Жақсы ауданы Қима ауылының тұрғыны Наталья Коцюба «кішкентай тұтынушылар» үшін ойын залын ашқан. Оқу-өндірістік комбинатын жалға алып бастаған жоба құны 3 миллион теңге. Жеке кәсіпкердің ауыл балалары балалық шақтың бал дәуренін осында өткізсе деген тілегі бар,-деп хабарлайды «Aqmola News».
– Өзім өз балаларымды жақын маңдағы қаладағы ойын алаңдарына апарып жүрдім. Олардың онда қуанып, құлдыраңдап ойнайтындарына қарап, біздің ауылға да осындай ойын алаңы қажет деген ойға келдім. Балалар көп нәрсені қалайды. Ал ауылда оларды қызықтырарлық ешттеңе жоқ. Ол үшін жүздеген шақырымдарды жүріп отырып басқа қалаға апаруға тиіссің. Сол себепті мен «Балалар әлемін» осы жерде құруға шешім қабылдадым,-дейді Наталья Коцюба.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл жобаны іске асыру ісін ауыл әкімі мен мектеп директоры да құптаған.
– Ауылда барлығы менің идеямды қуана қолдады. Біз алдымен ыңғайлы орынды іздедік. Жұмыспен қамту орталығына барып, «Бастау» бағдарламасы арқылы курстан өттім. Барлығын өз қолымызбен істедік, күндіз-түні жұмыс істедік. Балаларға арналған кафетерий де ашып қойдық. Ол жерде ата-аналар балалары ойнап болғанша күтіп отырады,-деген Наталья бұл іс тек балалардың игілігі үшін екенін айтады.
Жұмыстар аяқталғанына қарамастан пандемияға байланысты балалар сауықтыру залдарының жұмыстарына бірқатар шектеулер қойылған. Сондықтан Наталья Аленксандровна өз жұмысын әзірге жалғастыра алмайды.