spot_img
Сәрсенбі, Желтоқсан 11, 2024
-8.8 C
Kokshetau

Ақмола облысында баласын жоғалтқан ана полициядан тезірек тауып беруін сұрайды

Сондай-ақ...оқыңыз

Зеренді ауданының Викторовка ауылының тұрғыны Нұрбек Шоқаев осыдан сегіз ай бұрын із-түзсіз жоғалған. Содан бері еш хабар-ошар жоқ. 46 жастағы жігіт ағасының анасы сол уақыттан бері ұлынан күдер үзбеген. Тірі болса, бір келер деп үміттеніп жүр. Бірақ, өкінішке орай, қарияның облыстық Полиция департаментінің Зеренді аудандық бөліміне, одан тіпті департамент бастығына дейін бірнеше мәрте арыз-шағымын айтып жүгінгенімен еш мардымды жауап болмапты.

«Тіпті жауапты қызметкерлері телефондарын көтермейді», – деген қария қатты қапаланған.

Жылға жуық табылмаған арыстай жігіт ағасы қалай жоғалды? Неліктен табылмай жатыр? Aikyn.kz порталының тілшісі мәселенің анық-қанығын зерттеп көрді.

Нұрбектің анасы Қарлығаш апаның айтуынша, баласы осыдан сегіз ай бұрын жоғалып, содан бері еш хабар жоқ. Ал полицияға бірден арыз бергенімен, аудандық полиция бөлімінің тергеушілері де, шағымданғаннан кейін Көкшетаудан келген полицейлер де істі жүргізбей, тіпті еш хабарларын айтпайды, – дейді назаланған ана.

«Сол күні қыркүйектің төртінде балам үйге үш тіркеме шөп әкелді. Түс кезінде шөпті үйіп беруге кісі жалдаған. Бірақ ол басқа үйде шөп үйіп жатырмын деп кешкілік үйіп бермек болды. Мен сол күні қалада болдым. Сиырды өзі сауып алып, шөпті үйгізіп, сосын үйден кетіп қалыпты. Содан келесі көшеде тұратын танысының үйіне барған. Жиналғандар ішімдік ішкен. Балам үй иелерімен келіспей, килігіп қалыпты. Содан ұрыс-керістен үйден шыға жөнелген. Бірақ олар қайта шақырып алып, арадағы шиеленісті жуып-шайып «мировой» ішкен. Бірақ түнгі төртке таман балам үйден тағы да кетіп қалған дейді. Содан бері күні бүгінге дейін балам ұшты-күйлі жоқ. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Не өлі, не тірі табылмай әбден қиналып кеттік», – дейді зар илеген Қарлығаш апа.

Баласынан тірі күйінде ажырап, аңырап қалған ана әлі күнге оның бір күні аман-есен үйге кіріп келетініне үмітпен қарайды. Бірақ ғазиз ана құқық қорғаушылардың іздеу жұмыстарына жүрдім-бардым қарап жүр деп санайды.

«Балам аудан орталығы – Зерендіде элеваторда жұмыс істеді. Шаруаға пысық. Ешқандай қақ-соқпен ісі болмайтын. Үнемі көңілді, бәрімен ойнап-күліп жүретін ақжарқын адам еді. Зерендіде Еділ деген тергеуші, одан кейін оның басшысы Әмірхан Мағжанов деген тергеуші осы іс бойынша іздестіру шараларын басқарды. Бірақ, ауылға бір келіп-кеткені болмаса ізге түсіп, нақты іздестіру шараларын жүргізіп жатқанын көре алмадық. Бірнеше мәрте қоңырау шалдым. «Іздеп жатырмыз!» – деп телефон тұтқасын қоя салады. Содан жаңағы Әмірхан Мағжанұлына хабарлассам, «ешқайда да облысқа, прокуратураға айтпаңыз. Өзіміз іздестіреміз. Бәрібір бізге тапсырма беріледі», – деп мені тоқтатып жүрді. Қаңтар айында қан қысымым көтеріліп, бір айдан астам уақыт ауырып қалдым. Ешқайда шыға алмадым. Қазір жасым жетпіске жетті. Әбден күйініп, облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал Арманбек Баймурзинмен аудиохабарламамен сөйлестім. Ол аудандағы тергеушілерге дереу тапсырмасын берді. Бірақ Көкшетаудан қарашада келген Абзал есімді тергеуші бір рет келіп кеткен. Содан бері одан да хабар жоқ. Қазір хабарлассам, телефондарын да көтермейді», – дейді Қарлығаш апа.

