1 маусымнан бастап Ақмола облысында ресми түрде шомылу маусымы басталады. Өңірдегі 754 су айдынында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген жұмыс режиміне көшуде. Бұл туралы брифинг барысында Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Аслан Нұрқанов мәлімдеді.
Биылғы маусымда төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін 102 құтқарушы, 19 бірлік техника және 32 жүзу құралы тұрақты дайындыққа келтірілген. Мамандар қажетті сүңгуір жабдықтарымен толық жарақтандырылған.
Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Аслан Нұрқановтың айтуынша, қауіпсіздік мәселесінде ең алдымен балалардың қорғалуына ерекше мән беріледі:
«Оқу жылының аяқталуымен балалар су жағасында жиі болады. Сондықтан біз тек техникалық дайындықпен шектелмей, алдын алу шараларына баса назар аударамыз. Биылдың өзінде 9 мыңнан астам оқушыны қамтитын 385 интерактивті сабақ өткізілді. Біздің мақсатымыз — әрбір баланың су ішіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру», — деп атап өтті басқарма басшысы.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста су айдындарында 10 қайғылы жағдай тіркелген, оның ішінде 3 жағдай балалардың қатысуымен болған.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бері су айдындарында адам өлімі тіркелген жоқ. Бұл көрсеткішті сақтап қалу үшін биыл су жағалауларына қойылатын тыйым салу белгілерінің саны екі есеге артпақ (өткен жылы 200 белгі орнатылған).
Полиция департаментімен бірлесіп өткізілген 2 000-ға жуық рейдтің нәтижесінде 131 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Щучинск қаласы мен Қызыл жар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде 300 балаға жүзуді үйрету бойынша арнайы сабақтар ұйымдастырылды.
«Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары! Қауіпсіздік ережелерін сақтау — сіздің және жақындарыңыздың өміріне кепіл. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және тек ресми рұқсат етілген шомылу орындарын таңдаңыздар. Су қателікті кешірмейді», — дейді подполковник.
Шомылу маусымы кезінде Департамент мамандары рейдік шаралар мен түсіндіру жұмыстарын күнделікті негізде жалғастыра беретін болады.



