Ақмоладан Елордаға жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдері бас қаладағы «Метро», «Астықжан», «Магнум», «Рамстор» және «Еуразия», «Әлем», «Шапағат» тәрізді 44 ірі сауда орындарының сөрелерінде сатылуда,- деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сілтеме жасап.
Ақмолалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпорындар жыл басынан бері 14 мың тонна ет және ет өнімдерін жеткізген. Бұл туралы Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев мәлімдеді.
Елордалықтарға ақмолалық тауар өндірушілердің өнімін тікелей жеткізуді «AQMOL» фирмалық дүкендер желісі қамтамасыз етеді.
Күн сайын облыстың кәсіпорындары 80 тонна ет пен ет өнімдерін, 200 тонна сүт өнімдерін, 700 мың дана жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізеді, – дейді Димаш Таласбаев.
Басқарманың мәліметінше, өткен жылы Елорда дүкендерінің сөрелерінде жалпы құны 495 миллион теңге болатын 290 тоннадан астам азық-түлік өнімі сатылды. Осының нәтижесінде елорда тұрғындары нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан азық-түлікті сатып алу мүмкіндігіне ие болған.
Үкімет бекіткен елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша Жол картасы шеңберінде 2021 жылға дейін 4 900 басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасын ашу жоспарланған. Сондай-ақ, тамшылатып суару жерлерінің көлемін 18 мың гектарға жеткізу мәселесі де назарда. Облыстағы ет өндіруші ірі кәсіпорын «KazBeef» компаниясы Метр желісімен ет жеткізіп беріп тұру бойынша ұзақ уақытқа келісім-шартқа тұрды. Осының аясында жыл сайын премиум класты 5 мың тонна сиыр етін жетікіп тұрады. Облыста бірінші кезекте Макинск құс фабрикасы іске қосылды. Өткен жылы кәсіпорында 25 тонна суытылған тауық еті өндірілді. Кәсіпорынның басты тұтынушысы Нұр-Сұлтан қаласы. Кәсіпорын келешекте өндіріс қуатын 100 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр, – деп толықтырды Димаш Таласбаев.
Ақмола облысы елорданың сүтке деген сұранысының 34 пайызын жабады. Биылғы алты айда астанаға 64 мың тонна сүт өнімдері жеткізілді. Оның ішінде «Родина агрофирмасы», «МилкПроджект» серіктестіктері және «Астана өнім» акционерлік қоғамы күн сайын 100 тоннаға дейін сүт өнімдерін тасымалдайды. Өңірде ұн тарту және жұмыртқа шығару өнеркәсібі дұрыс жолға қойылған. Сондықтан, облыс елорда тұрғындарының ұн мен жұмыртқаға деген сұранысын толық жаба алады.
Жыл басынан бері «Қазгер құс», «Ижевский» өндірістік кооперативі» «Үш бұлақ», «Агроинвест 2015» тәрізді серіктестер 137 миллон дана жұмыртқа жеткізіп, астаналықтардың жұмыртқаға деген сұранысының 94 пайызын жапты.
Бұдан бөлек, өткен жылы ақмолалық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 102 мың тоннадан астам картоп (сұраныстың 92 пайызы), 30,3 мың тоннадан астам көкөніс (сұраныстың 30 пайызы) жеткізді.
Жалпы, Ақмола облысының ауыл шаруашылығы туараларын өндірушілер биылғы жылдың қорытындысы бойынша елордаға барлығы 100 мың тоннадан астам картоп, 30 тоннадан астам көкөніс жеткізуді жоспарлап отыр.