spot_img
Сәрсенбі, Желтоқсан 11, 2024
-8.7 C
Kokshetau

Жаңа пәтерлер, қуаныштан толқыған көңілдер

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында жылдар бойы баспана кезегінде тұрған көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көптен күткен пәтер кілттерін тапсырып, жаңа қоныстарына құтты болсын айтты.

Көпшіліктің көкейтесті мәселесіне айналған баспана жайы әлеуметтік жағынан аз қамтылған ақмолалық отбасылар үшін ептеп шешімін таба бастағаны жағымды жаңалық. Облыс орталығының  Абылай хан алаңында 63 отбасы жылдар бойы күткен баспана кілттеріне қол жеткізіп, қуаныштан көздеріне жас алды. Пәтерлі болғандардың 43-і көпбалалы отбасылар болса, 20-сы жетім балалар санаты бойынша кезекте тұрғандар. Пәтер кілттерін қасиетті Құрбан айт мерекесінде алып жатқандарын тұрғындар жақсы ырымға балады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау бойынша тапсырма берген болатын. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдап, облыстарда жергілікті әкімдіктер дайын пәтерлерді сатып алып, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына бере бастады. Бұл бағдарлама біздің облыста да оңынан іске асуда.

–Бүгін қаншама отбасылар үшін көптен күткен қуанышты сәт. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке меншік құрылыс компанияларының дайын пәтерлерін сатып алып, көпбалалы және халықтың әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына үлестірудеміз. Бұл жоба біздің Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.  «Баспана – бақыт кілті» дейді халқымыз. Қол жеткізіп отырған баспаналарыңыз сол бақыттың бастауы, балаларыңыздың жарқын болашағына септесетін берекелі шаңырақ болсын, –деп облыс әкімі жиналған қауымды өңірде аталмыш жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.  Жыл соңына дейін осы бағдарлама бойынша облыста 841 отбасы жайлы пәтерге ие болады деп жоспарланған, оның ішінде 500 пәтер Көкшетау қаласы бойынша қарастырылып отырса, қалғандары облыстың басқа қалалары мен аудандарында іске асырылмақшы. Кейінгі 5 жылда әлеуметтік аз қамтылған отбасылар санаты бойынша мұншама пәтер ешқашан берілмеген екен. Бұл күні жоспар бойынша Көкшетау, Қосшы қаласы мен Зеренді, Бурабай аудандарында тұрғындарға жалпы саны 201 пәтер тапсырылды.

–Бізге баспаналы болуға осындай мүмкіндік берген Мемлекет басшысы мен жергілікті атқарушы органдарға зор алғысымызды білдіреміз, –деді жеті баланың анасы Анна Буркова қуаныштан көз жасын ірке алмай.

–Пәтерлерді сатып алмас бұрын оның сапасы мен жайлылығына аса мән беріп, тексереміз. Бұл әдіс бойынша пәтерлер тек жаңа үйлерден ғана сатып алынады. Бірінші кезекте көкшетаулықтарға 129 пәтер тапсыру көзделген. Бүгін 63 пәтер берілсе, келесі аптада тағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тағы да 38 пәтер тапсырылады. Бұған бюджеттен 16 миллиард теңге жұмсалды. Кейін бұл пәтерлерді аталған отбасылар заң аясында тиісті сомасын төлеп, жекешелендіре алады. Сонымен бірге, жыл соңына дейін облыста арендалық, кредиттік баспана бағдарламалары аясында тағы 1500-ге жуық отбасы пәтерлі болады деген жоспарымыз бар, –деді аймақ басшысы журналистерге берген сұхбатында.

Жаңа үйлерде барлық жағдай қарастырылған. Ауласында балалардың ойын алаңдары да бар. Жаңа пәтер кілттерін Көкшетау қаласындағы Сарыарқа 7/4 мекенжайында орналасқан тұрғын үйден алған отбасыларды облыс әкімі арнайы құттықтай барып, шаңырақтарына шаттық тілеп, қуаныштарымен бөлісті.

–Пәтер кезегіне 10 жыл бұрын үш мыңыншы болып тұрғанмын. Ол кезде балаларым кішкентай еді. Жолдасым қайтыс болды. Осы 10 жыл бойы әкемнің үйінің қасындағы уақытша үйде тұрдым. Әлі сене алар емеспін, –дейді Гүлнәр Қожахметова есімді жалғыз басты көпбалалы ана көңілі толқи түскен күйі.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы аясында қорытынды кездесу өтті

​Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен әскери қызмет өткерген жастар мен әскери міндеттілерді жұмысқа орналастыруға бағытталған...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img