Ақмола облысында баспанаға мұқтаж азаматтар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Жалпы өңір бойынша биыл жалға берілетін 37 тұрғын үй салынуда, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы» аясында Егіндікөл ауылында бірінші көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Қазіргі кезде құрылысшылар ғимараттың қабырғаларын тұрғызып, шатырын орнатты. Енді ішкі әрілеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлердің айтуынша, тұрғын үйді осы жылдың екінші тоқсанында тапсыру жоспарланған.
«Бүгінгі таңда Егіндікөл ауданында үш санат бойынша тұрғын үй кезегінде 65 адам тұр. Олар халықтың әлеуметтік осал топтары, жетім балалар және мемлекеттік қызметшілер. Жаңа пәтерлер кезектілік бойынша үлестіріледі» – деді аудан әкімі Ерлан Мұхамедин.
Биылғы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен тартан жабыны бар балалардың ойын алаңын орнату, автокөлік тұрағы салу және тұрғын үй аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Болашақта ауданда тұрғын үй мәселесін шешу үшін тағы бір жаңа 36 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда.