Tengri Bank тің лицензиясынан айырылуына байланысты барлық салымшылардың салған қаражаты кері қайтарылатын болды, деп хабарлайды «Aqmola News» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасының 2020 жылғы 17 қыркүйектегі № 80 қаулысына сәйкес «Tengri Bank» АҚ-не барлық банктік операцияларды жүргізуге берген лицензиядан айыру туралы шешім қабылданды.
Барлық депозиттік салымшыларға салған қаражаттары кері қайтарылмақ.
Өтемақы ұлттық валютада төленетін болады және оның сомасы:
– теңгедегі жинақ салымдары (депозиттер) бойынша 15 млн теңгеден;
– ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 млн теңгеден;
– шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден аспауға тиіс.
Салымшыда түрі мен валютасы бойынша әртүрлі бірнеше кепілдік берілген депозиттер болған жағдайда, олар бойынша 15 млн теңгеге дейін жиынтық кепілдік берілген өтемақы төленеді.
Салымшының шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКҚ банкті лицензиядан айыру күніндегі нарықтық бағам бойынша өтемақы төлейді. Депозиттер бойынша кепілдік берілетін өтемақы сомасынан асатын қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейтін болады, ол таратылатын банктің кредиторлары тізілімінің талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тағайындалады.
ҚДКҚ қаражатынан өтеуге төмендегі банк клиенттерінің құқығы бар:
– жеке тұлғалар;
– дара кәсіпкерлер.
Банк салымшыларының, жеке тұлғаларының 99%-ының депозиттері толық көлемде ҚДКҚ-ның кепілдігімен өтеледі.
Агенттік Төрағасының 2020 жылғы 17 қыркүйектегі бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік өз қызметін уәкілетті орган банктің тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жүзеге асырады. Уақытша әкімшіліктің құрамына Агенттіктің және ҚДКҚ-ның өкілдері кірді. Уақытша әкімшілік банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, активтерді анықтау, банктің активтеріне, міндеттемелеріне және құжаттарына түгендеу жүргізу үшін тағайындалды. Уақытша әкімшілік өз қызметінің кезеңінде активтер мен міндеттемелерді бірмезгілде басқа банкке беру мүмкіндігін бағалайды.
Банкті күтіп-ұстауға арналған шығыс операцияларын, банкке түскен ақшаны есепке алуды, сондай-ақ ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңнамалық шектеулерге байланысты клиенттердің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларына (оның ішінде ағымдағы және депозиттік шоттар бойынша кассалық және аударым операцияларына) тыйым салынды. Уақытша әкімшілік сонымен қатар бұрын берілген кредиттер бойынша қарыз алушылардың ақшаны қайтаруын бақылайды. Қарыз алушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау кезінде уақытша әкімшілік жазбаша өтініш бойынша кепіл берушіге қарыз бойынша қамтамасыз ету ретінде болатын мүлікті (ақшаны қоспағанда) қайтару мәселесін қарайды.
Тараптардың келісімі бойынша банктің қаржылық жағдайын нашарлатпайтын өзгерістер енгізуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасының талаптарына сәйкес банкпен бұрын жасасқан шарттардың талаптарын өзгертуге тыйым салынады.
Заңда белгіленген барлық рәсімдер жүргізілгеннен кейін Tengri Bank-тің клиенттеріне өтемақы төлеу басқа банктерде ашылған банктік шоттарға есептеу жолымен немесе агент-банк арқылы қолма-қол ақшаны алу жолымен 2020 жылғы қазанның бірінші жартысында басталады деп күтіледі.
Туындаған барлық мәселе бойынша Tengri Bank-тің уақытша әкімшілігіне мына телефон бойынша жүгінуге болады: +7 (727) 244-34-34; 3434.