Ескерткішке гүл қою рәсімінен кейін жиналғандар боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың құрметіне «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, қала басшысы Бақытжан Сағынтаев пен әкім орынбасарлары, аудан әкімдері, қоғам қайраткерлері, желтоқсан және жастар ұйымдарының өкілдері 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алды.
Ескерткішке гүл қою рәсімінен кейін жиналғандар сол оқиғаларда қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Дін өкілдері еске алу үшін құран оқыды. Осыдан соң желтоқсаншыларға ас берілді.
«Тәуелсіздік таңы» монументі 2006 жылы Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Желтоқсан-Сәтбаев көшелерінің қилысында ашылған.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың желтоқсаншылардың ерлігін мәңгі есте қалдыру туралы тапсырмасына сәйкес Алматыда сол оқиғалардың құрметіне «Желтоқсан» деп аталатын саябақ ашылды.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев желтоқсан оқиғасына 35 жыл болғаны туралы жазды.
«Осыдан 35 жыл бұрын қазақ жастары Кеңес одағының өктемдігіне қарсы шықты. 1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі біздің мемлекеттілік тарихымызға мәңгі жазылды», – деп жазды президент.