spot_img
Дүйсенбі, Қазан 7, 2024
11.6 C
Kokshetau

Тұрғындарға берілетін әрбір пәтер сапалы да жайлы болуы керек

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Қопа көлінің жағалауын көркейту және көпір салу жұмыстарының барысымен танысты, сол сияқты, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға сатып алынатын пәтерлердің сапасын көріп шығып, олардың тұрғындарға талапқа сай тапсырылуы жөнінде міндеттер жүктеді.  

Аймақ басшысы алдымен, Қан орталығы маңынан басталатын Қопа көлі жағалауының Кенесары көшесіне дейінгі аумағын көркейту бойынша қолға алынған жұмыстың барысын барып көрді. Бұрын да жазғанымыздай, бұл аралықтағы құрылыс Қопа көлінің жағалауын көркейту жұмыстарының екінші кезеңі болып табылады. Жұмысты алғаш бастаған бас мердігермен бүгінде келісім-шарт бұзылып, қазір жобаны «BI-Group» компаниясы қолға алған. Бұл жобаның қаржы мәселелерін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамы шешеді. Оны толық аяқтауға 2,8 миллиард теңге қаржы қажет. Жобаны іске асыру барысында 50 шақты жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақшы. Облыс әкімі мердігерлерге «екі-үш ауысыммен жұмыс істесеңіздер де, көзделген мерзімде тапсыру қажет» екендігін еске салды.

–2023 жылы қала әкімдігі Қопа көлінің жағалауының бойындағы  жолды Кенесары көшесіне дейін жеткізу бойынша жоба әзірлеген болатын. Биыл облыс әкімі Марат Ахметжановтың бастамасымен «Қазцинк» және «АБК Автодор НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өзара келісім-шарт жасасып, осы жұмысты бастап кетті. Мердігер компания – «АБК Автодор НС» – «BI-Group» компаниясының құрамындағы компания. Жағалаудың құрылыс-монтаж жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілетін аумақ 1,7 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айында аяқталып, тапсырылуы тиіс. Жоба бойынша екі жақты жарықтандыру, жаяу жүргіншілер мен бір жақты велосипед жолдарын, бағдаршам орналастырылған қиылыстар, көгалдандырылған алаңдар салу және тиісті су, электр, кәріз жүйелерінің желілерін орнату жоспарланған, –деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков.

Жобаның жүзеге асырылуы үш жақты келісім-шарт негізінде қадағаланады. Облыс әкімі бұл жобаның қала тұрғындары үшін өте маңызды екендігіне назар аударып, құрылыс барысында қоғамдық бақылау жүргізілетіндігін ескертті және жұмыстың сапалы әрі жауапкершілікпен атқарылатындығына сенім білдірді. Сонымен бірге, Қопа көлінің жағалауын көркейтудің бірінші кезеңі бойынша да бұған дейін қолға алынған жұмыстар биыл нақты аяқталатындығына сендірді.

Бұдан әрі аймақ басшысы Сарыарқа шағын ауданында орналасқан екі көппәтерлі тұрғын үйдің сапасын барып көрді. Бұл үйлерден 129 пәтер сатып алынып, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына үлестіріледі.

–Бұл көппәтерлі үйлердің коммерциялық не элиталық деңгейде екендігі бізге маңызды емес, ең бастысы, барлық сатып алынатын пәтерлер тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалған болуы тиіс. Орталықтандырылған газ, ыстық, суық су, коммуналдық желілері, барлығы дұрыс болуы тиіс. Көшіп келгеннен кейін ешқандай мәселе туындамайтын болсын, –деді өңір басшысы «К.Г.С. САудА» серіктестігінің өкілдеріне.

Сонымен, Сарыарқа шағын ауданындағы 7/4 үйге тоқталсақ, бұл нысанда 156 пәтер бар болса, оның 63-ін қала әкімдігі сатып алып, халықтың кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға тапсырады. Олардың 9-ы бір бөлмелі, 11-і екі бөлмелі және 43-і 3 бөлмелі пәтерлер. Үйдің бірнеше пәтерін аралап көрген аймақ басшысы ішкі жұмыстар толық аяқталып, тұрғындардың көшіп келуіне әбден дайын болуы қажеттігін тапсырды. Сол сияқты, Сарыарқа, 12 мекенжайындағы көппәтерлі үйдің де пәтерлерін көріп, ондағы аяқталмаған жұмыстарды пысықтап, тұрғындарға жақсы күйде тапсыруларын ескертті.

Аймақ басшысы жұмыс сапары соңында БАҚ өкілдеріне облыс аумағында салынып жатқан әлеуметтік маңызы зор нысандар бойынша қосымша ақпарат берді.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

АҚМОЛАЛЫҚ ПЕДАГОГ БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Көкшетау қаласының №19 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Муханбетжанова Аксауле бастауыш сыныптарда математиканы оқыту ерекшеліктерін,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img