Елорда күні қарсаңында облыс әкімі 80 отбасыға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пәтерлердің кілтін табыс етті, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Облыс әкімі осыған дейін қоныс тойын ұйымдастыру шараларының көптеп ұйымдастырылғанын, алайда коронавирус инфекциясының таралуы біршама кедергілер келтіргенін атап өтті.
Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты пәтер кілтін табыстау шарасын барлық карантин шараларын сақтай отырып өткізуге шешім қабылданды.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің негізгі басым бағыттарының бірі қазақстандық әрбір отбасыны баспанамен қамтамасыз ету болды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, көптеген отандастарымыз жайлы пәтерлерге ие болды. Ең бастысы азаматтар жұмыс істеп, мемлекет ұсынған жеңілдіктерді мүмкіндігінше пайдалана білуі тиіс. Облыс мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына барынша белсенді үлес қосуда. Тек жыл басынан бері ғана облыста 15 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 750 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал жыл соңына дейін тағы 50 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй ақмолалықтардың игілігіне айналады, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Тек құрылыс саласында ғана облыс орталығында соңғы жылдарда үлкен серпіліс болған. Биыл тек Көкшетау қаласында ғана 41 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, 800-ге тарта отбасы жалдамалы және несиелік үйлерге ие болмақ.
Мәселен тек Сарыарқа шағын ауданында соңғы бірнеше жыл ішінде 45 көп қабатты үйлер тұрғызылып, 3000-нан астам пәтерге халық қоныстанған. Сондай-ақ, тағы 14 үй тұрғызылуы үстінде. Қаланың бұл бөлігі үлкен құрылыс алаңына айналып үлгерген.
Қазір Көкшетау үлкен құрылыс алаңы сияқты. Қопа көлінің жағалауы түрленіп, тұрғындардың жақсы демалуына мүмкіндік беретін тың дүниелер тұрғызылмақ. Тек орталық көшелер ғана емес қаланың шеткі аймақтарында да жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Сіздер өздеріңіздің жаңа үйлеріңізге бара жатқан кезде-ақ қаланы абаттандыруға қаншалықты назар аударылғанына көз жеткізе аласыздар. Қопа көлінің жағасына қазіргі заман талабына сай «Болашақ сарайы» салынбақ. Осы күзде ақ балаларыңыз барып соңғы үлгідегі техникалармен шығармашылық және физикалық дене дайындықтарын да жетілдіретін болады, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы қалада аулаларды абаттандыруға да барынша назар аударылғанын атап өтті.