spot_img
Дүйсенбі, Қазан 7, 2024
11.6 C
Kokshetau

Аризона университетінің ғалымдары Ақмола облысында білім беру ынтымақтастығының мүмкіндіктерін талқылады

Сондай-ақ...оқыңыз

Өткен сенбіде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Америка Құрама Штаттарының Аризона университетінің өкілдерімен кездесіп, екі тарап білім беру саласындағы аграрлық зерттеулер мен  ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды қолдану бойынша екіжақты пайдалы ынтымақтастық туралы әңгімелесті. Кездесуге тиісті басқармалардың басшылары мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалымдары қатысты.

136 жылдық тарихы бар Аризона университеті Америкадағы қоғамдық ғылыми-зерттеу жоғары оқу орны. Қазіргі уақытта аталмыш университет білім беру мен экономиканың түрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша 11 елмен ынтымақтасып жұмыс істеп жатыр екен.

Жалпы, бұл Аризона университеті өкілдерінің Ақмола облысына келіп отырған алғашқы сапары емес. Ағымдағы жылдың сәуір айындағы кездесуде тараптар Ақмола облысындағы қай бағытқа басымдық беріп, ғылыми  зерттеулер жүргізу маңызды екендігін талқылаған болатын. Енді Hallman & Affiliates компаниясының басқарушы директоры, адвокат, ҚР Құрметті Консулы Хью Холлманның айтуынша, Қазақстанға Аризона университетінің жетекші сарапшылары келіпті, олар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен азық-түлік өндірісін арттыруға бағытталған аграрлық ғылымдағы зерттеулерге маманданған екен. Ол өз сөзінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы дамыған әлемдегі алтыншы ел болуға  әлеуеті жететіндігін атап өтті.

Кездесу барысында Ақмола облысы Аризона университетінің ауыл шаруашылығы саласындағы табысты зерттеуші ғалымдарымен қарым-қатынасты орнатып, саланы дамыту үшін олардың көмегі қажет екендігі және оған аса қызығушылық танытып отырғандығы айтылды. Өңір басшысы аризоналықтардың бұл сапары тек Ақмола облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын ынтымақтастықты бастайтынын атап өтті.

– Ақмола облысы индустриалды-аграрлық өңір болғандықтан, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді, озық технологияларды енгізуге тырысады. Ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті болу үшін біз алға ұмтылып, жаңа сапалы өнімдер жасауымыз керек, бірақ ол ғылыми негізделген зерттеулерсіз және жаңа технологияларсыз нәтиже бере қоймайды. Сондықтан, ғылыми зерттеулердің маңызы жоғары, – деп атап өтті кездесуде Марат Ахметжанов.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылым және технологияларды коммерцияландыру департаментінің басшысы Марден Байдалин оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.  Нақты айтқанда, университет еліміздің Ғылым және жоғары білім, ауыл шаруашылығы министрліктерінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы шеңберінде ғылыми жобаларды іске асыратындығына тоқталды.

–Ауыл шаруашылығы саласында шабындықтар мен жайылымдардың өнімділігін арттыру тәсілдерін Солтүстік Қазақстанның алқапты аумақтарында пайдалану бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, сүтті мал шаруашылығының жемшөп базасын нығайту бойынша зерттеулер қолға алынған. Солтүстік Қазақстанның қара топырақты аймағында өсетін дәнді-дақылдарды минералды қоректендіруді оңтайландыру үшін өсімдіктердің жай-күйін жерүсті және қашықтықтан бағалаудың интеграцияланған әдістері әзірленуде. Көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптерді өсірудің органикалық технологиясы әзірленіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын экологиялық сынақтан өткізу және өсімдіктерді қорғайтын дәрі-дәрмектердің тиімділігіне тексерістер жүргізілуде. Ақмола облысының табиғи ресурстарын ұтымды басқару саласында биологиялық тыңайтқыш алу үшін органикалық қалдықтарды қайта өңдеу технологиясын әзірлеу бойынша зерттеулер ұйымдастырылуда, –деді Марден Байдалин.

Биыл Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде АҚШ, Италия, Сербия, Чехия және Болгария секілді елдерден келген он шақты ғалым бір жобаны жүзеге асырып жатқан көрінеді.

Екі тарап өз ұсыныстары мен мақсаттарын айтып болған соң, сол күні Аризона университетінің өкілдері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жобаларының жетекшілерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, америкалық ғалымдар бұл күні облыс орталығындағы «Гормолзавод», «Еurasia Group», Бұланды ауданының «Бота-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде және Шортанды ауданының Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында болып, олардың жұмыс жүргізу барысын көрді.

Фото: Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

АҚМОЛАЛЫҚ ПЕДАГОГ БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Көкшетау қаласының №19 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Муханбетжанова Аксауле бастауыш сыныптарда математиканы оқыту ерекшеліктерін,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img