«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Арна» жоғары колледжінің студенттерімен «Бір таңдаудың бағасы» атты ашық диалог өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және студенттердің есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу.
Кездесудің бұл форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. Студенттерге есірткі қылмыстарының салдары тек заң тұрғысынан ғана емес, өз басынан өткен оқиға арқылы да түсіндірілді.
Алдымен Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік, заңнамадағы соңғы өзгерістер және «оңай ақша табу» жолына түсудің қауіптілігі туралы айтып берді.
Кездесу екі жастың студенттік өмірін бейнелейтін қысқа бейнероликтен басталды. Екеуінің де мүмкіндігі бірдей болғанымен, бірі білім алып, адал еңбек етуді таңдаса, екіншісі есірткі таратудан ақша табуды көздейді. Соңында екінші кейіпкер ұсталып, бас бостандығынан айырылады.
Одан кейін студенттер алдында есірткі қылмысы үшін сотталған, қазіргі таңда волонтерлік қызметпен айналысатын азамат сөз сөйледі. Ол заң бұзушылықтың ықтимал салдары туралы ғана емес, өз басынан өткен жағдайды ашық айтып берді.
Бір кездері оның да білім алуға, жұмыс істеуге және заңды жолмен табыс табуға мүмкіндігі болған. Алайда тез ақша табуға деген ұмтылыс басым түсіп, ол қате шешім қабылдаған. Өзінің айтуынша, сол кезде «ұсталмаймын» деген сенім болған.
Оның өміріндегі қарапайым есептің өзі көп нәрсені аңғартты. Қылмыстық жолмен тапқан ақшасы күткен пайдасын әкелмеген. Кейін отбасының адвокатқа, азық-түлік пен қажетті заттарға жұмсаған шығыны оның заңсыз жолмен тапқан табысынан үш-төрт есе көп болған.
Бұл оқиға студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Кездесу ашық пікір алмасуға ұласып, жастар полиция қызметкеріне де, бұрын сотталған азаматқа да көптеген сұрақ қойды. Олар әртүрлі әрекеттер үшін көзделген жауапкершілік, ұстау тәртібі, жазасын өтеу жағдайы және бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмірге оралу қаншалықты қиын екені туралы сұрады.
Кездесуге қатысқан жастардың белсенділігі ашық диалог форматының тиімді екенін көрсетті. Жастарға белгілі бір әрекеттің заңмен тыйым салынғанын айтып қана қою жеткіліксіз. Ең маңыздысы – сол әрекеттің нақты өмірде қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру.
Өйткені кейде бір ғана қате таңдау адамның бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін. Сондықтан дұрыс таңдау жасау туралы дер кезінде айту – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды жолдарының бірі.



