2020 жылы аудандағы «Мәдениет» қазақ-орыс мектебі, «Жыланды» қазақ негізгі мектебі, «Лесной» орта мектебі, «Приозерное» орта мектебі, «Новорамановка» негізгі мектебі, «Новоникольск» орта мектептері қалыпқа келтіріледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 100 миллион 800 мың теңге қаражат бөлінген. Бұл туралы аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың БАҚ өкілдерімен кездесу жиынында белгілі болды,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Бүгінде аудан аумағында 27 мектепте 2544 оқушы, мектеп алды даярлық класында 266 бала білім алып жатыр.
Өткен жыл қорытындысына зер салсақ, ауданның 4 мектебінің жылу қазандықтары ауыстырылып, 8 көмір сақтайтын орын салынған. «Белгородское» орта мектебінің жылу жүйесі ауыстырылып, «Широковской» орта мектебінің 2152 шаршы метр болатын төбесі профлистпен қапталған. Бұл жұмыстардың іске асуына «Жер», «Белгородское» ЖШС қаржылай көмек көрсеткен.
Сонымен қатар «Каменка» және «Краснополянское» орта мектептерін жөндеуге аудан қаражатынан 4 миллион теңгенің жобалық- сметалық құжаттары әзірленген.
– «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан ауруханасына ағымдағы жылы толық қайта жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыс үшін 536 миллион 991 теңге қаражат бөлінді,-дейді аудан әкімі Асқарбек Съезбекұлы.