spot_img
Сенбі, Сәуір 27, 2024
17.2 C
Kokshetau

Көкшетауда 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті

Сондай-ақ...оқыңыз

«Әйелдердің мерекесі екен ғой!»

Бүгін (7 наурыз 2024 жыл) Көкшетауда 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын аса бір жылы шырайда өтті.
Қары қалың, бораны ұлыған, аязы қатты болған қыстан кейін Күннің көзі де жылы шуағын төгіп, қар көбесі де сөгіліп, көктемнің бір лебі ескендей еді.
Ең бастысы «Көкшетау» мәдениет сарайына салтанатқа жиналған ақ жаулықты әжелер мен аналардың, қырмызыдай жайнаған қыз-келіншектердің жанарларындағы қуаныш лебі мен бал-бұл жанған жүздері мына Әлемге нұр шашып тұрғандай…
Айналаң сұлулық…айналаң мейрім мен жылылық… айналаң гүл…
***********
Салтанатты шараның мінберіне Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы АХМЕТЖАНОВ көтерілді.
Бүгін далам,
күндегіден бөтен ғой!
Бүгін ғалам,
жылылыққа мекен ғой!
Бар сұлулық неге тұнып тұр десем,
Әйелдердің мерекесі екен ғой!,-деп әкім бірден Мұқағали ақынның осы бір жыр жолдарын әсерленіп жатқа айта жөнелгенде дүркірете қол соққан зал ішіндегі әжелеріміз бен аналарымыздың, қыз -келіншектердің көңілдері теңіздей таси жөнелгенін сезген едік!
Бұл Ана көңілдердің тасығаны еді… бұл Ана жүректердің қуанышы еді!..
«Әйелдердің мерекесі екен ғой!»,-деп әкім қуаныштан дүркіреп жатқан көрікті залға жымия бір қарады да, баяндамасын бастап кетті.
«Ананың жүрегіндей жылы да мейрімді мейрам баршамызға құтты болсын! Ұлы Даланы мекендеген біздің халқымыз қандай заман болса да, өзінің Анасына, өзінің жан-жарына, өзінің қыздарына деген сый мен құрметін қашан болсын биік ұстап келді.
Қыз баланың намысы мен арын тұтас ел мен ұлттың намысы мен абыройы деп білген халқымыз талай бір жаугершілік замандарда да әйел затының жанын да, ары мен намысын да қорғай білді,-дей келіп Марат Ахметжанов қазақстандық қоғамдағы әйелдердің рөліне жоғары берді.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Президенттік жастар кадр резервінің форумында сөйлеген сөзінде: «әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды.»-деген пікірін алға тартты.
Әкім ақмолалық әйелдердің еңбектері мен қызметтерін тереңінен саралап, кешегі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қыз-келіншектер майдан даласында да соғысты, тылда күні-түні бел жазбай еңбек еткендігін баса айтты.
Және де өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан және есімдері кеңінен танымал аналар мен апаларымызға ерекше ризашылығын білдірді. Олардың аттарын да атады.
Әйел – отбасының тірегі, олай болса – Әйел мемлекетіміздің де тірегі! Өзінің сөзін осылай түйіндей келе облыс әкімі Марат Ахметжанов қазір Ақмола облысы бойынша 17 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар екендігін және өңірде «Алтын Алқалы» және «Күміс Алқалы» 6 (алты) мыңнан астам Аналарымыз бар екендігін де аса бір құрметті раймен айтты!
Біздің аналарымыздың арасында тек бала өсіріп, тәрбиелеумен ғана емес, сонымен қатар еңбекте, қоғамдық жұмыста, бизнесте, құрылсы пен өндірісте, медицина мен білім беруде, журналистикада белсенді еңбек етіп, табысты болып, зор құрметке бөленіп жүргендерге зор ілтипат жасалды.
Әкім өзінің баянадамасының соңында ақын Жүрсін Ерманның:
Қай жерде,
мейлі қай елде,
Әлемнің мәні әйелде!
Мықты болсаң оныңды,
Әйелге барып дәлелде!,-деп жатқа айтып, әйел ананы тағы да бір асқақтатты!
***
Мерекелік салтанантқа Ақмола облысының барлық өңірлерінен келген қыз-келіншектерге гүл сыйланды. Айырықша ілтипатқа ие болған аналар, әйелдер мен қыздар да болды.
Салтанат соңында шырқалған ән мен мың бұралған әсем би расында да «Әйелдердің мерекесі екен ғой!» дегізді!
Жүрек қуанды, көңіл толқыды!


Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Шұғыл шара қолданып, 95 елді мекенді, олардағы 8 мың үйді су алудан сақтап қалдық», – Марат Ахметжанов

Жазушы, драматург, қоғам қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды: Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 25...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img