Бұдан бұрын біздің елімізде «Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғанын білесіздер. Ендеше, елді жаңғырту, тарих тағылымын келешекке шырақ етіп ұстау сипатындағы игі істі біз Абайдан бастауымыз керек. Абай деген дәстүрлі қазақ қоғамы ғана емес, ол – кемел келешек.
Абайдың мұралары қазақ халқының немесе мұсылман әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың құндылығы екенін атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен толық келісемін. Сол себепті, Президент бүкіл әлем бойынша Абай орталығын ашуды текке ұсынып отырған жоқ. Ол орталықтар адамдарды Абай шығармасымен таныстырып қана қоймай, бүкіл қазақ халқын әлемге танытады.
Мемлекет басшысының елордада және ойшылдың туған жерінде екі ірі конференция өткізу туралы бастамасының маңызы зор. Ол жиындарға елдегі бүкіл абайтанушылар мен ғалымдар жиналып, Абай шығармалары бүкіл әлемге кеңірек насихаттала түседі. Абай шығармаларын әлемнің бірнеше тіліне аудару бастамасына ерекше үміт күтемін.
Ұлы ақынын ұлықтай білген елдің руханияты да мығым болмақ. Әрбір кітапханада Абайдың шығармалары жарияланған кітаптар мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабы тұруы керек деген Президенттің пікірін көңілімнен шықты. Себебі, Абайдың шығармасында қазақтың бүкіл өмірі, мінез-құлқы мен көзқарасы көрінеді. Сол себепті, қазақ халқы Абайды бұдан да терең танып, келешегіне сенімі нығая түсер деген ойдамын.
Сәбит ЖӘМБЕК,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.