Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Серпін» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы құрылады. Бұл идея студенттердің Мұрат Әбеновпен бірлескен кездесуінде ұсынылды, деп хабарлайды «Aqmola News».
Бұл туралы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев мәлім етті.
Университет басшысының мәліметінше бүгінгі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы университет «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оқитын студенттер саны бойынша көш бастап тұр. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген студенттердің жалпы саны 1342-ге жеткен. Бағдарламаны іске асырудың алғашқы үш жылында 700-ден астам студент бітіріп шықса, олардың 528-і табысты жұмысқа орналастырылған.
«Басты мақсат -бағдарлама міндетін жүзеге асыру, яғни балаларды сапалы оқыту ғана емес, әрі қарай жұмысқа орналастыру. Бір қуаныштысы, студенттер ағыны жылдан-жылға ұлғаюда. Бұл өз кезегінде біздің алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Осы жылдың өзінде мемлекеттік-жеке меншік әріптік аясында студенттерге арналған жаңа жатақхана ғимаратын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл барлық адамдар үшін өте қуанышты жаңалық. Студенттер үшін университетті таңдау өте жауапты тәсіл болып табылады. Біздің ЖОО-да оқығысы келетіндердің өсуі, әрине, бірінші кезекте білім сапасы туралы айтады. Сонымен қатар, студенттердің бейімделуіне көңіл бөлу де аса маңызды. Осы мақсатты іске асыру үшін біз түлектер қауымдастығын құруды ұйғардық, онда студенттер бағдарлама түлектерінен тек оқу мәселелері бойынша ғана емес, сонымен қатар жеке сұрақтары бойынша да кеңес ала алады», – дейді университет ректоры Марат Сырлыбаев.
Кездесу барысында студенттер ашық микрофон форматында өз сұрақтарын қойып, толғандыратын өзекті мәселелер де талқыланды.