spot_img
Дүйсенбі, Қазан 7, 2024
11.6 C
Kokshetau

«Бюджеттен бөлінген қаржы түпкі нәтижесін беруі керек» – Марат Ахметжанов

Сондай-ақ...оқыңыз

Жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды.

Ауылға әкім келді. Халық алдында есеп берді.

Бүгін (12 маусым 2024 жыл) Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов халық алдында есеп беру үшін Біржан сал ауданының Баймырза ауылына келді. Әкімнің халық алдындағы есебіне қатысып, біраз ой түйіп қайттық.
————————————————-
Баймырза ауылы бір кездері ірі шаруашылықтың орталығы болатын-ды. Дәулетіне сәулеті сай, малы мыңғыра, егіні жайқала өсетін берекелі ел дейтіндей құтты мекен еді.
Сол іргелі елдің сол құт-берекесі әлі де сол өз қалпында сақталғандығы қуантты.
Баймырза ауылының мәдениет үйіне Көкшетаудан келген облыстық ведомстволардың басшылары, Біржан сал ауданының ауылдық округтерінің әкәмдері мен ел ағалары облыс әкімі Марат Ахметжановты ыстық ықыласпен қарсы алды.
Есеп беру үшін мінбеге көтерілген Марат Ахметжанов – Мен көпірме сөз айтып, толып жатқан цифрлармен сөйлегім келмейді. Кәне, одан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сіз бен біздің алдымызға қандай міндеттер қойып отыр, соны бірлесіп шешудің жолдарын ақылдасайық. Сіздерді қандай мәселелер толғандырып отыр, міне, осы төңірегінде әңгіме өрбіткеніміз жөн болар,– деп өз есебін бастаған облыс әкімі Марат Ахметжанов бірден Бурабай-Астана автобанынан 9 шақырым қашықтықта жатқан Баймырза ауылының осы жол аралығының жағдайына тоқталды.

– Осы 9 шақырым жолға асфальт төсеуге 444 миллион теңге қаржы бөлдім. Қазірдің өзінде соның 100 миллионы жол салушылардың есебіне түсті,–дей келіп облыс әкімі М.М.Ахметжанов осы жолды салудың тендерін ұтып алған азаматты орнынан тұрғызып, «Жұмысты неше күнде бітіресің»,– деген сауалды төтесінен қойды.
Жолшылар бұл аралықтағы 9 километр жолды 20-25 күннің ішінде аяқтап шығуға уәде берді.
Біржан сал ауданының экономикасының қазіргі даму жағдайында дағдарыстың бар екендігін облыс әкімі Марат Ахметжанов нақтылы дәлелдерді алға тарта сөйледі.
Ауданда цемент, алтын және темір рудасын өндіретін үш бірдей ірі өндіріс орындары бар. Алайда, бұл үшеуі де толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ.
Осы жерде облыс әкімі Марат Мұратұлы «Көкшецемент» мекемесінің басшысын орнынан тұрғызып жағдайды сұрады. Цемент өндіруші кәсіпорынның басшысының айтуы бойынша өндіріс көлемінің кемуінің себебі, өткендегі «Пандемия», қазіргі Еуропа мемлекеттерінің санкциялары кері әсерін тигізіп отыр екен.
Цемент зауытындағы құрылғылардың көпшілігі шет елдік болғаннан кейін істен шыққан құрылғыларды жөндеу және жаңасын алғызудың көптеген қиыншылықтары бар болып олтыр.
-Жаңа экономикалық саясат бойынша біз бюджетті басқаруды емес, біз сол бөлінген қаржының түпкі нәтижесін басқаруды үйренуге тиістіміз»,-дей келіп облыс әкімі Марат Ахметжанов биылғы жылы Біржан сал ауданына 6,3 миллиард теңге қаржы бөлініп отырғандығын айтты.
Біржан сал ауданының ауыл шаруашылығы саласында өнімді тереңдете өңдеу мәселесіне әлі де көңіл бөлу керек. Президентіміз ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін екі есеге арттыру міндетін қойып отырғандығын алға тарта отырып М.М.Ахметжанов қолдағы бар мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай отырған жайды ашық айтты.
–Астықты біз өсіреміз, сол астықты өзгелер сатып көл-көсір пайдасын көреді,–дей келіп облыс әкімі М.М.Ахметжанов ауыл шаруашылығы өнімдерін сатушы көптеген кәсіпорындар Астана қаласында тіркелгендігін, салықтан түсетін қаржының барлығы да соларда қалып жататындығына қынжылды.
Ауыл мектебін салу, ауылдағы мал дәрігерлік қызметті жақсарту мәселесінде нақтылы міндеттер белгіленіп, нақтылы тапсырмалар берілді.
–Ендігі арада мал дәрігерінің дәрежесі адам дәрігерінің дәрежесімен бірдей болуы керек,–дей келіп облыс әкімі М.Ахметжанов мал дәрігерлік мамандығын меңгергісі келетін ауыл балаларын табыңыздар, өзіміз ақысын төлеп оқытып аламыз деді.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 244 студенттер түрлі мамандықтар бойынша әкімнің степендиясын алып отыр.


Бақылау. Қадағалау. Тәртіп! Осы үш талап біздің алға қойып отырған барлық міндеттерімізді орындаудың басты кепілі екендігін айтқан облыс әкімі М.М.Ахметжанов Үлгілі ауылының мәдениет ошағын жөндеп, оған жиһаз алуға ақша берілгендігін, ауылдарды сумен қамтуға 654 миллион теңге бөлінгендігін, Қызылұйым ауылында шағын бала бақша құрылысына да қажетті қаржы жіберілгендігін айтты.
Жалпы, биыл Ақмола облысы бойынша білім беру мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге 11,5 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.
Облыс әкімі М.М.Ахметжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүргендердің бір тобына Алғыс хат тапсырды. халықпен есеп беру кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау жүргізді.
Әкімнің есебі және алдағы міндеттерді белгілеуі, талап қоюы,
туризмді дамыту, инвесторлар тарту, басталған істі кейінге қалдырмай белгіленген уағында тындырымды орындау, қоғамдық бақылауды күшейту сияқты өзекті мәселер жайында орынды айтылған әкім сөзі мен талабы халықтың көңілінен шықты.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

АҚМОЛАЛЫҚ ПЕДАГОГ БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Көкшетау қаласының №19 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Муханбетжанова Аксауле бастауыш сыныптарда математиканы оқыту ерекшеліктерін,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img