spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Торақ би Досқанұлы (Досқанның лақап аты Боқан)

Сондай-ақ...оқыңыз

Қазақ шежіресі Орта жүз Арғынды Мейрамның бес баласынан (бес мейрамнан) таратады. Мейрам сопыдан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік және Қарқабат анамыздан туған Болатқожаны (Қаракесекті) шығарады.
Қуандықтан Алтай, Қарпық, Есенқарт, Бөріш-Темеш және Ағыс-Қалқаманды туғызады. Алтай бабамыз төрт әйел алған дейді аңыз.
Үлкен әйелінен (бәйбішеден) Алсай, Нұрбай, екінші әйелінен Әлке, Байдалы, Сайдалы, үшінші әйелінен Мойын, төртінші әйелі Мұңлықтан кенжесі Кенжеғара туады.
Сондықтан Алтай бабамыздың қара шаңырағы Кенжеғарада қалғанын елдің бәрі мойындайды.
Кенжеғара бабамыздың тоқалынан Жауғаш туады. Ол батыр адам болған, артында сөз қалған. Осы Жауғаштың шешесі қалмақ қызы болса керек.
Жауғаштан екі ұл – Амалдық, Тәңірғұл, Тәңірғұлдан Жұмағұл.
Жұмағұлдан Айдар, одан екі ұл Досқан (Боқан), Тоқпан туады. Осы Боқаннан (Досқанның елге көп тараған аты) Торақ, Иман тарайды.
Торақ бабамыз жасынан су төгілмес шешен, от тілді орақ ауызды көсем болады. Торақ шешеннің айтқан сөздері, бірқақпайлары осы заманға жеткен.


Жас кезінен-ақ би атанып елдің көзіне түседі.
Орта жүз Қуандықтың Алтай тармағына жататын кенжеғараның ұрпақтары алдындағы ағалары Алсай, Нұрбай, Әлке, Байдалы, Сайдалы және Мойындарға қарағанда көп өспеген, соның салдарынан еншіге мал алғанымен жер ала алмай әр жерде шашырап жүріпті.
Кенжеғарадан бері алты ұрпақ, шамамен 1,5 ғасырдай уақыт өтсе де олар рулық деңгейге жете алмайды.
19 ғасырдың 20-шы жылдары Ресей Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару тәртібін енгізгенде үй саны жетпеген кенжеғараларды Мойыннан тарайтын інісі Қарекелерге қосып бір болыс құрады. Сайда саны, құмда ізі жоқ болып пұшайман халде жүрген бауырларының жағдайы Торақты толғандырып сол кезде орысша тіл білетін, Омбының кадет корпусын бітірген сауатты тұлға, заңгер, Ақмола уезіне қарайтын бірнеше болыстықтың аға үйлестірушісі жездесі Телғозының Шоңымен ақылдасады.
Сол заманда Ақмола уезінің жер басқармасы қазақ рулары мен ауылдарына көші-қон жолдарын, қыстау-жайлауларын реттеп, құжаттарын заңдастырып беріп жатқан екен. Уезд басшылары бұл жұмысқа заңға жүйрік, қазақ өмірінің білгірі Шоңкеңді қатыстырып отырған.
Дәулетбике елінен шыққан Қарағаш Нұра тоқасына жататын атақты Шоң би әкесіне ас беретін болады.

