spot_img
Сәрсенбі, Желтоқсан 11, 2024
-8.7 C
Kokshetau

Қызыл су Көкшетау қаласы тұрғындарын таң ата әлекке салды

Сондай-ақ...оқыңыз

Күн жылынып, қарғын сулар еліміздің бірқатар облыстарының тұрғындарын қыспаққа алуда. Су басу қаупі жоғары облыстардың ішінде біздің Ақмола облысы да бар болатын. Ақыры осы болжам дәл келіп, қар суларының жиналып, өзендердің арнасын толтырып, жағалауға шығу жағдайы Көкшетау қаласында да орын алды.

Мәселен, ағымдағы жылдың 28 наурызында Көкшетау қаласының вокзал маңы арқылы өтетін Қылшақты өзені дала суларының жиналуына байланысты арнасынан тасыды, аумақтағы көпір мен жолды қызыл су шайып, сол аралықтағы жеке үйлерге жетті. Сөйтіп, бір түннің ішінде 8 жеке тұрғын үй, 28 жеке үйлердің ауласы мен 7 көпқабатты тұрғын үй су құрсауында  қалды. Тұрғындар ұйқыдан оянып, осындай келеңсіз жағдайға тап боларын ойламаған да едік деп бәйек болды. Таңның атысымен үйлеріне қызыл су кірген тұрғындар тұрмыстық техникалары мен жиһаздарының жарамсыз болып қалғанын айтып, шағымдануда. Бұл шағын аудан қаланың су басу қаупі ең жоғары аймақта орналасқан.

–Түнде өзен суының деңгейі күрт толып кетті. Одан бөлек қатқан мұздар кедергі жасап, көпір астындағы су өткізу қондырғыларының күші жетпей, су арнасынан шықты. Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғаныс қызметінің қызметкерлері жұмылдырылып, Абай көшесінің бойындағы көпірден бастап, Қопа көліне дейінгі аралықта өзен мұздарын жару жұмыстарын жүргізді, – деді оқиға орнында Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Максим Шатковский.

Қала әкімдігіндегілер тұрғындарға қолдан келген көмекті көрсетеміз, арнайы қауырт желі іске қосылып, тұрғындардан арыз-шағымдар қабылдануда деді БАҚ өкілдеріне.

Кешеден бері Сандықтау ауданында іссапармен жүрген облыс әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығына келісімен вокзал маңындағы жағдайды өз көзімен көру үшін барды. Таңдағы жағдаймен салыстырғанда бұл кезде су деңгейі түскен. Өңір басшысына топан су басқан аймақта есеп берген қала әкімі Бауыржан Ғайса:

–Кеше түнде даладағы еріген қар суларының көбеюіне байланысты өзенде су күрт көтерілді. Таңғы 7-ден бастап, біз арнайы техникаларды жібердік. 15 шақты техника өзендегі мұздарды шығарды. Сонымен қатар, Қылшақты өзенінің қосымша арналары тазартылды. Жапа шеккен тұрғындардың материалдық шығындарын есептеу бойынша комиссия қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Арызданушылардың мекен-жайларын жазып, су басқан 8 жеке үй бойынша актілер жасалуда, –деді.

Кешкісін су басқан аумақта қауіп азайды. Су басу учаскелерінде ұйымдастырылған полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың кезекшілігі әлі де жалғасуда.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне жүгінсек, жағалау бойын нығайту жұмыстары жүргізіліп, 150 метр аралыққа 280 тонна инертті материал төселген, 110 метрді қамтитын арналар мен арықтар кеңейтіліп, тереңдетілген. 1 мың текше метрден астам еріген су сорылған.

–Қызыл суды тоқтатуға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 59 адам, 4 техника, 9 мотопомпа, азаматтық қорғау академиясынан – 63 адам, 2 техника, полиция департаментінен  – 7 адам және 7 техника, жергілікті атқарушы органдарынан – 126 адам, 64 техника, 10 мотопомпа жұмылдырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, –дейді аталмыш департаменттің баспасөз хатшысы Ерсайын Қойшыбаев

–Орталық арық менің үйімнің жанынан өтеді. Соңғы 16 жылда осы маңдағы 20-30 шақты үй суға кетуде. Арықтарды қалпына келтіру жұмыстары бойынша есігін қағып бармаған мекеме қалмады.  Осыдан екі жыл бұрын жергілікті әкімдік арықты қалпына келтіру жоспары бар екенін айтып, оны жаңартуға қаржы бөлдік деп еді, бірақ, баяғы жартас сол жартас күйі қалып отыр, –дейді Жанат Қожаев есімді қала тұрғыны.

Қалымжан есімді қала тұрғыны Қылшақты өзенінің бойында орналасқан №100 көпқабатты үйде тұрады. Вокзал арқылы жүретін автобустардың қатынауы тоқтаған соң, жұмысқа асыққан адамдарды көлігімен тасып жүр екен. Біз де сол ағамыздың жақсылық шарапатына куә болдық.

–Өзеннің аумағы жыл сайын тасиды. Тіпті, осыдан 4-5 жыл бұрын біздің үйдің де жертөлесіне қызыл су кіріп, ауладан шыға алмайтын жағдайға жеткен едік. Үйдің жанындағы №12 мектеп те сол жылы суда қалған болатын. Сол сабақ болды ма, содан бері жылда осы маңда инертті материалдармен қаптар төселеді. Күн сайын түннің бір уағында тұрып, судың деңгейін қарап қоямын. Әзірге тынышпыз. Апат айтып келмейді ғой, –дейді ол.

Қазір Қылшақты өзенінің тасу қаупі азайды, дегенмен судың алдын алу жұмыстарын әлі де жалғастыруды тоқтатпаған абзал.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы аясында қорытынды кездесу өтті

​Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен әскери қызмет өткерген жастар мен әскери міндеттілерді жұмысқа орналастыруға бағытталған...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img