттері ерекше қажеттіліктері бар балаларға жеке оқу тәсілін қамтамасыз етеді. Әр балаға мұғалімдер, педагог-ассистенттер, логопедтер және дефектологтар секілді мамандар көмек көрсетеді. Бұл мамандар оқытудың барлық кезеңдерінде балаларды қолдап отырады. Мұндай жағдайлар балалардың тек білім алуына ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтенуіне де ықпал етеді, бұл ерекше баланың дамуы үшін өте маңызды.

Инклюзияны қолдау кабинеттері төрт аймақтан тұрады: мұғалім аймағы, топтық және жеке сабақ аймақтары, сондай-ақ сенсорлық демалу аймағы. «ANSA» жеке қорының қолдауымен кабинеттер бірыңғай дизайн тұжырымдамасына сәйкес жөнделген.

Оқу кабинеті ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы жиһазбен жабдықталған. Бұл жиһаз жоғары беріктікке ие және 25 жылға дейін қолдануға жарамды. Сонымен қатар, жиһаздың инновациялық антимикробты жабыны балалар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастырып, ауру қаупін азайтады. Барлық материалдар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Кабинеттерді жабдықтауға жобаның бас серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржылық қолдау көрсетті.

«Біздің мақсатымыз – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мектеп ортасына сәтті бейімделуіне және қоғамда толыққанды өмір сүру үшін қажетті дағдыларды дамытуына көмектесу. Үздіксіз әдістемелік қолдау мен заманауи оқыту әдістерінің арқасында балаларға да, олардың қатарластарына да, сондай-ақ мұғалімдер мен ата-аналарға да қолайлы жағдай жасалады. Бірлескен жобамыздың табысты тәжірибесі еліміздегі инклюзивті білім беруді дамытуға лайықты үлес қосатынына сенімдімін», – деп атап өтті «Baquatty Aimaq Qory» қоғамдық қорының директоры Гүлмира Абельдинова.

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында біз партия тарапынан балаларға арнайы жағдайлардың жасалуын қарап отырамыз. Ерекше білімді қажет ететін балалардың білім алу мекемесін, ол балабақша болсын, мектеп болсын,  ата-анасы өзі таңдайды. Кей ата-ана өз баласына арнайы мекемені таңдайды, кей ата-ана – жалпы білім беретін мектептте инклюзивті ортада оқытуды таңдайды. Міне осы жағдайда Инклюзияны қолдау орталықтарының болуы баланың білім алуына, әлеуметтенуіне, дамуына үлкен пайдасы тиеді.» –  деді «AMANAT» партиясының ЖҚ «Жастар Рухы» төрағасы Акерке Искандерова.

«Қор өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында инклюзия саласына ерекше мән береді. Оның ішінде білім мен медицина бағыттарында қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты қысқартатын кешенді көзқарасты ұстанып келеміз. Кеше ғана Ақтөбе облысында аутизмі бар балаларға арналған орталықты іске қосу арқылы оңалту мекемелерінің санын 43-ке апардық. Бұл дегеніңіз, өңірлерде оңалту қызметі одан әрі қолжетімді бола түсуде», – деп атап өтті ашылу «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.

«Ақмола облысында инклюзияны қолдау бойынша 70 кабинет ашылды, бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарын уақтылы қолдау болып табылады. Бүгін біз Ы.Алтынсарин ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде инклюзивті білім беруді қолдаудың кабинеті ашылуына жиналып отырмыз. Қазірдің өзінде бұл инклюзия кабинетіне ерекше білім беру қажеттіліктері бар 15 оқушы қатысады.» – деді Ақмола облысы білім басқармасы басшысы Айнагүл Балташева.

«Осыған дейін біз Астана қаласында балаларымызды ақылы кабинеттерге, ақылы орталықтарға апарып жүрдік. Енді міне ауылымызда, өзіміздің мектебімізде осындай кабинет ашылғанына өте қуаныштымыз. Балаларымыз тегін, ерекшеліктеріне қарай жеке әдістемемен білім алады.»  –  қуанышымен ата-ана Салтанат Қалдыбаева бөлісті.

Бұдан бөлек, бас серіктес педагогтарды бірнеше кезеңдік дайындықтан өткізуді қамтамасыз етеді. Ауыл мектептерінің мұғалімдері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы оқу бағдарламасынан өтеді. Бағдарлама теориялық курстарды ғана емес, сонымен қатар оқу жылы бойына әдістемелік қолдаумен бірге жүретін практикалық сабақтарды да қамтиды. Мұндай әдіс педагогтардың біліктілік деңгейін көтеруге ықпал етіп, балаларды жалпы білім беру процесіне табысты интеграциялау үшін жағдай жасайды, оқыту сапасын жақсартады.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Қаланың ірі өнеркәсіп орындары бос жұмыс орындарын ұсынуда

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ Көкшетау қ, солтүстік өнеркәсіптік аймақ, 7-жол, 6-үй «ENKI» ЖШС және «ENKI...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img