Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледж базасында жастар кәсіпкерлігін дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінде аймақтық бизнес инкубаторы жобасы аясында 4 студенттің жобасы мақұлданып, өз ісін жалғастыруда,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Колледж жетекшінің кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Нартай Ибраевтың айтуынша, бизнес инкубаторы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі.
Колледжге кәсіпкерлік пәні 2013 жылдан бастап оқытыла бастады. Өткен жылы аймақтық бизнес инкубаторы ашылды. Бұл жоба аясында колледждің жоғарғы курстарында оқитын 4 студенттің жобасы мақұлданып, әрқайсысы 550 мың теңгеден «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алды.Бүгінде олар колледждің басқа да студенттеріне кәсіпкерліктің қыр сырын үйретуде,-дейді Нартай Ибраев.
Колледж студенттері Саурбаев Руслан «автомобильдердің мобильді диагностикасы»,
Иванов Дмитрий – «дәнекерлеу цехі», Жылқайдар Жасулан – «гүл сату», Исин Абылай – «SMM маркетинг» бойынша жобаларын сәтті қорғап, қаржылай қолдауға қол жеткізді.
Колледж директорының орынбасарының айтуынша, кәсіпкерлік пән негізінде білім алған студенттер өңірлік кәсіпкерлер палатасында өз жобаларын қорғайды. Онда үздік жобалар іріктеліп, қаржыландыру мәселесі қаралады.
Еске сала кетсек, аталмыш жобаға Көкшетау қаласының 10 колледжі (Красный – Яр ауылын қоса алғанда) және аудан орталықтарының 5 колледжінің студенттері қатысады.
Негізгі мақсаты – өз ісін ашқысы келетін бітіруші студенттердің бизнес идеяларын қолдау.
Жоба аясында мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыруды ала отырып, практикалық тәжірибесі бар сертификатталған Бизнес-тренерлер шақыртылады.
Сонымен қатар, Инкубатор командасына жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізуге қолдау жасалады.