Шоңкеңнің ақылымен Кенжеатаңның үлкендері осы асты пайдаланып қалуды ойлайды. Уезден келген орыс начальниктерінің көзін жеткізу керек, асқа жиналған қалың елді мойындату керек. Сонда ғана Кенжеғара ру санатына кіріп, бөлек жер алып, өтініштерін орындата алады.
Торақ шешен Бітімбайдың Көкшолағын баптатып бәйгеге қостырады, палуан әзірлетіп күреске шығарады.
Сол Көкшолақ ат көмбеге бірінші озып келгенде үстіндегі бала Шаңбатыр «Кенжеғара, Кенжеғара» деп ұрандатып қиқу салып өтеді. Күресте палуандары да жығып әруақ асырады. Сөйтіп алған бәйгелерін сол жерде ел жақсыларына және келген қонақтарға таратып береді. Орысы да қазағы да риза болады. Шоң би мен Торақтың ақылдасып істеген осы амалынан кейін аз ғана кенжеғараға есе алу жеңілдейді, іс жылдам шешіледі. Шоңкең «ортасында жүрсең сіңіп кетесің» деп Қуандықтың шетінен, қыстауын Ақой, Батық, Нарбақы, Шотан, жайлауын Арқалық тауы мен Есен өзенінен жоғары қарай жер кесіп беріп орналастырған.
Бұл өлке енең тоқаларымен, Қареке, Қаракесектермен шектескен. Содан барып, жоғарыда айтқандай Кенжеғара мен Қарекелер бір болысқа кірген.
Қазір бұл жерлер негізінен Шет ауданына қарайды. Есен, Аман өзендерінің бойы бүгінде мемлекеттік жер қорына қарайды. Онда тұрақты ел жоқ, тек киік жайлайды, Жаңаарқа, Шет аудандарының жылқысы бағылады.
Бабамыз 1830-1840 жылдары Кенесары ханның отаршыларға қарсы соғысын қолдап жанынан табылған. Хан кеңесіне кірген. Соңына көптеген руластары ерген. Кене ханның ставкасы Орта жүзде Қуандықтың ортасында Ақтау тауында Айшырақ деген жерде болған. Сол заманда салынған құрылыстардың орнын 1950-60-шы жылдары көрдік. Халық ол жерді кейін Қорған деп атап кетті.
Торақ бабамыз 1842 жылы соғыстан алған жарақатынан, небәрі 42 жасында «хан жолының» бойында, ағайындас темеш елінде көз жұмған.
Жорықтағы батырлардың дәстүрімен қайтыс болған жерінде жерленген.
Кезінде бидің басына кішірек бейіт салынып, құлпытас қойылған. Содан бері өткен 180 жылда бейіт құлап, көктасы көміліп қалған.
Алайда сол елдің үлкендері кейінгі ұрпағына бидің мазары туралы айтады екен. Шнет көлінің жағасындағы қалың қаудың ортасынан бейіттің орнының табылуы да таңғаларлық.
Астанадан тікелей 25 шақырымдай осы жерге бір үлкен құрылыс салынатын болады. Іргедегі ауыл көшіріледі. Бірақ халық наразы болып, ата-бабаларының қорымдарын бүлдіргісі келмейді. Әдетте ондай құрылыс салынатын жерлер тексеріледі.
Ауданның азаматтары аңыз боп келген бидің орнын мұқият қарап, іздеп жүріп сынған құлпытастың жартысын табады. Тереңдей қазып екінші бөлігін алып шығады. Ортасынан бөлінгенімен тас өте сапалы жасалған, араб қарпімен ескі шағатай тілінде жазылған тексті арабистерді шақыртып оқытса руы, өлген жылы жазылған Торақ бидікі болып шығады.
Ұрпағынан кім бар деп жар салады, телевидение, баспасөз арқылы шығады. Әңгіме ұзамай Қарағанды облысындағы кенжеғараларға жетеді, «Жақсының аты өлмейді» дегендей әкелерінен сан естіген атақты бидің жерленген жері табылғанына қуанған ұрпақтары биылғы көктемнен бастап қаржы жинап, қор құрып басына обелиск орнатты.
Биіктігі табанынан бастап 4 метрдей болатын обелиск қызыл гранит, қара және ақ мрамордан әдемі өріліп жасалған. Қоршауы бар.
