Ақмола облысында ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы жұмыстар нақты нәтижелермен өлшеніп отыр. Бүгінде бұл – тек жоспарлар мен бағдарламалар емес, елді мекендердің жаңарған келбеті, сапалы инфрақұрылым және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасы.
Облыс әкімдігінің қаулысымен даму әлеуеті бар 294 ауыл анықталған. Бұл ауылдарда өңірдегі ауыл халқының 88%-ы, яғни 399 мыңға жуық адам тұрады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар барлық күш-жігерін дәл осы елді мекендерді кешенді дамытуға бағыттап отыр.
Қаржы игерілуі емес – нәтиже басты назарда
2019 жылдан бері «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында облысқа 77 млрд теңге бағытталып, 423 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 148 ауылдағы 270 мың тұрғынның өмір сапасы айтарлықтай жақсарды.
Бұл көрсеткіштер – жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысының айқын дәлелі. Аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдіктер жобаларды уақытылы іске асырып қана қоймай, олардың сапасына да баса мән беріп отыр.
Инфрақұрылым – ауыл өмірінің өзегі
Жобалар бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылды. Әсіресе, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді.
Соңғы жылдары:
білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 27 жаңа нысан салынды және жаңғыртылды;
44 инженерлік инфрақұрылым нысаны іске қосылып, жүздеген шақырым су, жылу және электр желілері тартылды;
570 шақырымнан астам ауылішілік жол жөнделді.
Бұл жұмыстар – ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты өзгерістер.