Баласын жылға жуық уақыт бойы іздеген тәртіп сақшыларынан мүлде көңілі қалған ана аудандық және облыстық прокуратураға да арыз беріпті.

«Бірақ, полицейлер айылын жимақ емес. Жұмыстарынан еш нәтиже көрмедім», – дейді Қарлығаш апа.

Біз Ақмола облысы Полиция департаментінен аталған жағдай бойынша нақты түсініктеме беруін сұрадық. Полицияның жауабы төмендегідей болды.

«Ақмолалық полицейлер із-түзсіз жоғалған 46 жастағы азамат – Нұрбек Шоқаевты өткен жылдың қыркүйегінен бері іздеп келеді. Криминалды полицияның қызметкерлерімен хабар-ошарсыз кеткен Зеренді ауданы, Викторовка селосы Советская көшесінде тұратын Нұрбек Шоқаев 14 қыркүйекте үйден шығып, сол кезден бері оның қайда екені табылған жоқ.

Оның бойы 160-165 см., жұқатай денелі, шашы қара, жоғалғанның алдында шашын тықырлап алып тастаған. Үйден кеткенде қаракөк түсті болон куртка, сұр түсті жалбағайлы олимпейка, қара түсті трико, сұр түсті футболка мен қара түсті бауы бар туфли киген.

Қазіргі уақытта полиция оның таныстары мен туыстарын, жоғалған күні оны көрген көршілері мен достарын түгелдей жауап алған. Викторовка ауылы тұрғындарынан із-түзсіз жоғалған адамды іздеуге ерікті жиырма адам мен полициядан 10 қызметкер жиналды. Олар радиусы 10 шақырымды қамтитын орман алқаптары мен айналаны түгелдей сүзіп шықты. Алайда, көңіл көншітерлік ізге түсер ешқандай дерек табылмады. Бүгінде арнайы топтар Ақмола облысының барлық аумағында іздеу шараларын жүргізіп жатыр», – делінген Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми хабарламасында.

Полицейлер Нұрбек Шоқаевтың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білген адамдар болса бірден құқық қорғау органдарына немесе 102 телефонына хабарласуды сұрады.

«Облыстың барлық азаматтарынан өтініп сұраймыз. Егер жоғалған адам үйге қайтып оралмаса немесе байланысқа мүлде шықпаса, сондай-ақ, туған-туыстары мен достары оның қайда екенін білмесе онда ол бірден полицияға арыз беруге негіз болып табылады. Осыған байланысты адамның жоғалғаны туралы дереу полицияға уақытында хабарлауды өтінеміз», – дейді облыстық Полиция департаментінен.

P.S. Жүрек сезе ме, кім білсін?!. Жылға жуық уақыт өтсе де Қарлығаш ана баласынан еш күдер үзбей әлі келетінінен зор үміт күтеді. Тіпті, баласына құмалақшыларға бал аштырса да, баласының бір күні аман-есен үйге қайтып келгенін айтқан көрінеді. Біз де ананың қарс айырылған жүрегі орнына түсіп, баласы табылса екен дейміз…

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмола жеңіл атлеттері «Куала-Лумпурдағы халықаралық жарыстарда жеңіске жетті

Көкшетау қаласының спорттық өміріндегі маңызды оқиға Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен есту қабілеттері бұзылған  спортшылар арасында X Азия — Тынық...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img