Ақмола облысы Рахымжан Қошқарбаев атындағы ауыл округінің басшылары мен мамандары, сол жердегі баба ұрпақтары, Қарағандыда тұратын Мертай, Назыр есімді ұлтжанды азаматтар, Целиноград ауданының әкімдігі мен мәслихаты қолдап, облыс орталығы Көкшетауға барып Торақ бидің басын «киелі жерлер» тізіміне енгізіп, ескерткішті мемлекет қарауына алдыртып, тақташасын қойып үлгеріпті. Міне даңқты баба әруағына деген ілтипат пен құрмет!
Обелискнің ашылу сәтін екі телестудия түсірді, би туралы материалды үш ауданның газеттері сұрап алды.
Ауыл округінің орталығы Қабанбай батыр (бұрынғы Рождественка) ауылының мейрамханасында ас беріліп, құран бағышталды.
Ас үстінде Рамазан Сәттібаев және Еркебұлан Қайназаров атты ақындар арнау айтып, аудан және Астанадан келген дәстүрлі әншілер өнер көрсетті. Жиылғандарды аудандық мәслихаттың төрайымы, облыстық тиісті басқармалардың басшылары құттықтады. Олардың жоспарларында сол маңайды түгелдей туристік орын, қасиетті жер жасау бар екен. Себебі жанында ерте замандық қорымдар бар. Бидің жатқан жерінің маңында да адамдар жерленген. Бәлкім олар да ұлт-азаттық соғыстың құрбандары болар.
Келген қонақтар тарапынан аудан және ауыл басшыларына қойылған екі өтініш болды. Бірі обелискіге баратын жолды жөндеп, жеңіл автомобилдер еркін жүре алатын қылу.
Екіншісі Қабанбай батыр ауылының бір көшесіне Торақ бидің атын беру. Бидің атын тіпті аудан орталығы Ақмол кентінің көшесіне берсе де артық болмас еді.
Кететін шығынды Торақ би бабаның ұрпақтары көтеруге дайын.
Бірер сөз Торақ бидің соңына ерген руластарының тағдыры туралы.
Торақ би 1842 жылы өледі.
1847 жылы көктемде Кенесары қолы қырғыз жерінде жеңіліске ұшырап қоршауды бұзып қашып шыққандары жан-жаққа тарап кетеді.
Алайда Сарыарқадан келген сарбаздар бас қосып бұдан былай жеке-жеке ру болып бөлінбеуді жат елде тек қуандық алтаймыз деп айтуға келіседі. Елге қайтайын десе отаршылдардың жазасына ұшырайды. Сөйтіп Шымкент, Ташкент, Шардараның маңына жетіп, ел болмаққа бекінеді. Жігіттердің бәрі сол жақтан қыз алып ұрпақ өрбітеді. (Кене ханның ұйғаруы бойынша ұлы жүзге негізінен отбасын құрмаған сарбаздар аттанған).
Арада 5 ұрпақ ауысқанда олар бірнеше ауыл, жүздеген отбасыға айналады. Көпшілігі Шымкент шаһарының маңында. Қиын-қыстау жылдары кейінде барып қосылғандар болған. Совет заманында колхоз, совхоз құрған.
Өлгендерін Алтайдың қорымы деп бөлек қойған.
Елден жырақ кеткен ағайындарын бұл жақтағы кенжеғаралар ұмытпай қарым-қатынас жасаған. Кейін бұл үрдісті балалары, ұрпақтары жалғастырды.
Соның дәлелі Торақ би бабамыздың, яғни өз заманының көшбасшысы, қайраткері, Кенесарының үзеңгіліс серігінің асына Түркістан облысынан, Шымкенттен көп адамның келуі, қорға қомақты қаржы құюы болды.
Ия, өлі риза болмай тірі байымайды дейді.
Даңқты бабамыздың әруағы бәрімізді желеп-жебеп жатсын.
Олар аңсаған тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

баба ұрпағы Мұқатай Сыздықов
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
Қабанбай батыр ауылы

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img