Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясында Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, жазушы, педагог жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинге арналған дәріс залы ашылды.
Қуанышты шараға академия басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлер, әскери қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, батыр музейінің қызметкерлері қатысты. Келген қонақтар алдымен академия музейіне экскурсия жасап, Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы мен майдандағы ерлігінен сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты. Батырдың ел тарихындағы орны мен кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы жаңа дәріс залын ашудың мәнін айшықтай түсті.
Салтанатты рәсімде академия бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенов тарихи тұлға атындағы дәріс залын ашудың маңыздылығына тоқталып, бұл орынның тек білім алатын аудитория ғана емес, жастардың бойына отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыратын рухани-танымдық орта болатынын атап өтті.
Шара барысында Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәбит Жәмбек, 5510 әскери бөлімінің командирі, полковник Берік Қожахметов, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану және Мәлік Ғабдуллин музейлерінің директорлары ақындар Құдайберлі Мырзабек пен Мұхамед Қонқаев сөз сөйлеп, игі бастамаға ізгі тілектерін білдірді.
Академия қызметкері, майор Марлен Бахтияр жаңа дәріс залын таныстырып, оның мүмкіндіктері мен алдағы бағыт-бағдарына тоқталды. Бұл жерде келешекте дәрістер мен ашық сабақтар, ғылыми кездесулер, пікірталастар және патриоттық бағыттағы тағылымды іс-шаралар өткізу көзделіп отыр.
Салтанатты жиынның мазмұнын одан әрі шығармашылық бағдарлама аша түсті. 4-курс курсанты Сапар Нығмет Баянғали Әлімжановтың «Мәліктің мейірімі» атты туындысын жатқа айтып, ақын батырдың адами болмысын көрерменге көркем тілмен жеткізсе, «Достар» мәдениет сарайының өнерпазы Мағжан Кәрібай күй тартып, ұлттық өнердің әсем сазын тарту етті. Ал, Академия курсанттары дайындаған «Ерлік рухы ұрпаққа аманат» атты әскери-патриоттық сахналық қойылымда Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ерлігі көрініс тапты.
Жаңа дәріс залының ашылуы бір ғимараттың немесе бір аудиторияның есігін айқара ашумен ғана шектелмек емес. Бұл тарих пен бүгінді жалғаған, ерлік пен білімді ұштастырған іргелі бастама. Өйткені, Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы Отанға адал қызмет етудің, қиындыққа мойымаудың, білім мен ғылымға ұмтылудың жарқын үлгісі болып қала бермек.
Ендігі жерде осы залда білім алатын курсанттар батырдың ерлікке толы өнегелі өмірімен танысып қана қоймай, оның елге, ұлтқа деген сүйіспеншілігінен, қатынас қайсарлығынан және азаматтық ұстанымынан көп тағылым алмақ. Ел тарихында өшпес із қалдырған ердің есімін ұлықтау ұрпаққа аманат. Ер есімі ел жадында сақталған жерде оның ерлігі де, өнегесі де ешқашан ұмытылмақ емес.



