Жарқайың ауданында жергілікті ауыл шаруашылық тауар өндірушілері емдеу мекемелеріне қажетті азық-түліктер жеткізуде.. Кәсіпкерлер емдеу мекемелеріне жасалған көмек қауіпті індеттің бетін қайтарып, науқастардың санын азайтуға ықпал ететініне сенімді, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Темп» шаруа қожалығының басшысы Зейнолла Мырзахметов аудандағы провизорлық стационарға 5 қойдың еті мен көп мөлшерде көкөністер жеткізіп берді.
Әрине, індетпен алысып халықтың денсаулығы үшін жандарын шүберекке түйген дәрігерлеріміз бен медициналық қызметкерлердің еңбегі өлшеусіз. Жерлестері тарапынан жасалған көмек дәрігерлерімізге күш-қуат береді деген сенімдеміз. Қазіргі таңда індет барша қоғамның бірігіп өзара күш біріктіруін қажет етеді, – дейді Зейнолла Мырзахметов.
Державинск қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сағынтай Сұлтанов та елдегі күрделі кезеңде қалыс қалмай көмек көрсеткенді жөн санапты. Кәсіпкер Ол ауданда провизорлық стационардың ашылған күнінен бастап, тәулік бойы жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпкер азық-түлік өнімдерімен қатар, көкөністер мен жеміс-жидектер, сондай-ақ таза ауыз суды жеткізуді де мойнына алған.
Сонымен қатар алғашқылардың бірі қол ұшын созған кәсіпкер Игорь Пугачев Сағынтай Сұлтановпен бірге провизорлық стационарға пульсоксиметр алу үшін қаржылай көмек көрсеткен. Аталған аппараттар Нұр-Сұлтан қаласынан сатып алынып, аудандық провизорлық стационарға жеткізілмек.
Бүгін тағы кәсіпкерлер Сағынтай Сұлтанов пен Сергей Лобастов бірлесіп провизорлық стационарға 50 мың теңгеге аристон сатып алып берді.