23 сәуір күні М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңірдің үздік кітапханашыларын ұлықтау салтанаты өтті. Іс-шарада Ақмола облысы әкімінің атынан құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Айтбаев Досұлан Ерланұлы сөйледі.
Өз сөзінде Д. Айтбаев 16 сәуірде бастау алған Ұлттық кітап күніне арналған онкүндікті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыс кітапханашыларына алғыс білдірді. Аталған онкүндік аясында облыстың қала-аудандарында кітап фестивальдері, кітап оқу марафондары, жазушылармен автограф-сессиялар, кітап клубтарының ашылуы және басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ биыл облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың 80 жылдық мерейтойы аясында облыс орталығында алғаш рет Республикалық кітапханашылар форумы өтетінін атап өтті.
«Қазақстандық кітапханалық одақпен» бірлесіп жоспарланған бұл форум кәсіби тәжірибе алмасуға, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға және кітапхана мамандарының біліктілігін арттыруға арналған маңызды алаңға айналмақ. Іс-шара кітапхананың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын бірқатар шаралармен қатар өткізіліп, кәсіби диалогты дамытуға, инновациялық тәжірибелермен алмасуға және қоғамда кітап оқуды насихаттауға серпін береді.
Республикалық деңгейдегі бұл ауқымды форумға мемлекеттік органдардың басшылары, салалық ұйымдардың өкілдері, жетекші кітапхана мамандары, мәдениет, білім беру және цифрлық технологиялар саласының сарапшылары еліміздің барлық өңірлерінен қатысады деп жоспарлануда. Форумның Ақмола облысында өткізілуі өңірдің кітапхана ісі саласындағы кәсіби диалог, инновацияларды енгізу және стратегиялық шешімдер қабылдау орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.
Сонымен қатар, алдағы бір ай ішінде Ақмола облысы бойынша жаппай кітап клубтарын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама аясында 200 мыңнан астам оқырманды қамту көзделген.



