Бүгін Көкшетау қаласында Сарыарқа шағын ауданындағы №26 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде «Төтенше жағдайлар департаменті – Адалдық алаңы» фронт-офисінің ашылуы болды. Іс-шараға облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, ұжымның жұмысымен танысты,-деп хабарлайды «Aqmola News»
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, фронт-офисте үш адам жұмыс істейді.
Мұнда азаматтар азаматтық қорғаныс, нысандарды өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру, төтенше жағдайды жоюдың алдын алу, сондай-ақ, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша мамандардан жедел және кедергісіз көмек алатын болады.
– Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жұмыстың «сервистік» моделіне тек жергілікті атқарушы органдар ғана емес, басқа мемлекеттік ұйымдар да көшуде. Бұл түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы өз сөзінде.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ашық диалог алаңы бірінші қабатта орналасқан, сондай-ақ, күту үшін ыңғайлы орын, ақпараттық стендтер, имидждік бейнематериалдар көрсетілген теледидар қарастырылған.
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қазіргі уақытта облыстың барлық 19 өңірі мен Краснояр ауылының әкімдіктері «сервистік» жұмыс форматына көшкенін, ал, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда Ореn space және front office форматындағы 96 кабинет ашылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, барлық аудан мен қала әкімдіктерінің бірінші қабаттарда азаматтарды қабылдауға арналған Ореn space форматындағы кабинеттер жұмыс істеуде.