Пандемия індетімен күрес – бұқаралық серпін ала түсті. Мемлекеттің қана емес, қарапайым адамдардың қайырымдылық қаражатына да медициналық керек-жарақтар сатылып алынуда. Науан хазірет мешіті алдында өткен қайырымдылық акциясы кезінде «Шұғыла» қоғамдық қоры арқылы әкелінген 120 оттегімен демалдыру қондырғысын облыстың барлық өңірлердегі ауруханаларына тапсыру рәсімі өтті, – деп хабарлайды «Aqmola News» Науан Хазірет» атындағы облыстық мешіттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жолы аудандар мен қалалар имамдары еріктілер қызметін атқарып, әрқайсысы өз өңірлеріндегі ауруханаларға медициналық қондырғыны арнайы табыс ету үшін жолға шықты.
Облыс имамы Қуаныш Сәбит коронавирус індеті басталғалы қаншама қайырымдылық шаралардың жүзеге асқанын айта келе, бір ғана жоғарыдағы қордың есебінен барлығы 163 осындай демалдыру қондырғысы емдеу мекемелеріне берілгенін атап көрсетті.
Алда басына іс түсіп, дертке шалдыққан жандарды арашалап қалу мақсатында мұндай қолдау көмектер жандана түседі деді.
-Мешіт – құлшылық орны ғана емес, ізгіліктің де ошағы екен. Хабар-ошарлардан асыл дініміздің маңайында жүрген азаматтардың көп қайырымдылық жасап жатқанын естіп, қуанып қаламыз. Исламның мейірімділік діні екенін осыдан да аңғаруға болады,-дейді қайырымдылық акциясына куә болған қала тұрғыны Берік Жанайдарұлы.
Ізгілік пен мейірімділік бар жерде, жақсылықтың да шуағы шашылады. Адамдар арасында бауырмалдық осылай тамыр жайса, қандай індет болсын, оның бетін бері қарата аламыз. Сол күнімізге жетуге нәсіп етсін!