spot_img
Дүйсенбі, Қазан 7, 2024
11.6 C
Kokshetau

Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақталды

Сондай-ақ...оқыңыз

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай облыс орталығындағы Тутұғыр алаңында ұйымдастырылған  патриоттық акцияға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, сөз сөйледі. Ел дамуы мен рухани құндылықтарды нығайтуға атсалысып жүрген бір топ азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері осыдан 32 жыл бұрын 4 маусымда бекітілді. Бұл қасиетті де киелі нышандарымыз  ел егемендігінің берік негіздері. Туған жерге, елге деген құрмет мемлекеттік рәміздерімізді қорламай, мазақ етпей, құрметтеу мен  ардақтаудан басталады. Көк Туымызды көк аспанда желбіретіп, асқақ үнді Әнұранымыздың шырқалуымен басталған патриоттық акцияға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Облыс орталығындағы арнаулы орта білім беру ұйымдарында оқып жүрген жастар еліміздің көк байрағын қолдарына ұстап, Әнұранды қосыла шырқады. Бұл ұйымдастырушылардың тарапынан патриоттық тәрбиеге баулудың, туған елдің  мемлекеттік нышандарын ардақтауға жол көрсетудің бір жолы деп түсінеміз.

–Қасиетті нышандарымызда қазақ халқының мыңдаған жылдар бойғы арман-тілегі, мақсат-мұраты тоғысқан. Мемлекеттік рәміздеріміз халқымыз үшін қашан да елдік пен ерліктің символы саналады. Көк түріктер заманында бабаларымыз Бөрілі Байрақтың төңірегіне топтасса, қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз…» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде деп нышандарымызға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Осы ретте, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөнінде халықпен, әсіресе жастармен жан-жанты жұмыс жүргізуіміз керек. Мемлекеттік рәміздерімізді мазақ етіп, қорлауға ешқашан жол бермейміз. Бүгінгі салтанатты шараның тәрбиелігі өте зор деп ойлаймын. Қазақ елінің көгінде ұлы даланың айбынын асырған тәуелсіздік туы желбірей берсін, –дей келе өңір басшысы жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтады.

Патриоттық акция барысында облыс әкімі қазақстандық патриотизм мен халықтар бірлігіне, еліміздің дамуы мен рухани құндылықтарымызды нығайтуға қосқан үлестері үшін бір топ азаматтарды Алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасы Қызыл ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының  төрағасы Асхат Уайысов, Ақмола облысы бойынша сот әкімшілігі департаменті қаржы бөлімінің бас маманы Гүлмира Оразбаева, Ақмола облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Мақсат Сұрағанов, шаңғы жарысы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Анна Мельник, С.Сәдуақасов атындағы агротехникалық институты директорының ғылыми және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Ақанова, ҚР шаңғы жарысы бойынша жастар құрамасының мүшесі, 2024 жылы Кореяда өткен жасөспірімдер олимпиадасына шаңғы жарысы бойынша қатысқан, жылдың үздік спортшысы Әубәкір Тотанов  және тағы басқаралары бар.

Салтанатты шара соңы әсем әнмен жалғасты.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

АҚМОЛАЛЫҚ ПЕДАГОГ БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА МАТЕМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Көкшетау қаласының №19 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Муханбетжанова Аксауле бастауыш сыныптарда математиканы оқыту ерекшеліктерін,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img