spot_img
Сәрсенбі, Мамыр 15, 2024
6.8 C
Kokshetau

Мемлекеттік тілді дамытуға сіңірген еңбегі үшін ақмолалық жас мұғалім «Шапағат» медалін иеленді

Сондай-ақ...оқыңыз

«Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде мектебімізде Назерке деген оқуда озат, әрі белсенді, әрі көшбасшы оқушы болатын. Сол қызға қатты ұқсағым келетін, еліктейтінмін. Әрі бала кезімде мені тентектеу қатарластарым «орыссың» деп келмеждеп, күле берген соң, бір күні әке-шешеме, достарыма, туыстарыма: «Болды, енді мен бүгіннен бастап Назеркемін» деп, солай атауларын талап еттім. Содан бері менің есімімді ешкім Анастасия деп атамайтын болды».

Бұл естелікті маған күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан халықтар арасындағы бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн «Шапағат» медалін алған Анастасия Ирубаева айтып берген болатын.

Назерке (Анастасия) Валерьевна бүгінде Арайлы ауылының орта мектебінде жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп, олардың бойына білім нәрін құйып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол 1998 жылы Астрахан ауданының Астрахан ауылында дүниеге келген поляк қызы. Анасының қалауымен аталған ауылдағы орта мектептің қазақ сыныбында оқыған. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, қазақтың Арман есімді жігітімен танысып, оған тұрмысқа шығып, бүгінде сол қара шаңырақта ардақты аналарымен бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп, келіндік міндетін абыроймен атқаруда.

–Отбасылық мерекелер мен атаулы күндерде шаңырағымызда жиын-той немесе тіршіліктің қамымен атқарылатын соғым сою секілді шаралар өтетін болса, енем ет асу, нан жаю, бауырсақ пісіру, қуырдақ әзірлеу секілді ұлттық тағам дайындау түрлерін маған сеніп тапсырады. Жұма сайын, айт күндері шелпек пісіріп, майдың иісін шығарамыз. Қара шаңыраққа келін болып түскен соң, жауапкершілік көп болады екен ғой. Мұның да өз жақсылығы бар. Үлкендердің алғысы мен ақ батасына кенелсек, болашақта жаман болмаймыз деп ойлаймын, –дейді Назерке келін (Назерке келін деп отырғанымыз, шаңырағында да барлығы оны осылай атайды екен).

Күйеуіне аяулы жар, ата-енесіне инабатты келін, мектепте үлгілі мұғалім Анастасия Валерьевна қоғамдық қызметпен де айналысады. Ол Целиноград ауданының жас педагогтар одағының төрайымы. «Неге жүрегіңіз қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын таңдады?» деген сауалымызға жас педагог:

–Мен бала кезімнен Ұлы Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жаттап өстім. Өсе келе Мұхтар Әуезовтің шығармаларына деген қызығушылығым артып, «Абай жолын» мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, бағдарламадан тыс толығымен оқып шықтым. 2015 жылы республикалық «Абай оқуларына» қатысып, жүлдегер атандым. Содан кейін де қазақ әдебиетінің шығармаларын оқи бердім. Осылайша қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қызығушылығым артты. Нағашы туыстарымның көбі мұғалімдер, содан болар, мен де мұғалімдік мамандығын таңдадым, –дейді Анастасия Ирубаева.

2021 жылы ол Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен,  Тәуелсіздігінің 30 жылдығы арналған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауында Бас жүлдеге ие болыпты. Ағымдағы жылдың 25 сәуір күні Мемлекет басшысының қолынан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы аясында «Шапағат» медалін алып, тағы бір белесті бағындырды.

–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік награда алу мен үшін үлкен мәртебе. Президент мырзаға зор ризашылығымды білдіремін. Қазақ тілінің абыройын түсірмей, елдің гүлденуіне өз үлесімді әлі де қосамын деп ойлаймын. Мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақ, тұғыры биік болсын, –дейді Анастасия Валерьевна сөз соңында. Ана тілімізде сөйлеп, жүрегімізге жылылық ұялатқан осы білгендігіне қалай риза болмассыз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Бұландылық оқушы ядролық реактордың моделін әзірледі

Бұланды ауданының үш оқушысы Бішкек қаласында өткен «Біз – ХХІ ғасыр интеллектуалдарымыз» халықаралық байқауында ел намысын қорғап, жақсы нәтижемен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img