spot_img
Жексенбі, Мамыр 5, 2024
4.2 C
Kokshetau

Оқушыларға қолөнер арқылы табыс табудың жолын үйретуде

Сондай-ақ...оқыңыз

Аршалы ауданының Ж.Тәшенов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Алмагүл Бейсенбаева балаларды «ONLINE SHOP» жобасымен айналасуға бейімдеп келеді.

Қазіргі уақытты бәсекелестік пен жоғары технологиялардың, ғылым мен білімнің қарыштаған заманы десе болады. Әркім қолынан келген ісін дөңгелетіп, әрі қарай даму мен табысқа жетуді көздейді.  Аршалылық ұстаз Алмагүл Нәдірқызы шәкірттеріне адамның рухани өмірінде, күнделікті тіршілігінде, қарым-қатынасында көркемөнер мен әсемдік, талғампаздық елеулі рөл атқаратындығын түсінідіріп қана қоймай, үйретіп келеді. Ол қолданбалы өнермен айналысу арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, оларға қажетті техникалық білім беріп, еңбек, білік дағдыларын жетілдіруде. Белгілі бір кәсіпке, мамандық таңдауға психологиялық және практикалық дайындық жасау мақсатында ол жоғарыда аталған білім ордасында «ONLINE SHOP» жобасын қолға алған. Оқушылардың қолынан шыққан бұйымдарын @koloner_arshaly инстаграм парақшасында жариялап, сатылымға қояды.

–Сатылған бұйым бағасының 50 пайызы оқушыға беріледі, 1 пайызы қайырымдылыққа, қалғаны жұмыс жасауға қажетті заттар алуға жұмсалады. Бұл жоба оқушыларға өзін-өзі кәсіби дамытуы үшін қолайлы білім беру кеңістігін жасауға мүмкіндік береді, –дейді Алмагүл Нәдірқызы.

Қазіргі таңда оқушылар жоба нәтижесінде «Дизайнер», «Кәсіптік білім беру», тағы басқа да мамандықтар бойынша білім алуда. Оқушылардың күннен-күнге қызығушылықтары артып, жобаға қатысушылар саны да көбеюде. Мысалы, 7 сынып оқушысы Әсел Мұхамедиярованың шеберлігі шыңдалып, моншақтан түрлі сәнді сөмкелер жасап, өзі жеке инстаграм парақшасында онлайн дүкенін ашып алды. Ұстаз өзінің осындай шығармашыл, шебер шәкірттерімен бірлесіп, аудандық, облыстық, ресбуликалық көрме-семинарларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі деңгейдегі жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол осы тәжірибесінің жаңалығы мен шығармашылық ізденісі үшін «Үздік кәсіби бағдаршы» атанды.

Жұмысына бейжай қарамайтын педагогтың республикалық ауқымдағы іс-шаралардағы үздік педагогикалық тәжірибесі үшін көптеген дипломдары мен Алғыс хаттары бар. Ата-аналарды педагогикалық сүйемелдеу бойынша жұмыс аясында 2023 жылдың қараша айында Фариза Оңғарсынова атындағы елордалық мектеп-гимназиясында «Бұлақ көрсең, көзін аш» ашық есік күні ұйымдастырылып, онда Алмагүл Нәдірқызы моншақтардан бұйымдар тоқу бойынша шеберлік сабағын өткізді.

–Біздің басты міндетіміз – жаңа заман ғылымын меңгерген, мәдени дүниетанымы мен көзқарасы қалыптасқан, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу. Бүгінде жастарға сапалы білім берумен қатар, еңбекке баулу, кәсіпке үйрету аса қажет. Экономика дамып келе жатқан қазіргі қоғамға еңбекке тез бейімделетін, өзіндік білім алуға құштар, осы тұрғыда өзін-өзі тәрбиелей алатын, өзін-өзі дамытуға әзір, белсенді, шығармашыл жастарды тәрбиелеп шығаруымыз керек. Сонымен бірге, біз бұйым жасау мен оны іске асыруды үйретіп қана қоймай, көркем қолөнердің түпкі тарихына үңіліп, оқушы бойына ұлтымыздың ізгі қасиеттерін сіңірудеміз, жеке тұлға қалыптастыруда қолөнер жобасының маңызы зор екендігін түсіндіреміз, – дейді біздің кейіпкеріміз сөз арасында.

Иә, бүгінгі күннің шәкірті өз жұмысына берілген ұстаздардың осындай құлшыныстарымен жетіліп, биіктерден көрінбек.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғындары электр энергиясының алыуында үнемдейді

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті елорда маңындағы Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылы,...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img