spot_img
Жексенбі, Қазан 6, 2024
13.2 C
Kokshetau

Заң мен тәртіп – әділеттің басты кепілі

Сондай-ақ...оқыңыз

Адамзат баласы әлмисақтан бері әділет іздеп келе жатқаны анық. «Әділет жоқ» деп кей-кейде налитынымыз да бар. Әркімнің өз ақиқаты барын ескерсек, тұтас қоғам мен мемлекеттің әділ болуы – аса маңызды мәселе. Бұл ретте біздің қоғамның әділетке зәру екені белгілі. Осыны терең сезінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолына ұстаған кезінде «Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз» деп мәлімдеді. Содан бері елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен тың әрі жаңа өзгеріс серпілісі басталды.

Президент Жолдауында халықтың құқықтық мəдениеті артып, қоғамда оң өзгерістер байқалып келе жатқанын атап өтті. «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мəдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа əдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси жəне қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз жəне мəдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Əділетті Қазақстан құрылып жатыр», деді Қ.Тоқаев.

Əділетті Қазақстан орнықтырудың басты ұраны да, құралы да заң мен тəртіп болуы керек. Бұл, əсіресе бүгінде түрлі пікірлер мен көзқарастардың тайталасы ушыға түсіп, кейде жеке адамның ар-намысын аяқасты ететін, кейде Құдайға да, Құранға да қарсы шығып, ата салтты мансұқтап, үлкендердің айтқанына құлақ асудан да қалып бара жатқан қоғам үшін ауадай қажет. Президенттің «Əділетті Қазақстан: заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының осы үш қағидасы, яғни заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм барлық отандасымызды ортақ мүдде мен мақсатқа жұмылдыратын басты идеологиясы болуға тиіс.

Осы орайда Мемлекет басшысының ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюға мəн бергені, «Банктер туралы» жаңа заң керек екенін алға тартқаны бекер емес. Қазір халық банктерге сене бермейді. Тіпті банктерді «халықты ашықтан ашық тонаушы» ретінде санау көзқарасы да жоқ емес. «Банктер туралы» жаңа заң ендігі арада қарапайым халыққа түсінікті боларлықтай етіп жазылуы керек. «Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады» деген Мемлекет басшысының бірауыз сөзі үлкен ойға жетелейді. Қазақ банктері əлем бойынша ең көп пайда табатын банктер санатында болса, онда еліміздегі банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі негеұдайы жоғары болып келеді? Қарапайым халықтың банктерде сақтап отырған қаржысына төлентетін үстеменің пайыздық мөлшері неге төмен? Осы екі мəселе банктер халық мүддесінен гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтынын аңғартса керек. Сосын «банктік құпия» деген желеумен отандық банктер қызметі, табысы жөніндегі ақпараттарды жариялай бермейді. Біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Олай болса, банктердің де ашықтығын жолға қою керек. Кейде осы банктердің қызметіндегі ашықтықтың жоқтығынан да болар, еліміз бойынша жыл сайын өте көп мөлшерде қаржы шетелдерге заңсыз шығарылып келді. Міне, қоғамды толғандыратын осы мəселелер банктер туралы əзірленетін жаңа заңда айқын көрініс табуы қажет.

Əлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Президентіміз «Мемлекеттік қолдау шын мəнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген əлеуметтік көмек əділ, ашық жəне тиімді болуға тиіс», деді. Бұл ретте мемлекет тарапынан əлеуметтік шығыстардың біртіндеп ұлғайтылып жатқаны да – ақиқат. Қазіргі уақытта бюджеттің жартысынан көбі əлеуметтік салаға жұмсалуы, балалы отбасыларды қолдау үшін сəби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылуы, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатқаны жақсы. Əсіресе «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасының іске қосылып, 7 миллион баланың есеп шотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан аса теңгенің аударылуы – Жаңа Қазақстанның бір жақсылығы.

Дегенмен қазір қоғамда масылдық пиғылдың етек алып бара жатқаны алаңдатады. «Бізде шын мəнінде əлі де болса, əлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес» деген Президент сөзінің төркінін түсінсек, əлеуметтік көмек пен түрлі қайырымдылық қорларына қол жайып отыратын «мұқтаждар» аз емес.

