spot_img
Сенбі, Сәуір 27, 2024
17.2 C
Kokshetau

Наурыз – келісім мен татулықтың мерекесі

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының және этно-мәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесіп, оларды Ұлыстың ұлы мерекесімен құттықтады және ұлтаралық келісім мен татулықта аталған ұйымдардың ерекше орын алатынын  атап өтті.

Аймақ басшысы Марат Мұратұлы кездесуді бастамас бұрын  «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында орналасқан этно-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың кабинеттерін аралап, көріп, олардың төрағаларымен танысты. Кездесуге   Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы барлық этно-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова және БАҚ өкілдері қатысты.

–Наурыз мейрамы – табиғаттың жаңаратын, тіршіліктің бастауы болатын ұлық мереке. Бүкіл шығыс халықтарына ортақ осынау мейрамы біздің көпұлтты мемлекетіміздегі достық пен татулықты нығайта түсетін берекелі мереке. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Наурызнама» тұжырымдамасы қабылданып, Ұлыс күні қазіргі заман талабына сәйкестендіріліп, бұл мереке жаңаша қырынан танылып, өзгеше тойлануда, –деп кездесуді бастаған облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Құрылтайда сөйлеген сөзіне тоқталды және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының өңірдегі ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайту жолындағы берік көпір екенін атап өтті.

Одан әрі Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының атқарып отырған жұмысы туралы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев, облыстағы ақсақалдар кеңестерінің жұмыс барысы жайында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Ермек Нұғыманов баяндама жасады.

Алғашқы баяндамашының мәліметінше, облыста осы күні 46 этно-мәдени бірлестік тіркелген, олардың 19-ы аккредиттелген, 17-сінің кабинеттері «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында орналасып, өздерінің қызметін жүзеге асыруда. Сондай-ақ, 8 қоғамдық құрылым өз бағыттары бойынша жұмыс істеуде. Өңірлік ассамблея құрамы 124 мүшеден тұрса, республикалық Ассамблея құрамына облыстан 24 адам кіреді. Баяндамашы облыстық ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің іске асырып жатқан «Қазақтану», «Ел бірлігі» секілді бірнеше жобаларға тоқтала келе,  олардың өткізген іс-шараларын атап өтті. Этно-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері 2023 жылы аз қамтылған 2600-ден астам отбасына 160 миллион теңге сомасында қайырымдылық көмек қолын созыпты.

Бұдан кейін баяндама жасаған Ермек Нұғыманов облыстық Ардагерлер кеңесі мен ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің қызметтік функциялары ұқсас екендігін алға тартып, екеуін бір арнаға тоғыстыру, біріктіру туралы ұсынысын айтты.

–Алдағы уақытта этностар арасындағы достық пен бірлікті нығайту мақсатында ақпараттық имидждік жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруды, жобалардың мән-маңызын ашу үшін Интернет кеңістігін кеңінен пайдалануды, Ассамблея өкілдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігін арттыруды, әртүрлі этнос жастарын біріктіретін іс-шараларды жиі өткізуді тапсырамын, –деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Жиынға қатысқан «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамының төрағасы Марат Қойшин, «Ақмола облысындағы өзбек ұлттық мәдени орталығының» төрайымы Тожибуви Медетова, «Вайнах» ингуш-шешен этно-мәдени орталығының төрағасы Герихан Яндиев, мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау орталығының жетекшісі Милана Тарасова  да өз жұмыстары туралы мәлімет беріп, кейбір мәселелер бойынша ұсыныстарын алға тартты.

Кездесу соңы естелік фотосуретке түсуге ұласты

 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Шұғыл шара қолданып, 95 елді мекенді, олардағы 8 мың үйді су алудан сақтап қалдық», – Марат Ахметжанов

Жазушы, драматург, қоғам қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 25...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img