spot_img
Жұма, Сәуір 26, 2024
4.2 C
Kokshetau

Мағжан Жұмабаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл

Сондай-ақ...оқыңыз

Алаштың зиялысы – Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы жайлы Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Торкалы Болатұлы Бектұрсынов баяндайды.

Алаш қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, артына өшпес мәңгілік мұра қалдырған қаламгер, жиырмасыншы ғасырдың басында әдебиет көгінде жарқырай  жанған  жұлдыздарымыздың бірі Жұмабаев Мағжан Бекенұлының биыл дүниеге келгеніне 130 жыл толып отыр.

Мағжан – өз жерін де, өз тегін де  мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, асыл маржанға теңелген сұлу лирикалық жырларымен  оқырманын еліткен халқының  дара перзенті, сыршыл да өршіл маржан  жырларының құдіреті арқылы өзінің бүкіл болмысы мен поэзиясының ерекшелгін танытып, құбылмалы өмір күйінен өз әуезін таба білген, қашанда  тек ұлтының керегін іздеп, мұңы мен зарын жоқтауға, қуанышын көркейтуге, жаманын жасырмай, жақсысын асырмай жырлауға берік бекінген және де ұлт өмірінде үлкен рөл атқарған шағармашылығынан туған халқының тынысы мен  қатар, тұтас кезең бейнесі көрініс тапқан  көрнекті  ақын болған.

Мағжан Жумабаев ақындығымен қоса, қазақтың бірлігі мен Алаштың азаматтығы үшін күрескен танымал тұлға. Оның  күрескерлік өмірі мен шығармашылығы  кеңес кезінде кісенде болды.

Сол зұлмат замандарда ақынның өлеңдерін бастыру, оқу, тоқырай заманында мүмкін болмады. Енді жарты ғасырдан аса уақыт өткенде ғана, аты аңызға айналған ақынның шығармалары халқына қайта оралды. Дүлей қара күшті ақыл-парасатты ауыздықтап, шідерлегенін, ата-баба жолын ұмыттырып, тексіздікке сүйрегенін кешегі тарихтан білеміз.

Бүгіндері өткендегі орасан қателерді жөндеп, рухани байлықты халықтың өз иелігіне қайтаруға мүмкіндік туып отыр.

Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Жұмабаев Мағжан Бекенұлы  1893 жылы 25 маусымда қазіргі Бейнетқор ауданында (бұрынғы Сары айғыр болысы, Ақмола облысы, Қызылжар уезі) дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан. Мағжанның өз əкесі Бекен деген адам (1867 жылы туған). Жұмабай Бекеннің əкесі (1827 жылы туған). Жұмабайдың əкесі Шонай. Оның əкесі Өтеген, оның əкесі Өтеміс.

Қазір Өтеміс деген арғынның Атығай деген танабының бір руы. Төрт жасында ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады, ал 1905 жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавл) медресеге оқуға түседі, бұл медреседе араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген, Стамбулда оқып, дәріс алған, ауқатты әулеттен шыққан жергілікті интеллигент Мұхамеджан Бегішев ашқан. Ол өзі Шығыс халықтарының тарихы жөнінде де сабақ берген. Мағжан Жұмабаев бұл медресені 1910 жылы жақсы үлгеріммен бітіреді.

1910 – 1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды.  Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады. Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды.

1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. “Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. “Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.

1918 – 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Мағжан Жұмабаев көпшілік қауым мойындаған, қалыптасқан ақын болып танылады оның жырлары қазақ даласын шарлап кетеді. «Жан сөзі» атты атақты өлеңінде ақын өзінің «Медресе – Ғалиядан» кетуіне үзілді-кесілді қарсы болған әкесі Бекенмен арадағы салқындықты және жергілікті дау-шарға қатысқысы келмеген жайын, өзінің сол тұстағы қауымға наразылығын зарлай жырлайды. 1919 жылы ақын екі бірдей қасіретке душар болады; тағдыр қосқан қосағы толғақ үстінен қайтыс болса, азамат соғысы уақытысына орай есімін Граждан қойған перзенті бір жылдан соң ол да үзіледі.

Осының бәрі ақын жүрегіне зіл батпан ауыртпалық түсіріп, із қалдырады. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңі осы сәтте туған.

1919 – 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.

1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады. 1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды. Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды. Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында Сәбит Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды. Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Мағжан қатаң сынға алынды.

Ақын 1927 – 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады. 1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады.

1937 жылы наурызда Мағжан Бекенұлы Алматы қаласына келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

Мағжан, Алаш қайраткері. Рухты жырларымен  халықты  жігерлендіріп, елді  татулыққа шақырды. Бірақ  солақай саясаттың  құрбаны болды.

Мағжан Жұмабаевтың мол мұрасы Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында  ғана жұртшылыққа жария етілді.

Мағжан Жұмабаев ешқандай басшылық қызметтер атқармаған. Сырт бейнесі  өте сұлу, келбетті  адам болған екен.  Сәбит Мұқанов ол туралы:  «Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді,  қалтқысыз жан еді… » деп жазады. Сондай-ақ аумалы-төкпелі заманда өзіне қара күйе жаққан жандарға ақынның жаман сөз айтпауы да оның бойында адамшлық қасиеттің биік болғандығын көрсетеді.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Мемлекет басшысы: біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы

  «Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img