Əрине, қайырымдылық керек. Бірақ қайырымдылық жасауды да əсіре науқаншылдыққа айналдырудың пайдасынан зияны басымдау түсіп жатқандай. Тіпті осы қайырымдылықты желеу етіп, жеке-дара қорлар ашып алып, қаржылай көмек сұрап жататындар көбейіп барады. Кейбіреулерге қайырымдылық қорларын басқару мансап əрі өз күнін күйттеудің бірі амалы болып отырғандай. Ендігі арада қоғамда заң мен тəртіптің үстемдігі орын алсын десек, осы қайырымдылық та заң аясында ғана жасалуына мəн берілуі керек. Мемлекет басшысының алдағы жылдың басынан бастап Үкіметке «Əлеуметтік əмиян» жобасын жүзеге асыру жөнінде беріп отырған тапсырмасын орындау кезінде осы жағдай қатты ескерілгені абзал.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғаты өте бай жəне алуан түрлі болғанымен, жеріміздің 5 пайызын ғана орман-тоғай алып жатқанын баса айтты. Табиғаттың əралуандығын сақтау мақсатында орман алқаптарын көбейту еліміздің тұрақты əлеуметтікэкономикалық дамуы үшін өте маңызды. Адам баласы табиғат пен қоршаған орта алдындағы өз жауапкершілігін саналы түрде толықтай сезіне алуға тиіс. Кейде «Табиғатты қорғайық, сақтайық!» деп орман алқаптарының маңына бадырайтып осы ұранды жазып қоятынымыз бар. Сондайда табиғатты кімнен қорғау керек, кім сақтауы керек сауалдың да ойға оралатыны бар. Сол даламыз бен орман-тоғайымызды мекендеген аңдар мен ұшқан құстар өз ортасына залал келтіріп жатпаған болар. Ақиқатында, табиғатты да, айнала қоршаған ортаны да ластап жатқандар – біз, адамдармыз. Бұл орайда табиғатты сақтауда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңызы орасан. Президентіміз мұның тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама екенін, «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысқанын ерекше атап өтті. Осылайша, табиғатты тазарту арқылы өз жан дүниесін бірге тазартып жатқан азаматтардың ізгі, адалдық пен əділдікке ұмтылған кейпін тануымыз керек.

«Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымда масын ұсынғалы бес жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарымқатынас мəдениетін өзгерте алдық» деген Қ.Тоқаевтың мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру жөніндегі тұжырымы мемлекет пен қоғам арасындағы диалогті одан əрі жаңа сапалы деңгейге шығарудағы маңызы зор. Бұл ретте əкімдердітікелей сайлау жүйесін енгізу талабы жүзеге асырыла бастағаны еліміздегі саяси жүйенің жетіле түсуіне оң ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, ауыл əкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізіліп, содан бері 2,5 мыңға жуық əкім сайланыпты.

«Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан жəне облыстық маңызы бар қалалардың əкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Əкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бірреттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді», деп Президентіміз əкімдерді халықтың өзі сайлауы саяси əдістің біріне айналатынын қуат тай түсті.

Алайда осы арада біздің қоғамның əлі де болса бұрынғы билік партиясы қалыптастырып кеткен үрдіске сенімсіздікпен қарайтыны жасырын емес. Біздіңше, «Amanat» демократиялық жолдан таймауы керек. Мысалы, кез келген деңгейдегі əкімдік сайлауында тек осы партияның өкілі ғана жеңіске жетуі керек деген түсінік дұрыс емес. Тіпті кей жағдайда «Amanat» мүшесі əкімдікке өтпей қалып, басқа партиялардың өкілдері сайланып кетіп жатса, бұдан қауіп пен қатер көрудің, бұған кінəліні іздеу, жазалау үрдісінен мүлдем арылуға тиіспіз.

«Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз əрі жайлы елге айналдыру» дей келіп Президент цифрлық технологиялардың жаппай енуінен көбейіп бара жатқан түрлі алаяқтықты түптамырымен жоюды, түрлі экстремистердің, оның ішінде діншілдердің де елге іріткі салатын əрекеттеріне қарсы тұрар заң мен тəртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, азаматтардың қауіпсіздігін барынша күшейтуді құқық қорғау органдарына жəне басқа да жауапты мекемелерге жүктеді. Құзырлы органдардың бəрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа, сол сияқты басқа да заңсыз əрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс екені нақты айтылды. Президент сөзімен айтсақ, біз заң мен тəртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

КӨКШЕТАУ

(«Егемен Қазақстан» газеті, 11 қыркүйек 2024 жыл).

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Президент ұсынған реформалар жергілікті басқарудың сапасын арттырады – Дастан Әкімов

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img